Қорытынды жұмыс сараланып, алдағы міндеттер айқындалды

26 ақпан 2018

Қорытынды жұмыс сараланып, алдағы міндеттер айқындалды

 

Сәрсенбі күні облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов (суретте) облыстың 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде облыс тұрғындары алдында есеп берген болатын.

Есепті кездесу онлайн режімде өткендіктен, бір мезетте облысқа қарасты барлық аудандардың тұрғындары аймақ басшысының есебін тыңдауға және көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алуға мүмкіндік алды.

Осыған орай, аудандық Мәдениет үйіне жергілікті тұрғындар көптеп жиналып, бірінші кезекте облыс басшысы А.Мырзахметовтың баяндамасын тыңдады (суретте). Мұнан кейін Тараз қаласындағы жиынға қатысқан ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов оңтайлы сәтті пайдаланып, ел Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауын түсіндіріп өтті. Б.Сұлтанов Елбасы Жолдауының 10 басым бағытына кеңінен тоқталып, оның аясында қолға алынған тың бастамаларды баяндады. Ал, облыс басшысы облыс аумағында өткен жылы өндірілген өнім көлемі, оған үлес қосқан өндіріс орындары мен кәсіпорындардың жұмысы туралы айта келіп, статистикалық көрсеткіштер көңілден шыққанымен, бұл бағытта атқарылатын міндеттер әлі де көп екенін мәлімдеді. Сол себептен, тиісті мамандарды тарта отырып, өндірісті жаңғыртудың картасын дайындау көзделген. Жалпы, облыс бойынша есептегенде өндірістің көлемі азайған. Бұл жөнінде Асқар Исабекұлы жоспардың дұрыс құрылмауы, тапсырыстың аздығы салдарынан осындай көрсеткіш көрініс беріп отыр деген пайымға келді. Сондай-ақ, жеміс-жидек өңдейтін кәсіпорындардың тапшылығы, ұсақ шаруашылықтарды дамыту, мал шаруашылығын әртараптандыруды нақтылау, тұқымның қуаттылығы үшін жаңа тұқымдарды пайдалану мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, кооператив құру жұмысын жандандыру көптеген әкімдердің назарынан тыс қалғандығын атап өтті. Өзекті мәселелердің қатарынан су тапшылығы да орын алды. Бүгінгі таңда облысымыз суды көршілес Қырғызстан елінен алып отырғандықтан, аймақтағы 24 су қоймасы мен бөгеттерді жөндеп, осы арқылы суармалы жердің көлемін ұлғайту керектігін алға тартты. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, спорт салалары бойынша да атқарылған жұмыстар мен бұл бағыттарда келешекте жүзеге асырылатын жоспарлармен бөлісті. Атап айтқанда, биылғы жылы облыс көлемінде 30 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталғалы тұр. Ал, облыс көлемінде 477 мектепке дейінгі білім мен тәрбие мекемесі болса, оның 20-сы ғана жекеменшікті. Сондықтан, бұл салада мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті рухани жаңғыру аясында дамыту қажеттігі айтылды. Спорт кешендерін тек жабық ғимараттармен шектемей, таулы аймақтарда спорт кешендерін салуды қолға алу, Шу қаласындағы «Тарлан» спорт кешені секілді нысандар өзге де аудандарда болу керектігін жеткізді. Рухани жаңғыру аясында биылғы жылы 64 жоба мен 37   іс-шара өткізу меценаттар мен мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылатынынан да көпшілікті хабардар етті.

Асқар Исабекұлы баяндама барысында құқықтық тәртіп, әлеуметтік, тағы басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндай келіп, көпшілікті алда тұрған межелі міндеттерді бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.

Мазмұнды баяндамадан соң Тараз қаласы мен барлық аудандардың тұрғындары облыс басшысына және қаржы министріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Көбіне көгілдір отынмен қамту, көлік жолын жөндеу, құрылысқа жер алу, жайылымдық жерге қатысты мәселелер мен ұсыныстар айтылды. Шу ауданынан, жиынға облыс орталығынан қатысып отырған жерлесіміз, облыстық мәслихат депутаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Т.Халық базардағы азық-түлік бағасының қымбаттығы, бағаға бақылау жүргізіп, тұрақтандыру, осы бағыттағы комиссия құрамына билік өкілдерін ғана емес, депутаттарды да қосу қажеттігі, сондай-ақ, су, жылу, электр энергиясы сынды маңызды істермен айналысатын мемлекеттік мекемелерді жекешелендіруге бермеу жөніндегі ұсынысын алға тартты. Ал, жергілікті шаруақожалық жетекшісі И.Закрияев қызылшаның төмен бағамен қант зауытына сатылатыны шаруалардың шығынын ақтамайтындықтан, баға мәселесін қайта қарастыру қажеттігін жеткізді. Көтерілген мәселелер бойынша Асқар Исабекұлы тиісті жауаптар қайтарып, жиын барысында қойылған өзге де кейбір маңызды сұрақтарды өз бақылауына алды.

Динара Батырхаирова.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75