Техниканы жаңаламай, өнім көлемі артпайды

Совещ.сельхоз
28 ақпан 2018

Техниканы жаңаламай, өнім көлемі артпайды

 

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы агроөнеркәсіп кешені саласындағы өндірісті жаңа деңгейге көтеру бойынша жиын өтті. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласын жандандыру мәселесі бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен кездесу ретінде өткен бұл жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы да таныстырылды. Кеңес жұмысына Жамбыл облысы  әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы З.Өмірәлиев, аудан әкімінің орынбасары, ауылшаруашылық саласы жұмысының үйлестірушісі Ә.Балқыбеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының өкілі Ж.Оралбеков, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының өкілі Т.Жайымбеков, «YTO-Agro Kazakhstan» ЖШС-нің директоры С.Маукеев, «Тараз Агромашторг» ЖШС-нің өкілі Ю.Перинцкий және  аудандағы барлық ауылдық округтердің әкімдері мен ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

Бірінші болып сөз бастаған  Ә.Балқыбеков биылдан бастап қант қызылшасына бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі едәуір артатынын айтты. Осыған орай алдағы уақытта ауданымызда тәулігіне 200 тоннаға дейін қант өндіретін зауыттың ашылғалы жатқанын, зауыт құрылысына төрт гектар жер бөлініп қойғанын  мәлімдеді. Өз кезегінде Әлихан Әбіләшұлы кәсіпкерлерге ауданымызда қант қызылшасын көптеп егуді тапсырды. Алайда, қант қызылшасын егуге арналған техникалардың жоқтығын, бар болса да тозығы жеткен, ескі екенін де ескертті.

Келесі болып сөз алған З.Өмірәлиев те Ә.Балқыбековтың сөзін қоштап, қант қызылшасына арналған техникалардың тек біздің ауданда ғана емес, облыс бойынша да ескіргенін назарға салды. Жұмысқа жарамсыз тозығы жеткен техниканы жаңалау мақсатында былтырғы жылы облыс бойынша 3,5 миллиард теңгеге 308 жаңа техника сатып алынған. Оның 45-і біздің ауданға тиесілі екен. Сондай-ақ, З.Өмірәлиев ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлерге облыс тарапынан жаңа техника сатып алған жағдайда шаруа қожалықтарына 26 пайыздан 50 пайызға дейін субсидия берілетінін атап өтті.

Әрі қарай жиынды жалғастырған Ж.Оралбеков «Агротехника» бағдарламасымен жақынырақ таныстырды. «Агротехника» бағдарламасы бойынша жаңа техника аламын деген кәсіпкерге пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыздан аспайтын, 7 жыл мерзімге дейін несие беріледі екен. Бұл бағдарламаның тиімділігі, кәсіпкер өзіне керекті техниканы өзі таңдап, бастапқы жарна ретінде  20 пайыз қаражатты төлейді, ал қалған 80 пайыз несие серіктестігі арқылы рәсімделеді. Кепілдік ретінде алынған техниканың өзі қарастырылады. Бірақ алынған  техника кәсіпкердің жекеменшігі ретінде өз атына тіркеліп, кәсіпкер техникасын кез келген жұмысқа пайдалануға құқылы. Бір ескере кететіні, бұл бағдарлама бойынша кәсіпкер отандық өнімді алатын болса, онда пайыздық мөлшерлеме 5,5 пайыз, ал несие  4,5 жыл мерзімге беріледі. Сондай-ақ, осы бағдарлама арқылы мал аламын деген кәсіпкерге 14 пайыз, ал егін егемін деушілерге  6 пайызбен несие беру де жолға қойылған. Несие «Шу несие серіктестігі» арқылы рәсімделеді.

Келесі кезекте Алматы қаласынан келген «YTO-Agro Kazakhstan» ЖШС-нің директоры С.Маукеев аудан кәсіпкерлерін Италиядан шыққан жаңа техникаларды алуға шақырды. Оның сөзіне сенсек, Италияда шыққан техникалар сапалы әрі ұзақ мерзімге шыдамды. Бірақ бағасы да басқа елден шыққан техникалармен салыстырғанда қымбатырақ. Сонымен қатар, С.Маукеев «YTO-Agro Kazakhstan» ЖШС шет елдерден қызылша мен жүгері тұқымдарын тиімді бағада жеткізумен айналысатынын да айтты.

