Ардагерлер пленумы

_APR4957
17 сәуір 2017

Ардагерлер пленумы

Ардагерлер пленумы

Кеше «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің пленумы өтіп, оған аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев, аудандық, қалалық және ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен пленум мүшелері қатысты (суретте). Күн тәртібінде республикалық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 30 жыл толу мерейтойын атап өту аясындағы аудандық ардагерлер ұйымының белгіленген іс-шараларының орындалу барысы және әртүрлі мәселелер қаралды.

Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Байжұманұлы ашып, күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ш.Малдыбаев баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, аудан бойынша 4700-ден астам еңбек ардагері болса, солардың басын біріктіретін 30-дан астам ардагерлер ұйымы құрылған. Олар өздерінің күнделікті жұмысын ардагерлердің мәдени, тұрмыстық, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға ықпал етуге бағыттап, қоғамдық өмірге де атсалысып келеді.

-Өткен жылы аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Тәуелсіздікке 25 жыл» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 950 мыңнан астам қаражатқа тұрмыстық деңгейі төмен және жалғызбасты азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетілді. Аудан орталығында, ауылдарда соғыс, тыл және еңбек ардагерлерін марапаттап, жастарға үлгі ету шаралары жасалуда,-деп атап өтті Ш.Малдыбаев.

Осындай бірқатар игі істерді тізбектей келіп, ауданымыздың кейбір елді мекендерінде көгілдір отын, ауыз су, шаруа қожалықтардың кооперативтерге бірігуі сынды өзекті мәселелердің күрмеуі күрделеніп бара жатқанын да айтып өтті.

Сөзінің соңында межелі міндеттерді атқаруда жекелеген кемшіліктердің барын, оларды болдырмаудың ұтымды жолдарын қарастыру ардагерлер ұйымының негізгі міндеті болу керектігін жеткізді.

Келесі кезекте Ә.Құралбаев, А.Смайлов, Ж.Балтабаев, М.Уақтегі сынды ардагерлер тарапынан елді мекенді газдандыру, қызылша егу жоспарын орындау, көше жарығы, мал жайылымы секілді ортаға салынған бірнеше түрлі мәселелер қаралып, талқыланды. Сондай-ақ, газдандыру жұмыстары бойынша Е.Өмірәлиев қатысушыларға тыңғылықты түсінік беріп өтті.

Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесі және бастауыш ардагерлер ұйымымен атқарылатын бірнеше қаулылар қабылданды. Шу ауданының Құрметті азаматы М.Уақтегінің газдандыруға қатысты құрылыс жұмыстарының сапасын бақылайтын, ардагерлер мен тиісті бөлім басшыларынан құралатын арнайы комиссия құру жөніндегі ұсынысы да қабылданды.

Д.БАТЫРХАИРОВА.

Суреттер Петр Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75