Әкім депутаттар алдында есеп берді

1
26 шілде 2017

Әкім депутаттар алдында есеп берді

Әкім депутаттар алдында есеп берді

Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаты Д.Ахметовтың төрағалығымен жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы өтті (Суреттерде).

Сессия жұмысына аудан әкімі Қ.Ә.Досаев қатысты.2+

Күн тәртібіне ұзын саны 18 мәселе енгізіліп, оның алғашқысы – «Шу ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін атқарудағы мәслихат депутаттарының алдындағы есебі» бойынша аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаев баяндама жасады. Ол өз баяндамасында аудан өмірінің әр саласында жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды өткен жылғы даму көрсеткіштерімен салыстыра отырып, егжей-тегжейлі мәлімдеді. Мектепке дейінгі тәрбие аясын кеңейту, мемлекеттік жекеменшік серіктестікті нығайту сынды өзекті мәселелер әлі де ширақтықты қажет ететінін атап айтты. Аудан тұрғындарының, оның ішінде әлеуметтік әлсіз топтардың, белгілі санаттағы адамдардың ЭКСПО   халықаралық мамандандырылған көрмесімен қамтылу жайы да назардан тыс қалған жоқ.  Ауданішілік жолдардың жөнделуі, көшелерді жарықтандыру, халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру, осы бағытта жүзеге асырылып отырған бағдарламалардың нәтижесі, қоғамдық тәртіп сынды өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.

Мұнан кейін аудандық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет, салық, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, табиғатты пайдалану, өнеркәсіп салаларын, құрылысты, көлікті, байланысты, энергетиканы жетілдіру, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті өркендету, жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмыстары туралы аудандық мәслихат депутаты, тұрақты комиссия төрағасы І.Тортаев  есеп берді. Сондай-ақ, ол  Белбасар ауылындағы жер асты суы, Жаңа жол-Белбасар-Бірлікүстем жолдарының шетінде жабайы шұңқырлардың орын алуына тосқауыл қою сынды екі мәселені алға тартты.

Ал, С.Каликов бірден үш мәселені көтеріп, Далақайнар ауылындағы су жүйесіне бірнеше рет бөлінген қаражаттың тиімсіздігі, яғни, нақты нәтиженің болмау себебін сұрап, оған жауапты тұлғаларды заңмен жазалау керектігін айтты. Келесі кезекте Далақайнар ауылындағы мемлекеттік «Кәусар» балабақшасының дәретханасы сыртта болғандықтан, ғимарат ішіне санузель орналастыру қажеттігін, оған бөлінген қаражаттың да нәтижесіз екенін жеткізді. Үшіншіден, аудан аумағында теміржолшылар саны айтарлықтай болса да, Шу қаласындағы теміржол емханасы жабылып қалғандықтан, бұл мәселені қайтадан қолға алуды өтінді. Аудандық мәслихат депутаты А.Мұхатаев та Қонаев ауылы тұрғындар саны басым, үлкен ауыл болғандықтан, бұл елді мекенге ауылдық клубтың ауадай қажеттігін мәлімдеді.

Депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер жан-жақты қаралып, оларға аудан әкімі Қ.Досаев және басқа да жауапты тұлғалар мардымды жауаптар берді.

Жалпы,  сессия барысында күн тәртібіне енгізілген өзге де мәселелер толығымен алдын ала қаралып, талқыланғандықтан, депутаттардың бірауыздан қолдауымен тиісті шешімдер қабылданды.

Келесі сессияның төрайымы болып аудандық мәслихат депутаты А.Жандабаева сайланды.

Сессияны қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы барша сессияға қатысушыларды 26-30 шілде аралығында Астана қаласындағы Жамбыл облысының күндеріне негізделген маңызды шарадан тыс қалмауға шақырды. Сонымен қатар, алдағы күндер еншісінде үлкен жоспарлар мен жобалар барын, оны жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс жасау керектігін де айтып өтті.

(Өз тілшіміз).

Суреттерді түсірген П.Норкин.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75