Мәдениет пен өнер

MAI_6781
23 мамыр 2018

Мәдениет пен өнер

Кеше аудандық Мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтіп, оған аталмыш саланың қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. Шараның жүргізушілері әуелі мәдениет пен өнердің қоғамдағы орны, осы салаға елеулі еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың рөлі, өнер мен мәдениеттің өзектілігіне тоқталып өтті.

Мұнан кейін мәдениет және өнер қызметкерлеріне жиналған қауым зор қошемет білдірді. Сонымен қатар, ауданымызды республика, облыс көлемінде өз өнерімен танытып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген, мәдениет майталманы, «Достық», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрметті профессоры, күйші-композитор Ә.Желдібаев пен дәстүрлі әндердің орындаушысы А.Махашованың атына келген облыс әкімі А.Мырзахметовтың  құттықтау хаты оқылды.

Салтанатты сәтте аудан әкімі Қ.Досаев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өзінің ізгі тілегін жеткізді:

-Құрметті өнер саласының өкілдері, мәдениет майталмандары, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!  Осы күнге дейін киелі Шу жерінен көптеген жезтаңдай әнші, дәулескер күйші, ақын түлеп ұшып, өңірімізді өнерлілер ордасы ретінде мойындатқан. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдениет пен өнер қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам  әруақытта ілгерілеп дамиды»-деген сөзі  мәдениет пен өнердің еліміз үшін маңызды екендігін айшықтайды. Ендеше, құрметті мәдениет пен өнер қызметкерлері,  баршаңызға осы салада қызмет ету жолында зор денсаулық, шалқыған шабыт, жаңа шығармашылық табыс тілеймін! Қоғам үшін еткен еңбектеріңіз игі нәтижелі, асқақ абыройлы болсын!

Осыдан кейін аудан басшысы ауданның мәдениет саласын дамытуға әлеуметтік-мәдени жаңғыруы мен өнер саласының өркендеуіне, жалпы облыстың мәдени-рухани, көркемдік тұрғыда жетілуіне, өскелең ұрпақтың жоғары дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына елеулі үлес қосып жүрген бірнеше қызметкерді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық халық шығармашылығы орталығының Алғыс хатымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асырудағы сіңіріп жүрген жемісті еңбектері үшін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен марапаттады (суретте). Аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев те көпшілік қауымды аталмыш мерекемен құттықтап, бірнеше сала майталмандарына Шу ауданының Құрмет грамотасын табыс етті.  Мұнан соң мерекенің басты кейіпкерлеріне аудан әкімінің атынан мерекелік сыйлықтар ұсынылды.  Салтанатты жиын әрі қарай сазды бағдарламаға ұласты.

(Өз тілшіміз).

Сурет Петр Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75