Балалар – басты байлығымыз

IJN_7245
1 маусым 2018

Балалар – басты байлығымыз

Төле би ауылының М.Жүнісәлиев атындағы саябағында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шара өтті.

Саябақ ішінде шаттанған сәби жүректердің күлкісі жайма-шуақ жаз маусымының алғашқы күнімен бірге сыңғыр қаққандай болды. Өмірдің қаталдығы мен қиындығынан бейхабар, күнә атаулыдан пәк сәбилер айналасына  шаттық, көңілге қуаныш сыйлап, мерекелік күнді көңілдендіре түсті. Мерекені атап өтуге жиналған балдырғандардың көптігі соншалық, аяқ басып жүру мүмкін болмады. Түрлі ойыншықтар мен тәтті тоқаштарды жарыса алған балалар үздіксіз қызмет етіп тұрған батуттар мен әткеншектерде де бос орын қалдырмады. Себебі, бұл күнгі бар жақсылық пен бар қуаныш атаулысы тек соларға арналған болатын.

Балаларды аудан әкімінің орынбасары Ә.Балқыбеков төл мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Бақытты балалық шақ» атты сазды бағдарламада көңілді әндер мен билер орындалып, балалық шаққа саяхат жасатты. Концерттік бағдарламада өңірлік жас өнерпаздар өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, ауданның атын халықаралық және республикалық деңгейде танытып жүрген жас жұлдыз,«Балапан» телеарнасының жүргізушісі Д.Атагелді «Туған елім» әнін барша балаларға тарту етті.

Білім беру ошақтары мен мектептен тыс мекемелер «Алтын ине» көрмесін көпшілік назарына ұсынды.  Көрме бұйымдарының кереметтігі соншалық, жанынан өткен адам естелік суретке түспей қайтпады. Балалар әдеттегідей асфальтта және плакатқа сурет салу байқауына таласа қатысып, «Біз бейбіт өмірді бейнелейміз», «Әрқашан күн сөнбесін», «Бақытты балалық шақ» тақырыптарында сурет салды. Ал, спортқа бейім балалар асық атудан, тоғызқұмалақтан, түрлі эстафеталардан сынға түсіп, білектерінің күшін дәлелдеді.

Мерекелік шараның ең әсерлісі, балалардың «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен Төле би ауылдық округі әкімшілігінің атынан  таратылған тегін балмұздаққа ие болуы болды.

Б.ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

IMG_7018 ҚОҒАМ
12.09.2018

Өзекті мәселелерді бақылауға алды БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША, АРНАЙЫ БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ САЙ АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ ТЕРЛІКБАЕВ ӘЛІБЕК МАМЫТЖАНҰЛЫ КЕЛІП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (СУРЕТТЕ). «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИЫНҒА АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛҒАН ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов жиынды ашып, облыстан келген қонақты таныстырып, көпшілікті жиынға белсене атсалысуға шақырды. Мұнан кейін сөз кезегін алған Ә.Терлікбаев: -Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алып, тұрғындардың мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен байланысы, мекемелердің қызмет сапасы жөніндегі ойларын, оларға қатысты сын-пікірлерін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді жоғарғы билік өкілдеріне жеткізіп, оңынан шешілуіне ықпал ету,-деп атап өтті. Сұрақ-жауап кезеңінде алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі М.Шалғынбаев бірнеше уақыттан бері нақты шешімі табылмай келе жатқан көгілдір отынның құнына байланысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ, осы сұрақ төңірегінде М.Уақтегі, Н.Бердиев, Ә.Орманов, И.Алиев сынды аға буын өкілдері де пікірлерімен бөлісті. Мысалы, М.Шалғынбай жоғарыдағы билік органдарына 1200-ден астам адамның қолы қойылған хат жіберілсе де, әлі күнге дейін ешбір оң нәтиже жоқтығын айтса, Н.Бердиев өзге аудандарда халықтың көңілінен шықпаған мердігер ұйым ол жерде жұмыс жасамайтындығын, ал бізде «Париев» ЖШС әлі де өз жұмысын жалғастырып отырғандығына ренішін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі қалтасы қалың азаматтар көгілдір отынға қосылып, игілігін көруде, ал бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткелер мен қаржылық мұршасы жетпейтін өзге де тұрғындар тек арман жетегінде келеді. Сондай-ақ, И.Алиев көгілдір отынға қосылу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерге жеңілдік бар-жоғын сұраса, Ә.Орманов осыдан бірнеше жыл бұрын өз көшесіне орнатылған су құбырларының бірнеше жерден жарылып, әлі күнге дейін су атқылап тұратындықтан, су құбырларын түбегейлі жаңарту, «Аша» тұрғын алқабындағы көше жолына асфальт төсеу қажеттігін, өйткені, кешкі уақытта көшенің шаңынан таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жоғын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Төле би ауылындағы жер асты суының көтерілу мәселесін алға тартып, оның алдын алмаса, жерді қамыс басып, шамамен бес жылдан соң тұрғындар 1000 гектар жерден айырылып қалатындығын айтты. Осы және өзге де ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Әлібек Мамытжанұлы жер асты суының көтерілуі шын мәнінде мәнді мәселе екендігін айтып, алдағы уақытта облыс орталығында өтетін үлкен жиынға Е.Досымбаевты шақырып, мәселенің шешімін табуды сол жерде бірге қарастыратындығын жеткізді. Көше жолын асфальттау бойынша округ әкімі Е.Даберов қанағаттанарлық жауап берсе, Әлібек Мамытжанұлы көгілдір отынға қосылу құнын арзандату яғни, көпшіліктің аузынан түспей жүрген 82 756 теңге жөнінде жан-жақты зерделеп, жақын арада жауабын айтатындығын мәлімдеді. Динара БАТЫРХАИРОВА. Суретті түсірген автор.

Бейсенбі күні облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, арнайы бекітілге...

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75