Депутаттар Ықпалы

---
12 маусым 2017

Депутаттар Ықпалы

Депутаттар

Ықпалы

Қазақстанның мәртебесін күллі әлемге паш ететін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі бүгін салтанатты түрде ашылады. Әлемнің 100-ден аса елі қатысатын бұл көрмені миллиондаған турист тамашаламақшы. Сондықтан тек елордамыз – Астана қаласында ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында қызу дайындық жүргізілуде.  Осыған байланысты облыс басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес облыстық мәслихат депутаттары елордаға апаратын теміржол бойларындағы станциялардың сыртқы көріністеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді. Шу өңірі тоғыз жолдың торабы саналатындықтан көршілес мемлекеттерден келетін қонақтардың басым бөлігі Шу теміржолы арқылы қатынайтындығы анық. Сол себепті Шу теміржол бекетін көріктендіруге де басар назар аударылуда. Осы мақсатта үстіміздегі аптаның сейсенбісінде арнайы келген облыстық мәслихат депутаттары Дәулетбай Есімбеков, Гүлдара Нұрымова және ауданымыздағы облыстық мәслихат депутаты Тұрсынбай Халық теміржол бекетінде орын алғалы жатқан өзгерістермен танысты.

Облыстан келген қонақтарды аудан әкімі Қ.Досаев және оның орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Әліпбаев, қала әкімі Б.Тұрғынбаев және облыстық мәслихат депутаттары Н.Ким, Г.Тұрлыбек пен қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев күтіп алды.

-Шу станциясының басқа станциялардан орны ерекше. Кезінде Кеңес үкіметі тұсында бұл станция  ең үздік жүз станцияның қатарына енген. Әлемдік деңгейдегі көрмеге дәл осы станция арқылы тек Қазақстан азаматтары ғана емес, өзге мемлекеттің азаматтары да қатынайтын болады. Сондықтан бұл вокзал да саяси мәні зор ауқымды шараға тазалығы, эстетикасы және халыққа көрсететін қызметі жағынан болсын ерекше дайын болуы қажет,-дейді Д.Есімбеков.

-Отар мен Мойынтының арасындағы барлық теміржол станцияларына тексеру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Шу теміржол бекеті арқылы қырыққа жуық жолаушылар  пойызы жүреді. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай қосымша тағы он жеті пойыз қызмет көрсететін болады. Шу стансасына ерекше көңіл бөлініп жатқандығы да сондықтан,-деп пікірімен бөлісті Т.Халық.

Қайрат Әскербекұлы халық қалаулыларын вокзалдың кіреберісіне жүргізілгелі жатқан жұмыстармен таныстырды (суретте). Аудан басшысының мәлімдеуінше, вокзал ғимаратының алдындағы автотұрақтың орны ауыстырылып, таксистер арасында тәртіп орнатылмақшы. Теміржол бекетін әрлендіру үшін  басқа да жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

Депутаттар теміржолшылар құрметіне орнатылған «Паровоз» мемориалды кешеніне атбасын бұрды. Себебі, бұл жерде қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен болатын. Аудан басшысының түсіндіруінше, кешен республикалық жолда орналасқандықтан, жолаушы азаматтар үшін жайлылық орнату аса қажет. Яғни, тынығуға арналған аллея ашылып, оның айналасы көгалдандырылып, барынша жарықтандырылады. Тіпті, тамақтанатын орындар да қызмет көрсететін болады.

Орын алғалы жатқан осындай жаңашылдықтармен танысқан облыс қонақтары жұмыстардың алға басуына сәттілік тілеп, сапарларын ары қарай Сары-Шаған станциясына жалғады.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суреттер П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75