Өткенге үңілу – өнегелі іс

115492-preview-image
7 желтоқсан 2017

Өткенге үңілу – өнегелі іс

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер бөлімінде «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» дей келе білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді туған жерге деген сүйіспеншіліктің бір парасы деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда мектебіміздегі үздік оқитын, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын 9-10 сыныптың оқушылары  мектеп директоры Ж.Шалбаевамен бірге Ақсу ауылдық округінің  маңындағы «Баласағұн қалашығына» саяхат жасап қайтты.

Саяхат барысында оқушылар  6-13 ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі қалашықтардың бірі болған Баласағұн қаласы Түрік қағанаты кезінде салынғанын, Түргеш қағанаты тұсында осы тайпаның саяси орталығы болғанын, ұлы тұлғалар Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари өмір сүріп, қызмет еткендері жайлы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты аса құнды еңбегі осы жерде жазылғанын білді. Сондай-ақ бұл тарихи нысан 2014 жылы  25 маусымда Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясында Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілгенін біліп, қалашықтың орнын, патша мұнарасын, зындан, монша бөлмелерінің орындарын көріп, тарихымен  танысты. Олар археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бірнеше үлкен-кіші қыш құмыралар, қыш қазан сынықтарын, қыштан жасалған су құбырлары және тастан жасалған қол диірмендерін, малдың сүйектері сияқты  көне заманның тұрмыс -тіршілігінен сыр шертетін жәдігерлерді көзбен көріп, қолымен ұстап,  жайына қанық болды.

«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы тұрады» деп Алаш арысы Міржақып Дулатов айтқандай, келешегіміз кемел болуы жолында  «Мәңгілік елдің» іргетасы берік қалансын десек, ел болашағы-жастарға тарихымызды саралауға мол мүмкіндіктер туғызуымыз қажет. Тарихты зерделеудің бір көрінісі болған «Баласағұн қалашығына» бір күндік саяхат өткенді ұмытпау, ата-бабаның жүріп өткен жолын еске түсірудің жарқын сәті болды десек, артық айтқандық болмас.

 

Мария Мусирова,

С.Сейфуллин атындағы шағын орталықты орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75