Құрметке лайық жан

Х.Бейсеев
28 қараша 2017

Құрметке лайық жан

Сәрсенбі күні аудандық ардегерлер кеңесі ұйымының арнайы шақыртуымен өңірімізге Еңбек Ері Халил Сағынбекұлы Бейсеев келді.

Қазіргі таңда облыс орталығында тұрып жатқан Халил Сағынбекұлы жайлы аға ұрпақ өкілдерінің жадында жақсы естеліктер қалған. Өз кезінде ардақты ардагер Шу аудандық партия комитетінде бірінші хатшы қызметін абыройлы атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан.

Халил аға біздің өңірде ғана емес Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында да облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде еселі еңбек етіп, жалпы Жамбыл облысының дамуына айтарлықтай атсалысып, аталған аудандардың, Жамбыл облысының және Қазақстан Республикасының Құрметті азаматтары атағына ие болған. Одан бөлек, ҚР инженер Академиясының корреспондент мүшесі, техникалық ғылымдар кандидаты, профессор, көптеген мемлекеттік наградалардың, ордендер мен медальдардың иегері. Халил Сағынбекұлы облыстық ардагерлер қозғалысының дамуына да үлкен үлес қосқан. Кезінде облыс орталығында қадірлі қарияның ықпалымен ардагерлер үйінің құрылысы басталып, кейін де сәтті аяқталған.

Халил Сағынбекұлын аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев және Қазақбай Байжұманұлы бастаған ардагерлер қауымы күтіп алып, кездесуді Төле би бабаның ескерткішіне гүл қоюдан бастады. Одан кейін салтанатты кездесу аудан орталығындағы шулық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке барумен жалғасты.

Аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қайрат Досаев ардақты ақсақалға ақжарма тілегі мен жылы лебізін білдірді.

-Сіз біз үшін үлгі тұтар тұлғасыз. Өзіңіз бастап берген Төле би ауылындағы Батырлар аллеясын ашу ісі де өз деңгейінде жүзеге асырылып, бүгінде тек демалу үшін ғана емес, жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімін арттыруға арналған рухани орынға айналып отыр,-деген Қайрат Әскербекұлы кездесу барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы төңірегінде де әсерлі әңгіме өрбітті (суретте).

Халил Сағынбекұлымен бірге қызметтес болған ардагерлер де қызықты естеліктерін еске түсіріп, саябақ ішін аралап, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлының үйінде түскі ас ішіп, естелікке суретке түсті.

 

Нұржан Амангелдіұлы.

Суретті түсірген 

Петр Норкин.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75