Ал «Тараз Агромашторг» ЖШС-нің өкілі Ю.Перицкий  ауыл шаруашылығы үшін Беларусь елінен шыққан техниканың ең тиімді екенін айтты. Оның пайымдауынша,  Беларусиядан шыққан техникалар шаруалар үшін қолжетімді әрі оның жабдықтары  да елімізде көптеп кездесетінге ұқсайды. Сондай-ақ, елімізде Беларусиядан шыққан техникаларды жөндейтін мамандар да баршылық екен.

Жиын соңында Ә.Балқыбеков  кәсіпкерлерді жиынға келген акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен бірге жұмыс жасауға шақырды. Техниканы жаңаламай, өнім көлемінің артпайтынын ескерткен аудан әкімінің орынбасары  кәсіпкерлерге көктемдегі дала жұмыстарына барлық қаражат пен жанар-жағармай уақытылы беріледі деп уәде етті. Және ауылдық округтердің әкімдеріне кәсіпкерлермен жұмыла жұмыс жасауға тапсырма берді.

Мият КӘШІБАЙ.

Соңғы жаңалықтар

IMG_7018 ҚОҒАМ
12.09.2018

Өзекті мәселелерді бақылауға алды БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША, АРНАЙЫ БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ САЙ АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ ТЕРЛІКБАЕВ ӘЛІБЕК МАМЫТЖАНҰЛЫ КЕЛІП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (СУРЕТТЕ). «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИЫНҒА АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛҒАН ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов жиынды ашып, облыстан келген қонақты таныстырып, көпшілікті жиынға белсене атсалысуға шақырды. Мұнан кейін сөз кезегін алған Ә.Терлікбаев: -Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алып, тұрғындардың мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен байланысы, мекемелердің қызмет сапасы жөніндегі ойларын, оларға қатысты сын-пікірлерін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді жоғарғы билік өкілдеріне жеткізіп, оңынан шешілуіне ықпал ету,-деп атап өтті. Сұрақ-жауап кезеңінде алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі М.Шалғынбаев бірнеше уақыттан бері нақты шешімі табылмай келе жатқан көгілдір отынның құнына байланысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ, осы сұрақ төңірегінде М.Уақтегі, Н.Бердиев, Ә.Орманов, И.Алиев сынды аға буын өкілдері де пікірлерімен бөлісті. Мысалы, М.Шалғынбай жоғарыдағы билік органдарына 1200-ден астам адамның қолы қойылған хат жіберілсе де, әлі күнге дейін ешбір оң нәтиже жоқтығын айтса, Н.Бердиев өзге аудандарда халықтың көңілінен шықпаған мердігер ұйым ол жерде жұмыс жасамайтындығын, ал бізде «Париев» ЖШС әлі де өз жұмысын жалғастырып отырғандығына ренішін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі қалтасы қалың азаматтар көгілдір отынға қосылып, игілігін көруде, ал бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткелер мен қаржылық мұршасы жетпейтін өзге де тұрғындар тек арман жетегінде келеді. Сондай-ақ, И.Алиев көгілдір отынға қосылу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерге жеңілдік бар-жоғын сұраса, Ә.Орманов осыдан бірнеше жыл бұрын өз көшесіне орнатылған су құбырларының бірнеше жерден жарылып, әлі күнге дейін су атқылап тұратындықтан, су құбырларын түбегейлі жаңарту, «Аша» тұрғын алқабындағы көше жолына асфальт төсеу қажеттігін, өйткені, кешкі уақытта көшенің шаңынан таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жоғын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Төле би ауылындағы жер асты суының көтерілу мәселесін алға тартып, оның алдын алмаса, жерді қамыс басып, шамамен бес жылдан соң тұрғындар 1000 гектар жерден айырылып қалатындығын айтты. Осы және өзге де ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Әлібек Мамытжанұлы жер асты суының көтерілуі шын мәнінде мәнді мәселе екендігін айтып, алдағы уақытта облыс орталығында өтетін үлкен жиынға Е.Досымбаевты шақырып, мәселенің шешімін табуды сол жерде бірге қарастыратындығын жеткізді. Көше жолын асфальттау бойынша округ әкімі Е.Даберов қанағаттанарлық жауап берсе, Әлібек Мамытжанұлы көгілдір отынға қосылу құнын арзандату яғни, көпшіліктің аузынан түспей жүрген 82 756 теңге жөнінде жан-жақты зерделеп, жақын арада жауабын айтатындығын мәлімдеді. Динара БАТЫРХАИРОВА. Суретті түсірген автор.

Бейсенбі күні облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, арнайы бекітілге...

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75