Білім мен тәрбие басты назарда

14 ақпан 2018

Білім мен тәрбие басты назарда

 

Жуырда №10 Шу колледжінде мекеме басшылығының ұйымдастыруымен «Техникалық-кәсіптік білім – еңбек қоғамының қозғаушы күші» атты жиын өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі С.Мамедахунова, колледждің ардагер-ұстазы Ш.Малдыбаев, қамқоршылық кеңесінің мүшелері, ата-аналар және колледж ұжымы қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған аталмыш білім ордасының директоры Т.Мұсаева кездесудің мақсаты колледжде жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, өзекті мәселелерді ортаға салу екендігін түсіндіріп, көпшілікке сырттан келген қонақтарды таныстырды.

Мұнан кейін колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігі, материалдық-техникалық жабдықталуы, оқу жылында атқарылған жұмыстар, бүгінгі таңда шешімін табуды қажет ететін проблемалар мен алдағы жоспарлар жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Қазіргі уақытта 7 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіп, бес мамандық бойынша білім беріп отырған оқу ордасында 340 студент, 56 педагог қызметкер бар екен. 2016-2017 оқу жылында педагогтардың 37 пайызы біліктілікті арттыру курсынан өткен. Ал, білім сапасы 2017-2018 оқу жылының бірінші жартыжылдығында 88 пайызды құраған.

Кітапханада мамандықтар бойынша әлі де кітап қорының жетіспеушілігі бар болғандықтан, облыстық білім басқармасына тапсырыстар беру жалғасып келеді.  Сондай-ақ, республикалық «Қамқорлық» акциясы аясында да білімгерлерге қайырымдылық көмектер көрсетіліп тұрады. Қыздар тәрбиесіне арналған «Инабат» клубының жұмысы да жүйелі жолға қойылып, ардагер-ұстаздар, көпбалалы аналар, мейірбике, психологтармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп келеді. Студенттердің сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық, құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау мақсатында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында аудандық ішкі істер бөлімімен бірлескен құқықтық тәрбие жұмыстары  ұйымдастырылып отырады.  Әр студентке жеке тәлімгер бекітілген. Білімгерлер арасында өз-өзіне қол жұмсау, теріс діни ағымға ену фактілері тіркелмеген. Облыстық білім басқармасының 2016 жылғы хатына сәйкес оқу процесіне факультативтік сағаттар есебінен бірінші курстар арасында аптасына екі рет 36 сағаттық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні енгізілген. Бұл бағытта да колледжде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде ешқандай сыбайлас жемқорлық фактілері анықталмаған.

Студенттердің кәсіптік тәжірибелерін жетілдіру бойынша теміржол мекемесі, ЖШС және шаруа қожалықтармен келісімшарттар жасалған. 2017 жылы 142 түлек оқу бітірсе, олардың 83 пайызы жұмыспен қамтылып, оның 54 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Колледждегі жағымды жаңалықтың бірі – студенттердің жатақханамен қамтылуы.

Жиын барысында Тоғжан Тоқтарбайқызы  колледждің алдағы жоспарларымен де бөлісіп, баяндамасын аяқтады. Осыдан кейін Шу локомотив пайдалану депосының инженер-технологы Р.Гилязитдинов, облыстық кәсіпкерлер палатасы Шу қалалық филиалының директоры А.Қомаев, қамқоршылық кеңесінің төрағасы Н.Каденов, ата-аналар комитетінің төрайымы Д.Әбеновалар жарыссөзге шығып, өз бағыттары бойынша колледжбен байланыста жүзеге асырылатын жұмыстарды атап өтті. Ал, аудандық ішкі істер бөлімінің өкілі кәмелет жасына толмағандарға қойылатын заң аясындағы шектеулер, оған қолданылатын тәртіптік жазалар туралы айтып, ішкі істер органдарының міндеті баланы бас салып тіркеуге алу емес, оның теріс жолға түспеуінің алдын алу, болдырмау екендігін түсіндірді. Сондай-ақ, Сара Абдрахманқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған кеңестің мақсатын, осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде аталмыш колледжде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң бұзушылық орын алмағанын айтты.

