Ғалымдардың келелі кеңесі

_APR4520
13 сәуір 2017

Ғалымдардың келелі кеңесі

Ғалымдардың келелі кеңесі

Кеше аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаевтың төрағалығымен Қазақстан егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының жетістіктерін ауданы-мыздың өндірісіне енгізу мақсатында семинар өтті (суретте). Жиынға жоғарыда аталған институттан, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасынан, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл филиалының қызметкерлерінен құралған жұмысшы топ келді. Кең көлемде ұйымдастырылған жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылық құрылымдарының және шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

Қайрат Әскербекұлы жиынның мақсатымен және қонақтармен қатысушыларды таныстырғаннан кейін, зерттеу орталығынан арнайы келген академик, ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, олардың ұсынысы мен тәжірибесін пайдалану арқылы аудандағы ауыл шаруашылығы саласын арттыру қажеттігін атап өтті. Осыдан кейін сөз кезегін Қазақстан егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры С.Б.Кененбаевқа берді. Ол институт ғалымдарының ауыл шаруашылығына енгізілетін инновациялары туралы арнайы дайындалған слайдтар арқылы жан-жақты түсіндіруге тырысты.

Алдымен ауыл шаруашылығы бағытындағы институттың тарихымен, құрылымымен таныстырудан бастаған Серік Барменбекұлы Жамбыл облысындағы егіншілік саласының негізгі проблемаларына, ауыл шаруашылығын пайдалануда топырақ құнарлылығының өзгеруі және тыңайтқышты қолданудың тиімділігі, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, аудандағы егістік алқаптарының құрылымы, онда өсіруге ұсынылатын жаңа сорттар мен будандар, өндірісте пайдалануға рұқсат етілген қант қызылшасы будандарының салыстырмалы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып өтті.

– Жамбыл облысында егіншілік саласына қатысты бірнеше мәселелер орын алуда. Атап айтқанда, су қорының азаюы, жерді суландыру жүйелерінің тозуы, топырақ жамылғыларының төзімсіздігі, жыл сайын егін шаруашылығындағы қарашіріктің азаюы және тағы сол сияқтылар. Соның ішінде қарашіріктің азаюы шаруалардың ауыспалы егісті, техникаларды  дер кезінде пайдаланбауынан болады. Бұл – топырақ құнарлылығының азаюына әкеп соғады. Оның алдын алу үшін минералды тыңайтқышты арттыру аса қажет, – деп түсіндірді Серік Барменбекұлы.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, біздің өңірдегі егістік алқабының құрылымы 2012 жылы 79,3 мың гектар болса, ол биылғы жылы 98 мың гектарға дейін ұлайған екен. Яғни, бұл қуанышты жайт пайдаланылмай жатқан жерлер қайта орнына келтіріліп жатыр дегенді білдіреді.

Қазіргі таңда шетелден алып келетін қызылша тұқымдарына сұраныс көбірек екен. Бірақ оның бағасы қымбат. Осыған байланысты тәтті түбір тұқымының будандары аталмыш институтта шығарылып жатыр. Өзіміздегі буданның қанттылығы, өнімділігі шетелдікінен кем емес көрінеді. Тек бір әттеген-айы ауруға төзімсіздігінде. Дегенмен, институт мамандары қарап отырмай осы бағытта да жұмыс жасау үстінде.

Институт ғалымдары біздің ауданнан басқа облысқа қарасты көптеген аудандармен тығыз байланыс орнатып, өз сорттарын ұсынған екен. Сол секілді біздегі егіс алқаптарында да сапалы өнім шығаруға көмек көрсетуге дайын. Олардың да өзіндік шарттары бар. Нақтырақ айтқанда, мамандар өз сорттарын егіс алқабына алып келіп, 5-10 гектарға тұқымды тегін түрде егіп көрсетеді. Кейін алынған өнімнің тең жартысын өздеріне қайтарып алады. Буданның бейімділігіне көз жеткізілгеннен кейін оны ары қарай көбейтіп, дамытуға болады.

Семинар барысында басқа да білікті мамандар кезекпен өз баяндамаларын оқып, қатысушыларды біраз жайттан хабардар етті. Атап айтқанда, жоғарыда аталған зерттеу институтының жемшөп және майлы дақылдар бөлімінің басшысы М.Т.Галиолла жоңышқа мен майлы дақылдарды егу, күтіп-баптау, сапасын арттыру, астық және бұршақ тұқымдастар бөлімінің басшысы М.С.Құдайбергенов майлы бұршақ, соя дақылын ауданда қайта жандандыру, білімді насихаттау және ғылыми жетістіктерді өндірісте енгізу бөлімінің басшысы С.Қ.Қалтаев егіс алқаптарында қолданылатын техникаларды дұрыс пайдалану жайында айтып өтті. Сондай-ақ, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Е.Е.Құлкеев пен басқарманың мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы С.Т.Сүлейменов те өз ойларын ортаға салды. Сөз сөйлеушілердің қатарында болған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»АҚ Жамбыл филиалының директоры Ө.Х.Оразымбетов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл филиалының директоры Н.Е.Сейітбеков, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шу қалалық филиалының директоры А.Қомаев, «Шу несие серіктестігі» ЖШС-нің басшысы Е.Ә.Досымбаев несиелендіру жайында жан-жақты түсіндірді.

Жиын соңында аудан басшысы:

-Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналу қажеттігін атап өтті. Осы бағытта біз көп жұмыс жасауымыз керек. Ол үшін сапалы тұқым себу, жаңа техника түрлерін көбейту, суды үнемдеу технологиясын ұтымды пайдалану, соя өсіруді қолға алу, кооперативтерге бірігу аса қажет. Жалпы, қандай жұмыс болса да бірігіп атқара білейік, – деді.

Ғалымдар қазіргі уақыт сорттардың өтіп кеткен мерзімі болғандықтан, кейбір тұқымдарды тауып беруге, ғылыми кеңестер беруге уәде берді. Қайрат Әскербекұлы орынбасары Әлихан Балқыбековке ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, бір шаруа қожалығына тәжірибе жүргізуді тапсырды.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суретте: семинардан көрініс.

Сурет П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75