Тағлымы мол татулықты ту етіп…

1+
3 мамыр 2017

Тағлымы мол татулықты ту етіп…

Тағлымы мол татулықты

ту етіп…

Дүйсенбі күні елімізде елдігімізді, татулығымызды, бірлігімізді, теңдігімізді айғақтайтын ең мерейлі мереке – 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні аталып өтті. Бірлік ұғымы ұлттар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі болса, түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астына шоғырланған шұғылалы мекенімізден сол ұлтаралық татулықтың жарқын көрінісін анық аңғаруға болады.

-----

Таң шапағы атысымен орталық алаңда әсем әндер мен күмбірлеген күйлер естіліп, елді ұйқысынан оятты. Күннің күңіренгені, ызғарлы жел мен себелеп жауған ақ жауын да жұртшылық өкілдерінің мерекелік көңілді күйлеріне еш кедергі келтіре алмады. Орталық алаңға қарай жан-жақтан тұрғындар ағылып жатты. Орталықтағы сахна, оның түрлі-түсті безендірулермен әсем әрленуі де атаулы мерекеге сай әзірленген. Салтанатты жиынның шымылдығы аспан түстес біркелкі киім киген мұғалімдерден құралған хордың орындауындағы «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнмен ашылды. Ән орындалып жатқанда жалау ұстаған жалынды жастар, оның артынша бірлігіміздің бекем екендігін айғақтаған түрлі ұлт өкілдері ұлттық киімдерімен қол ұстасып шағын шеру жасады. Қос жүргізуші ортаға шығып, ынтымақ пен ырысты арттырған нұрлы күнді әспеттегеннен кейін, сахна төріне аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаевты шақырды.

-Халқымызды жақындастыра түсетін тағылымды мереке тарих пен тағдыр тоғыстырған сан түрлі этностың басын біріктіріп, бірлігін паш ететін мерейлі мерекеге айналды. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де елдің ауызбіршілігі. Сондықтан біз берекені көктен емес, бірлігі мол көптен тілеуіміз қажет. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан еліміздің ырыс-несібесі мол болсын, ағайын! – деп аудан басшысы жиналған жұртшылық өкілдерін мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

Көпұлтты халықтың татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі елдің басты байлығы екендігі даусыз. «Ұлтың өзге», «Тілің бөтен» демеген қазақ қай ұлтты болмасын бауырындай көріп, қонақжайлылық танытудан жалыққан емес. Осы тектес мағынада, яғни, қаймағы бұзылмаған қазақ жерінің бірлігін білдіру мақсатында орталық алаңда көпшілік күткен дәстүрлі патриоттық негіздегі шеру көрсетілді. Бұл жолғы шеру жылдағыдан ерекшеленіп, түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімдерімен орындалған ұлттық билері көпшілік назарына ұсынылды. Алдымен қазақ ұлты көш бастады. Қызғалдақтай құлпырған қазақтың қаракөз қыздары ұлттық киімде би билеп, жүрекке жылу сыйласа, артынша неміс, ұйғыр, кавказ, кәріс, орыс, түрік, күрді, өзбек ұлттарының билері бірінен соң бірі орындалып жатты.

Жоғарыда аталған ұлттардың билері жекелей орындалып болғаннан кейін барлығы бір қатардан орын алып, өңір өнерпаздарының орындауындағы «Мекенім – Қазақстан» атты әсем әнді қосыла шырқап, қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімділікті паш етті.

Шеруді осы күнге дейін ауданның абройын қорғап, жеңіс тұғырынан көріне білген жас спортшылар жалғастырды. Көрермендердің зор қошеметімен ортаға шыққан спортшылар баскетбол, таэквандо, бокс сынды спорт түрлерінен жаттығулар көрсетті. Осыдан кейін биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі – «Экспо-2017» мамандандырылған көрмесіне арналған жастар флешмобы орындалып, көрме маскоттары бейнесіндегі қыз-жігіттер «Экспо-2017» жалаушалары ілінген түрлі түсті шарларды көкке қарай ұшырды. Болашағы баянды елдің бақытты балдырғандары да «Қуыршақтар», «Аспазшылар» билерін билеп, көрген көзді сүйсіндірді. Бұл көрініске куә болған әрбір көрерменнің бойын мақтаныш сезімі кернегені айтпаса да анық еді. Ортада жанған отшашулар да мерекелік көңіл-күйді арттыра түсті.

Салтанатты жиынның соңы көркемөнерпаздардың орындауындағы сазды бағдарламаға ұласты.

Мерекеге арналған шара тек орталық алаңда ғана емес, «Даңқ» аллеясынан бастап, М.Жүнісәлиев саябағы мен «Жастар» аллеясында да өтіп жатты. Саябақтардағы жаздық сахналарда орта мектептердің мерекелік сазды бағдарламалары ұсынылып, мектептен тыс мекемелердің қолөнер көрмелері көрсетілді.

