Қазақстанның Қарулы Күштері–ел айбыны

10 мамыр 2018

Қазақстанның Қарулы Күштері–ел айбыны

 

Құрметті Ұлы Отан соғысы мен Қарулы Күштердің ардагерлері, жауынгер интернационалистер, Қазақстан Республикасының әскери қызметкерлері!

Конституциялық әрі азаматтық борышына және әскери антқа адал, аға ұрпақтың даңқты дәстүрін жалғастырушы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің жауынгерлері 7 мамырда төл әскерлеріміздің 26 жылдығын және 9 мамырда Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 73 жылдығын атап өтеді. Бірінен-бірін бөліп қарауға болмайтын қос мерекенің барша қазақстандықтар үшін мән-маңызы ерекше.  Қай заманда да батыр ұлдары мен ержүрек ерлері байтақ жері мен бейбітшіл елін жаудан аман сақтап қалып отырған. Қазақ халқының жауынгер халық бола тұра, тұрақты әскері болмағанын да тарихтан білеміз. Шүкір, өткен ғасырдың соңында ғана тәуелсіздік таңы атқан тұста төл Қарулы Күштеріміз құрылды.

Елбасының ұдайы қамқорлығының арқасында бүгіндері әскеріміз ықтимал қауіп қатерге лайықты жауап бере алатын жағдайда. Отан қорғаушылар алдағы уақытта да еліміздің гүлденуі жолында жауынгерлік әзірлігін жоғары көтеріп, кәсібилігі мен шеберлігін арттыра беретініне сеніміміз мол. Егемен Қазақстан әскерлерінің қалыптасуының басы-қасында болған барша әскери қызметшілер, Ұлы Отан соғысы мен Қарулы Күштерінің ардагерлері, жауынгер-интернационалистер еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге өз үлестерін қосып келеді.

Жеңіс күнінің майдангерлер үшін орны ерекше. Жылдар өтсе де дүниежүзін дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының әкелген зардабы мен қияметі еш ұмытылмақ емес. Біз, бәріміз жеңістің қаншалықты қымбатқа түскенін жақсы білеміз. Жүз мыңдаған қазақстандықтар майданға аттанды. Олардың көпшілігінің есімдері аңызға айналған батырлардың қатарынан орын алады.  Біз батырлардың ұлдары, немерелері және шөберелері, ел мен жердің бостандығы үшін өмірлерін қиған Ұлы Отан соғысының ержүрек және батыл солдаттарын құрметпен еске аламыз.

Бүгінде Отан қорғаушылар сіздерден үлгі-өнеге алады. Олар сіздер жүріп өткен даңқты жолдардың лайықты жалғастырушылары. Құрметті Ұлы Отан соғысы мен Қарулы Күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әскери қызметкерлері! Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, ізгілік пен ұзақ өмір, табыс пен бақыт тілеймін! Өрісіміз кең де айдынды, Қарулы Күштеріміз айбынды бола берсін!

Бақытжан Жолдас,

аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы

подполковник.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75