Тындырымды тірліктер қанағаттандырады

7 ақпан 2018

Тындырымды тірліктер қанағаттандырады

 

Әкімнің халыққа жақындығы кімді болса да қуантады. Қайрат Әскербекұлының ауданға әкім болып сайланғанына бір жыл да бола қойған жоқ. Ауданның табалдырығын аттағаннан бірқатар тындырымды тірліктердің басын қайырып үлгерді. Қазақтың жайбасар халық екендігін мойындамайтын жан жоқ шығар. Басшы болып тағайындалғалы біздерді оятумен келеді. Рас, бірлескен іс қашан да берекелі. Ал біздердікі «сен тимесең, мен тименің» тірлігі. Әкім айтпақшы, іс бірлесе жасалса, ауылды тұрғындардың өзі-ақ гүлдендіре алады. Осындай бір ауыз сөзінің өзі адамды қайрап, жігерлендіреді. Есеп барысында бос уәдені үйіп-төкпеді, нақты әрі шынайы жауап берді. Жыл бойы атқарған жұмысы көңілге қонымды. Сондықтан оң бағамды бере отырып, алдағы уақытта да нәтижелі жұмыстар атқаратынына сенім білдіремін.

Салтанат Шәймерденова,

Ақтөбе ауылының тұрғыны.

***

Өңір басшысының кескін-келбетіне қарап-ақ іскер азамат екенін аңғаруға болады. Талапшыл екендігін де жиі естиміз. Көзімізбен көріп жүрген тындырымды тірліктерден-ақ оның талапшылдығы, білікті басшы екендігі байқалады. Баяндама барысында төрт ірі жобаның жүзеге асқалы жатқанын тілге тиек етті. Бұл жаңалық бізді қуантты. Шындығында ауданымызда ірі кәсіпорындар жоқтың қасы. Ал соның салдарынан жұмыссыз жүргендер қаншама. Енді қол қусырып қарап отырған азаматтардың екі қолына бір күрек табылып қалатын шығар деген ойдамын. Сондай-ақ, көптен күткен ел тілегі – Жиенбет ауылындағы негізгі мектеп ғимаратының мәселесі қолға алынып жатқандығы жанымызды жадыратты. Аудан басшысының ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге атқарған еңбегін оң тұрғыда бағалап, ризашылығымды білдіремін.

Сәден Естаев,

Мойынқұм ауылының тұрғыны.

***

Аудан әкімінің ауылымызға келгенінің өзі құт қондырғандай болды. Жылы амандасып, арасында қалжыңдасып та үлгерді. Осының өзі ішкі жан дүниесінің халықпен жақын екендігін білдіріп тұрғандай. Есептік баяндамасында ауданның жетістіктерін, жоспарды орындау барысындағы жүзден жоғары пайыздық көрсеткіштерді мәлімдеп, қатысушыларды бір марқайтып қойды. Проблемалы тұстарды да жасырмады. Бірақ олар кезегімен ретке келетін мәселелер екені түсінікті. Негізі Өндіріс ауылдық округінің тұрмыс жағдайы жаман емес. Десе де проблемалы тұстар да көрініс беруде. Ауыл әкімі де алдағы жоспармен толық таныстырып шықты. Көгілдір отын, ауызсу  мәселелері де шешімін тапқалы тұр. Мәдениет үйінің бой көтеретіні де айтылды. Білікті басшымыздың арқасында жағдайымыз бірте-бірте түзеліп келеді. Сол себепті жұмысына қанағаттанарлық бағамды беріп, алғысымды айтамын.

Берікхан Байтұрғанов,

Абай ауылының тұрғыны.

***

Біз егде жастағы адам болғандықтан, аудан өмірінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде өзіндік ой түйіп отырамыз. Жүзеге асырылған игілікті істерді күнделікті көріп жүрміз. Аудан басшысының бағыты жаман емес. Келешекке жоспарлаған маңызды міндеттер де біршама екен. Халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған сол мақсаттардың лайықты орындалуын тілеймін. Уақыт ағымында қолданысқа енгізілетін жағымды жаңалықтарды естіп қуанып қалдық. Әсіресе, өндіріс орындарының ашылатыны, әлеуметтік нысандар санының артатыны, бос тұрған ғимараттарды кәдеге жарату жоспары көңілден шықты. Осындай мақсаттарды жүзеге асыру үшін өзге де әріптестері аудан басшысына қосшы болып, жұмыла жұмыс жасайды деп сенемін.

Марат Мауталиев,

Дулат ауылдық округінің тұрғыны.

***

Аудан әкімі Қайрат Әскербекұлының есепті баяндамасын тыңдап, аудан өміріндегі бірқатар жағымды жаңалықтармен таныстым. Әр сала бойынша нақты істердің орындалғаны байқалып тұр. Жалпы, аудан басшысы оң бағытты ұстанып келеді деп білемін. Енді, баяндама барысында айтылған келешектің еншісіндегі жоспарлар лайықты жүзеге асырылып жатса нұр үстіне нұр. Әрі қарай да осы бағыттан танбай еңбек ететін болса, көпшілік көкейіндегі сұрақтар оң шешімін тауып жатса ауданымыз биіктен көрінетініне сенімім мол. Сондықтан, аудан басшысының тың бастамаларына сәттілік серік болсын демекпін.

Шымшық Мадалиева,

Балуан Шолақ ауылдық округінің тұрғыны.

***

Есепті кездесу барысында өңір басшысы Қайрат Әскербекұлын байсалды, қарапайым, әр істің нақты шешімін таба білетін, іскер азамат ретінде таныдым. Баяндама желісінде аудан өмірінің барлық саласын қамтып, маңызды істерді  қысқа да нұсқа түсіндіріп өтті. Өңірде көптеген игілікті істердің орындалып жатқанына көз жеткіздім. Аудан басшысының жер игеру мәселесіне жауаптылықпен қарауды жолға қоюы, тұрғын үймен қамту, ескі «СПТУ-24» ғимаратын кәдеге жарату жөніндегі бастамасы ұнады. Алдағы уақытта да тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелер лайықты шешімін табады деп сенемін. Аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмыстарын «қанағаттанарлық» деп бағалаймын.

Сандуғаш Иманбекова,

Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғыны.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75