Абыройы асқақ!

image
7 мамыр 2020

Абыройы асқақ!

Ол дүниеге келген 1919 жылы Азамат соғысы өршіп тұрған. Заманның аумалы-төкпелі кезеңінде дүние есігін ашқан жалғыз ұлды әкесі Әбдікерім мен анасы Ұлпатай қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Есін біліп, етегін жапқанда ауыл мешітінен арабша хат танып, кейін бастауыш мектептен оқып, жазу-сызуды үйренді. Жасы жиырмаға жеткенде Қазақстанның бұрынғы астанасы Ақ мешіт қаласына барып, қаржы техникумын бітіріп, ауылда еңбек жолын бастаған жас жігіттің бар арманын 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы аяқсыз қалдырды.

Ел басына күн туған сын сағатта Әбдуәлі Әбдікерімов Үкіметтің шақыруын күтпей алғашқылардың бірі болып майданға аттанды.  Алғашқыда оқу-жаттығу кезеңінен өтіп, Украин майданының құрамындағы зеңбірекшілер батареясында болып, неміс-фашистерін күркіреген зеңбірек оғының астына алады. Ол кезде дұшпан әскері бет қаратпай тұрған шақ. Ержүрек аталарымыздың бойын билеген ар-намыс пен ойын кернеген ыза-кек, әрқайсысының басына екі ердің күш-қуатын бергендей. Соның арқасында байтақ елді жау табанынан сақтап, бүгінгі ұрпақтарының өмірін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізді. Елдің қабырғасын қайыстырған сол бір отты жылдарда Әбекең  Батыс Украин майданының құрамында жүріп, Еуропа елдерінің біразын фашистік бұғаудан азат етуге қатысады.

Майданнан ауылға аман-есен оралған Әбекең жарақатына қарамай, шаруашылықтың ойсыраған тұсын жақсартып, ел дәулетін молайту жолында аянбай еңбек етті. 1964 жылдары «Екінші тың» деген атпен әйгілі болған Кеңестік бағдарлама аясында қой фермасын басқарып, ел алғысына бөленеді.

Кейін шопан таяғын қолына алып,  шопандардың көшін бастады. Көш бастау ол кезде  әр жүз аналықтан алынған төл мен әр қойдан қырқылған жүнге байланысты болатын. Әбекең ерен еңбектің үлгісін танытып, әр жүз аналықтан 110-120 қозыдан алып, әріптестеріне үлгі болды.

Құдай қосқан жары екеуі  иықтаса жүріп, талай-талай еңбек белестерінен асты. Қиындыққа мойымай, еселі еңбек еткен қария 2001 жылы дүниеден озды.

Әбекең соғыста жасықтық жасамай, нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. «Отан соғысы» ордені мен «Ерен ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін», «Маршал Жуков» және Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдары, соның айқын айғағы. Бейбіт еңбекте де алған марапаттары жетерлік.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75