Қорытынды жұмыс қуантады, алдағы міндеттер де ауқымды

Итоговый
14 ақпан 2018

Қорытынды жұмыс қуантады, алдағы міндеттер де ауқымды

 

Аудан әкімі Қ.Ә.Досаевтың ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы аудан тұрғындары алдындағы екі аптаға созылған есептік кездесуі өз мәресіне жетіп, өткен аптаның жұмасында аудандық Мәдениет үйінде қорытынды жиынмен аяқталды. Қорытынды есептік кездесуге облыс әкімінің орынбасары М.Т.Мұсаев арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, залға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйым, денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларының қызметкерлері, кәсіпкерлер, ардагерлер мен жастар қауымы және БАҚ өкілдері жиналды.

Күн тәртібіндегі мәселе –  ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша Қайрат Әскербекұлы баяндама жасап, көпшіліктің алдында аудан көлемінде жыл ішінде атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Жалпы алғанда қол жеткізген экономикалық даму көрсеткіштері көптің көңілінен шықты. Себебі, аудан экономикасы үшін маңызы зор салалардың басым бөлігінің орындалу пайызы жүз пайыздан жоғары көрсеткішке ие болды. Ал алдағы жоспар бойынша «Битум», «Қант қызылшасы мен қант құрағын өңдеу, қант және лимон қышқылын шығару», «Комбайн құрастыру» зауыттары мен «Глифосат және үштекті фосфор хлоры өндірісі біріктірілген химиялық кешені» сынды ауқымды жобаларды жүзеге асыру өнім көлемін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет салаларына қатысты жаңа құрылыс нысандарының қолға алынуы да ауданның ажарлануына сеп болмақ.

Аудан басшысының мазмұнды баяндамасы аяқталғаннан кейін қатысушылар тарапынан қойылатын сұрақтарға кезек берілді. Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Мәкен Уақтегі бірінші болып сөз алып, өңіріміздегі қол жеткен толайым табыстарды, тындырымды тірліктерді, нәтижелі істерді мақтаныш сезіммен атап өтіп, аудан басшысына ағалық ақ тілегін жаудырды. Облыстық мәслихат депутаты, Құрметті теміржолшы Тұрсынбай Халық та алдымен ризашылығын білдіріп, өз ұсынысын ортаға салды. Оның ойынша, ауданда шұжық цехы мен макарон өнімдерін өндіретін кішігірім кешен салынып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға және қарт кісілерге төмен бағамен берілсе халық әлеуетінің жақсаруына пайдасы тимек. Осыдан кейін мінберге көтерілген аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы да өңір басшысының есептік баяндамасын «өте жақсы» деп бағалап, көкейінде жүрген мәселені айтты. Ол шаруаларды техникамен қамтамасыз ету, олардың мемлекеттік бағдарлама бойынша несие мен субсидия алуларына жәрдемдесу, асыл тұқымды мал санын көбейту үшін қолдан ұрықтандыруды қолға алу  сынды мәнді мәселелерді көтеріп, осыларға жіті көңіл бөліну қажеттігін тілге тиек етті.

Сұрақ қоюшылардың қатарында ауданның атын төл туындыларымен әйгілі еткен суретші-мүсінші Қали Қораласбаев аудан орталығында ат үстінде отырған батыр ескерткішінің жоқтығын айтып, егер ескерткішті орнату қолға алынатын болса ол мүсінге қара қылды қақ жарған Бөлтірік шешеннің лайықты екендігін, ол ұсынысын көпшілік қолдап жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, аудан атынан облыс және республика көлемінде көрме өткізіп жүрген өнер саңлағы жеке шеберханасының жоқтығы кейде қолбайлау болып жататындығын жасырмады. Жеке шеберханасы мен ауданның өз галереясы ашылатын болса өзінің жүз туындысын галереяға сыйға тартып, өзге де қылқалам мен қолөнер шеберлерінің жұмыстарын жинап беретініне сендірді. Бұл ұсынысты құп көрген Қайрат Әскербекұлы шешімін табуға тырысатынын айтты.

Өзін «блогермін» деп таныстырған, облыс орталығынан келген қонақ Исламбек Дастан «Ешбір салық төлемей отырған «Шатыркөл» кен орны биыл ауданға қанша қаражат түсірді?», «Қонаев ауылына апаратын көпір неге әлі күнге жөндеу көрмеген?» деген сауалдар қойды. Аудан басшысы «Шатыркөл» кен орны тікелей ауданға қарамағандықтан пайда түспейтіндігін және Қонаев ауылына апаратын көпір облыстық бюджеттің балансында тұрғандықтан оны ауданның қаражатына жөндеу заңсыз болатындығын түсіндірді.

Сұрақ-жауап легі аяқталғаннан кейін қорытынды сөз сөйлеген Мәден Тоқтарбайұлы жыл бойы атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық бағасын беріп, жұмыс қарқыны жалғаса беру қажеттігін ескертті.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суреттерде: қорытынды есептен көріністер.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75