Әлем көз тіккен Қазақстанның қарышты қадамдары

Назарбаев(1) (1)
14 маусым 2017

Әлем көз тіккен Қазақстанның қарышты қадамдары

Әлем көз тіккен Қазақстанның

қарышты қадамдары

Елімізде өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі тәуелсіздік тарихынан ойып тұрып орын алатын айрықша оқиғаға айналды. Әлемдік дәрежедегі көрменің ашылу салтанаты жұма күні еңселі елордада өтіп, оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты.

Жер жаһанға абыройымызды асқақтатқан ЭКСПО көрмесінің Қазақстанда өтетіндігі жөніндегі шешім 2012 жылдың 22 қарашасында Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының Париждегі 152-сессиясында осы ұйымға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде қабылданғандығы баршаға мәлім. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның жаһан жұрты алдындағы беделін тағы бір биіктететін, мемлекетіміздің мерейін үстем ететін сәт. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол сәттегі сөйлеген сөзінде бұл күнді «тарихи күн» деп атап, ел халқына құттықтауын сонау Парижден жолдағандығы да әрқайсысымызға естен кетпес әсер қалдырған еді. Елбасының елге арнаған сол сөздерін тағы бір еске алсақ артық етпес. «Бұл еліміз үшін сынақ қана емес, көрме біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік береді. Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді. ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай іс-шараға барлық құрлықтың ондаған елінен миллиондаған адам қатысады. Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекерден бекер емес. Біріншіден, елордамыз әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Ең бастысы, Астананы таңдауы Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің жемісі» деген Елбасы өз елінен бөлек әлем алдында да саясаткер тұлға екендігін дәлелдеп берді. Өткен аптадан бері қазақ жеріне жан-жақтан жарыса келіп жатқан өзге ел азаматтары Қазақстанның қарыштап дамығандығын айтып, еріксіз таңдай қағуда. Олардың арасында осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қазақстанның келбетімен қазіргі кейіпін салыстырғанда мүлдем басқа мемлекетке келгендей әсер алғандарын жасырмағандар да болған екен. Баспасөз орталығында  1200 журналист шет мемлекеттердің баспасөз беттерінде де елімізде орын алып жатқан айрықша сәттерді жарыса жазып, төрткүл дүние төріне толассыз таратуда. Расыменде, бұдан асқан атақ-абырой бар десе, сену қиын-ақ.

Жалпы, ЭСКПО дегеніміз индустрияландырудың символы. Техникалық жетістіктер мен техниканың өзін назарға салатын халықаралық көрме. Астанада өтіп жатқан бұл көрмеде көптеген мемлекеттер өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетуде. Әрине, ЭКСПО-ның арқасында айналымға еніп, әлемді таңқалдырған көрменің кереметтері көп. Мәселен, тұңғыш телефон аппараты осындай көрмелердің көмегімен әлемге жол тартқан десек, 1876 жылы Филадельфиядағы бүкіләлемдік көрмеде «сөйлейтін телеграф» қалай жұмыс жасайтыны таныстырылып, адамзатты тамсандырған екен. 1982 жылы Носквилдегі көрмеде таныстырылған сенсорлық экран сияқты таңғажайыптар шынымен адамзат игілігіне енді. Сол секілді Қазақстанның таңдап алған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы да тың идеядан туындаған. Бұл тақырыпты ұсынудың себебі, ол ең алдымен баламалы энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғандығы болып табылады.  Халықаралық көрмеге арқау болып отырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы қазіргі таңда өзекті болып отыр. Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Әлем елдері энергияны үнемдеу үшін күн, желден баламалы энергия көздерін алуға көше бастады. Қауіпсіздік жағынан талапқа сай келетін әрі арзан энергия көздерін пайдалануға әлемнің көптеген елдері құштар екендігі даусыз. Сондықтан Қазақстан бұл өзекті тақырыпты көтеру арқылы күллі адамзатты алаңдатып отырған мәселені дөп басты.

Әлемнің әйгілі көрмелерінің ең алғашқысы осыдан жүз жыл бұрын Англияда өткендігін ескерсек, ширек ғасырда еліміздің алпауыт мемлекеттерімен иық теңестіріп келе жатқандығын анық аңғаруға болады. Жалпы қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі түрлі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білді. Ал, бұл жолғы бүкіләлемдік ЭКСПО осы белестердің тағы бір биігіне айналып, еліміздің еңсесін еселеп, мерейін тасытуда.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75