Аудан тарихы

Аудан тарихы

Ақ иық Алатаудан бастау алатын Шу өзенінің қос қанаты ежелден-ақ жергілікті жұрттың құтты қонысы болған. Ғылыми деректерге сүйенсек, біздің жыл санауымыздан бұрын Шу өңірінде Сақ аталған елдің бір бұтағы өмір сүрген. Олар да егін егіп, мал бағып  шаруашылық құрған. Алтайдан Қара теңізге дейінгі алып кеңістікті игеріп, соңында «аң стильді» мәдениет қалдырған сақтардың Арал теңізінің шығыс жақ бетіндегі бөлігі шаруашылық құру, салт – дәстүр тұрғысынан біздің арғы тегіміз екендігі даусыз.

Жыл санауымыздың бас кезінде сақтардың орнын  Қаңлы және Үйсін тайпалық одақтары басты. Олардан қалған қорғандардың жұрнақтары әлі бар. Бесінші ғасырдың орта тұсында Шу өңірі Түрік қағанатының құрамына кіреді. Осы кезде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шу өңірінде де қалалық мәдениет бой көтереді. Ел мал шаруашылығымен бірге отырықшылдық кәсіпті де игереді. Орта ғасырда өмір сүрген арабтардың ұлы географтарының бірі әл-Максиди өзінің бір еңбегінде Шу өзенінің қапталына орналасқан Баласағұн қаласы жөнінде көп мағлұмат береді. Басқа да атақты ғалымдар өз туындыларында  Шу өңірінің тарихы тереңнен сыр шертетіндігін атап айтқан, қадап жазған.

Елдің ең қымбаты – ата – мекені, туған жері. Қандай кезеңдерде болмасын ел мен жерді қорғау әрбір азаматтың негізгі міндеті, қасиетті борышы. Сондықтан да халық батырын сыйлаған, ерлікті ең биік құндылық санаған. Қазақ жеріне аса зор қауіп төндірген 16 – 18 ғасырлардағы жоңғар қалмақтарының шабуылы еді. Міне сол бір ел тағдыры таразыға түскен кезеңде ерен ерлігімен көзге түсіп, халық жадында қалған батырлар аз болмаған. Шу өңірінен шыққан сондай батырлардың бірі Ақша батыр (1688 – 1762). Ол қалың қабақты, қапсағай бойлы, қапталына қайыс шақ келмеген зіл салмақты адам болған. Садағын шіреніп тартқан кезде атының бауыры жер сызатын көрінеді. Хорасанның болатынан өрілген сауытын найзаның ұшы, садақ оғы сөге алмаған. Қалмақтар Ақша батырдың інісі Тілеуімбетті қапыда қолға түсіріп, «Ақ сауытыңды берсең ғана ініңді тұтқыннан босатамыз» – деп қолқа салады. Ақша батыр шұрайлы Шудың жерін қоныстануға әрекет жасаған қалмақтарды қырғынға ұшыратады…

Сондай-ақ Қозыүй (1599-1673), Танабай (1699-1785), Көтентай (1707-1769), Жәдігер (1709-1783) және тағы басқа да батырлар жайлы көкірегі ояу, көнекөз қарттар талай аңызға бергісіз ақиқаттарды айтып тауыса алмайтын. Кешегіні танып-білу – кемеңгерліктің белгісі десек, асыра айтқандық емес.

Түгін тартсаң майы шығатын құнарлы Шу өңіріне ХІХ ғасырдың бас кезінде-ақ Ресей патшасының өкілетті өкілдерінің көзі түскен. Бұған ақ патшаның 1867 жылғы жарық көрген «Уақытша ереже» деп аталатын Жарлығы айқын дәлел. Сол кездері Шу өзенінің сол қапталын мекендеген ел Сырдария губерниясының Әулие-Ата уезіне қарайтын. Негізінен Аша болысы билік құрған. Ал өзеннің оң қапталы Жетісу губерниясының Пішпек уезіне бағынған.

Жаңа қоныстанушылар жергілікті қазақ жұртына қырғидай тиген көрінеді. Ел басына қаралы күндер оралғанда Бөлтірік шешен, Орақбай, Бармақ, Сауытбек, Қылышбай, Жақсыбай, Жидебай атты арқалы ақындар, Дәутәлі, Байболат, Алтай, Мөңке, Байқалы, Тілеуқабыл, Саудабай сынды би-болыстар, Оразалы, Бұғыбай, Аманкелді, Жаужүрек, Секер, Биназар есімді белгілі батырлар халқына қалқан болып, туған жердің түтінін түзу түтетуге ұйытқы болған. Сондықтан Шу өңірі тұнған шежіре, қат-қат дерек, қилы-қилы аңыздарға толы десек, асыра айтқандық емес. Тарихшыларымыз  бен жазушыларымыз оған тереңірек ойлы көз жүгіртіп көрсе, әлі де талай құпиялы сырлардың ашылатындығы айдай анық.

Өңір тарихында кеше ғана көз алдымызда болып өткен кеңестік кезең тұсындағы өзгерістердің орны ерекше. Экономика, әлеуметтік қатынастар және мәдениет салаларындағы түбегейлі бетбұрыстар халық өмірінде терең із қалдырды. Заман сұранысына лайық жауап беру қамында жаңа тұлғалар мен есімдер өмірге келді.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75