Тұрғындар

Тұрғындар

Шу ауданы – облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлік. Мойынқұм, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарымен және Қырғызстан Республикасымен шекаралас жатыр. Аудан орталығы – Төле би ауылынан облыс орталығы – Тараз қаласына дейінгі қашықтық 265 км (шақырым).

 

Жер аумағы 12030,3 шаршы шақырым.

 

Халқының саны 98087 адам (2015). Оның қазақ – 71,3, орыс – 10,8, түрік – 5,9, әзірбайжан – 3,5, күрд – 3,3, ұйғыр – 1,1 пайызын құрайды. Бұлардан басқа да көптеген ұлт өкілдері бар.

 

Аудан аумағында 35 елді мекен бар. Бұлар 1 қалалық округке, 18 ауылдық, селолық округке біріктірілген.

 

Тұрғындары тығыз орналасқан елді мекендер: Шу қаласы бойынша 35002, ауылдардан: Төле биде – 20374, Қонаевта – 5928, Бірлікте – 3275, Көктөбеде – 2869, Белбасарда  – 3409, Балуан Шолақта – 1845 адам тұрады. Осылайша жалғаса береді.

Климаты тым континенттік, қысы біршама жұмсақ, жазы ыстық, аңызақты. Ауаның жылдық орташа температурасы  – 6-90 С, шілдеде – 24-250С. Кей күндері 35-40 градусқа жетеді.

 

Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 150-250 мм.

 

Аудан жерінен Шу өзені және оның алабындағы Ақсу, Тақтас, Қорағаты, Қайыңды, Сарғау, Майтас, Еспе, Шоқпар, Теректі, Ойранды, Шатыркөл, Үңгірлі өзендері ағады. Шу өзенінде ірі Тасөткел бөгені және Аспара, Ақсу, Новое, Тәтті, Шілік, Шөмішті атты шағын бөгендер салынған.

 

Аудан аймағында шағын көлдер де баршылық. Олар: Қаракөл, Бесқатын, Тоғызкөл, Сарықұдық, Шарқұдық, Жантақты,  Апанай, Қобы, Далаңқұдық, Тақыр, Қарақұдық, Алаботалы.

 

Аудан жерінің басым көбісі сұр, сортаңды сұр, құмдақ топырақты. Ал оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында таулы өңір топырағы қоңыр, бозғылт-қоңыр, қызыл-қоңыр болып келеді.  Өзен аңғарлары бойында шалғынды сүр топырақты.

 

Мұнда өсімдік түрлері әр алуан. Атап айтқанда, жусан, боз,күйреуік, баялыш, бетеге, ши, қамыс, қарағаш, құрақ, көктерек, сексеуіл басымдау өседі.

 

Аудан алқабы мен тауларында қасқыр, түлкі, қоян, қарсақ, жабайы шошқа, ақбөкен, саршұнақ, аламан және т.б. кездеседі. Тіпті Шу өзені бойындағы ит тұмсығы кірмейтін ну қамыста жолбарыс мекендеген деп көнекөз қариялар айтып отыратын.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75