Баспана – бақыт шамы

_MAJ4141
23 мамыр 2019

Баспана – бақыт шамы

Көпбалалы отбасыларға үй сыйлады

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде әлеуметтік саланы жетілдіру бойынша  ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаңашылдық тек мемлекеттік жеңілдіктерге ғана емес, сонымен қатар еріктілер мен меценаттар көрсететін атаулы көмекке де қатысты. Мұндай игі іске ауданымыздың кәсіпкерлері де атсалысып,  екі бірдей отбасының тұрғын үй мәселесін шешіп берді.

Өткен аптада аудан әкімі Жарылқасын Айтақов Шу қаласындағы көпбалалы отбасыларға салтанатты түрде жаңа үйлердің кілттерін табыстады.

-Биылғы жылы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек берудің қолға алынуы және бүгін орын алып отырған маңызды шара – осының дәлелі. Тек өзіне ғана емес, қоғам үшін атсалысатын адамдар көп болған сайын, еліміз көркейе бермек,-деп атап өткен аудан әкімі жаңа тұрғын үйдің кілтін бес бірдей баланы жалғыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Нұргүл Тапақоваға «Шу-Сервис» ЖШС-ның  құрылтайшысы Айдын Николаевичтің атынан үй іргесіндегі учаскесімен бірге үш бөлмелі пәтердің  кілтін табыс етті.

Дәл сол сәтте шексіз бақытқа бөленген ана осыған дейін балаларымен пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүргендігін жеткізді. Тіпті, оның тұрақты тауып отырған табысы жоқ, жұбайы өмірден өткен соң тек жәрдемақыға өмір сүруіне тура келген. Енді көпбалалы ананың пәтерге қолы жетіп, көптен күткен арманы орындалды.

-Мен өз сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды, мен өте бақыттымын.  Осындай көмек көрсеткендеріңіз үшін үлкен рахмет. Жүрегі мейірімге толы азаматқа  Алла  күш-қуат берсін, отбасы бақытқа бөлене берсін,-деп жаңа көршілерінен құттықтау алған Нұргүл бақыттан тамған көз жасын жасыра алмады.

***

Сонымен қатар, сенбі күні Шу қаласының тағы бір тұрғыны 5 бөлмелі үйдің кілтіне қол жеткізді. Ұзақ жылдар бойы  тұрғылықты жері болмай, пәтерден пәтерге ауысып жүрген отбасыға ауданымызға белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Ким Никон өз қаражаты есебінен пәтер сыйлады.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Жарылқасын Айтақов Никон Марковичке өз ризашылығын білдіріп, үй иесі атанған Байсұлтановтар әулетін құттықтады. Берік Байсұлтанов пен Айсәуле Тенелова бүгінде 7 бірдей баланың ата-анасы. Қазіргі кезде екеуі де жұмыссыз. Тек, әлеуметтік жәрдемақыға күн көріп, балаларының нәпақасын тауып отыр екен. Үй кезегінде тұрғандарына да бірнеше жылдың жүзі болған екен. Енді міне, биыл қасиетті Рамазан айында қайырымды жандардың арқасында бір-ақ сәтте баспаналы болып шыға келді. Әрине, мемлекет кәсіппен айналысып, табыс табуға барлық мүмкіндікті жасап бергендіктен, олардың қарапайым халыққа қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмек қолын созуы заңдылық.

Евгения СТЕЦЮРА,

Ерғали АСХАТҰЛЫ.

Суреттерде: іс-шарадан көріністер.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75