Жиынды қорытындылаған Тоғжан Тоқтарбайқызы аталмыш білім ордасының табалдырығын аттаған әр бала басшылықтың жіті назарында болатындығын тағы бір көпшіліктің есіне салды.

 

Динара БАТЫРХАИРОВА.

Соңғы жаңалықтар

IMG_7018 ҚОҒАМ
12.09.2018

Өзекті мәселелерді бақылауға алды БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША, АРНАЙЫ БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ САЙ АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ ТЕРЛІКБАЕВ ӘЛІБЕК МАМЫТЖАНҰЛЫ КЕЛІП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (СУРЕТТЕ). «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИЫНҒА АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛҒАН ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов жиынды ашып, облыстан келген қонақты таныстырып, көпшілікті жиынға белсене атсалысуға шақырды. Мұнан кейін сөз кезегін алған Ә.Терлікбаев: -Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алып, тұрғындардың мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен байланысы, мекемелердің қызмет сапасы жөніндегі ойларын, оларға қатысты сын-пікірлерін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді жоғарғы билік өкілдеріне жеткізіп, оңынан шешілуіне ықпал ету,-деп атап өтті. Сұрақ-жауап кезеңінде алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі М.Шалғынбаев бірнеше уақыттан бері нақты шешімі табылмай келе жатқан көгілдір отынның құнына байланысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ, осы сұрақ төңірегінде М.Уақтегі, Н.Бердиев, Ә.Орманов, И.Алиев сынды аға буын өкілдері де пікірлерімен бөлісті. Мысалы, М.Шалғынбай жоғарыдағы билік органдарына 1200-ден астам адамның қолы қойылған хат жіберілсе де, әлі күнге дейін ешбір оң нәтиже жоқтығын айтса, Н.Бердиев өзге аудандарда халықтың көңілінен шықпаған мердігер ұйым ол жерде жұмыс жасамайтындығын, ал бізде «Париев» ЖШС әлі де өз жұмысын жалғастырып отырғандығына ренішін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі қалтасы қалың азаматтар көгілдір отынға қосылып, игілігін көруде, ал бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткелер мен қаржылық мұршасы жетпейтін өзге де тұрғындар тек арман жетегінде келеді. Сондай-ақ, И.Алиев көгілдір отынға қосылу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерге жеңілдік бар-жоғын сұраса, Ә.Орманов осыдан бірнеше жыл бұрын өз көшесіне орнатылған су құбырларының бірнеше жерден жарылып, әлі күнге дейін су атқылап тұратындықтан, су құбырларын түбегейлі жаңарту, «Аша» тұрғын алқабындағы көше жолына асфальт төсеу қажеттігін, өйткені, кешкі уақытта көшенің шаңынан таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жоғын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Төле би ауылындағы жер асты суының көтерілу мәселесін алға тартып, оның алдын алмаса, жерді қамыс басып, шамамен бес жылдан соң тұрғындар 1000 гектар жерден айырылып қалатындығын айтты. Осы және өзге де ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Әлібек Мамытжанұлы жер асты суының көтерілуі шын мәнінде мәнді мәселе екендігін айтып, алдағы уақытта облыс орталығында өтетін үлкен жиынға Е.Досымбаевты шақырып, мәселенің шешімін табуды сол жерде бірге қарастыратындығын жеткізді. Көше жолын асфальттау бойынша округ әкімі Е.Даберов қанағаттанарлық жауап берсе, Әлібек Мамытжанұлы көгілдір отынға қосылу құнын арзандату яғни, көпшіліктің аузынан түспей жүрген 82 756 теңге жөнінде жан-жақты зерделеп, жақын арада жауабын айтатындығын мәлімдеді. Динара БАТЫРХАИРОВА. Суретті түсірген автор.

Бейсенбі күні облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, арнайы бекітілге...

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75