Жергілікті кәсіпкерлер де серуен құрған көпшілікке бауырсақ, балмұздақ, сусын сынды тәттілерін саудалап, балаларға арналған батуттар мен әткеншектер, роликтер мен веллосипедтер, катамарандарды жалға беріп, қызмет көрсетті.

х х х

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін Шу қаласының тұрғындары да өз деңгейінде атап өтіп, оның лайықты өтуіне қалалық мәдениет үйінің қызметкерлерімен қоса жергілікті мектептердің ұстаздары мен оқушылары да  зор үлес қосты.

Мерекелік шара аудандық «Байкерлер клубы» мүшелерінің шеруімен басталып, орталық алаңға құрылған сахнаның қос қанатына топтасқан бірнеше мектептердің оқушылары түрлі ұлттардың әсем билерін көпшілік назарына ұсынды.

Салтанатты сәтте аудан әкімі Қ.Ә.Досаев қалалықтарды аталмыш мерекемен құттықтап, Қазақстан халқының бірлігі күнінің мәні мен маңызына тоқталды.

-Сан түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық келбеті мен мәдениетін бір арнаға тоғыстырып, өзара татулықты үндейтін бұл мерекенің орны ерекше. Қазақстанды жетістікке жетелейтін халықтың бірлігі. Ұлтаралық қарым-қатынастың берік ортасын қалыптастыру маңызды ұстанымдардың бірі. Өзара ынтымақтастықтың арқасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты артып келеді,-дей келіп, жиылған қауымға ізгі тілектерін жеткізді.

Мерекелік сазды бағдарлама қалалық ұстаздардың хормен орындаған патриоттық әнімен басталды. Сондай-ақ, аудандағы спорт мектептерінің өрендері спорттық өнерлерін ортаға салса, №40 шағын орталықты орта мектептің оқушылары өздерінің спорттық биінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін насихаттап, зор қошеметке ие болды. Әсем ән, сан түрлі бимен өрілген қалалық өнерпаздар мен мәдениет үйі қызметкерлерінің сазды бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шара барысында жиылған жұртшылық өкілдері бірнеше қалалық мектептер мен балабақшалар, балалар шығармашылық орталығы ұсынған қолөнер көрмесін,  №1 қалалық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Бейбітшілік бесігі – Тәуелсіз Қазақстан», «Егемен елдің кемеңгер басшысы» атты кітап көрмесін тамашалады. Орталық алаңдағы бір шаңырақ астына біріккен алты этномәдени бірлестіктің ұлттық көрмесі де көпшілік назарынан тыс қалмады.

Қала тұрғындары осындай мерекелік шараны тамашалай жүріп, Теміржолшылар саябағындағы жергілікті кәсіпкерлер саудасының көркін қыздырды.

Осылайша, қалалықтар да Халықтар бірлігі күнін лайықты атап өтті.

1-

Мерейлі мерекеге арналған шаралар ауылдық округтерде де ұйымдастырылды.

Ел ынтымағы тойланатын мерейлі мереке қарсаңында Бірлік бастауыш партиясының төрайымы Сандуғаш Иманбекованың ұйытқы болуымен Бірлік ауылындағы М.Х.Дулати атындағы орта мектептің алаңында кең көлемде мерекелік шара өтті.

Көңілге шаттық сыйлайтын түрлі түсті шарлармен, тақырыптық плакаттармен әсем безендірілген мектеп алдына оқушылар мен ұстаздардан бөлек ауыл тұрғындары да көптеп жиналды. Әр ұлттың өнерін, рухани байлығын сыйлауға, құрметтеуге келешек ұрпақты тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған  шара қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізілді.

Жоғары сыныптың оқушылары үш тілде өлең жолдарымен салтанатты шараның шымылдығын ашқаннан кейін, алғашқы құттықтау сөзді мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Ақмарал Жандабаеваға ұсынды.

Ізгілік пен бейбітшілік нышанын білдіретін күннің маңызын атап өткен мектеп директоры баршаға ізгілік пен татулық тіледі.

Мерекелік шараға арнайы келіп, тілегін білдірген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Әліпбаев ұйымдастырылған шараның жоғары дәрежеде өтіп жатқандығын атап өтіп, ауылдың ынтымағы мен бірлігі жалғаса беруіне тілек білдірді. Сондай-ақ, ауылдық әкімшіліктің бас маманы Биболыс Бекқұлов пен ауыл ақсақалы Байжан Шынболатов та ізгі тілектерін білдірді.

Аталмыш мектептің оқушылары түрлі жанрдағы билер билеп, әсем әндер орындады.

 

Динара Батырхаирова,

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

 

Суреттерде: мерекелік

шаралардан көріністер.

 

Суреттерді түсіргендер

Петр Норкин, Б.Жексенбекқызы.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75