Қазақ тілінің жаңа белесі

IJN_7588
8 маусым 2018

Қазақ тілінің жаңа белесі

Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері мінбердегі маңызды мәселелердің бірі болып келеді. Бұл тіліміздің болашағы үшін дер кезінде қолға алынған ғылыми маңызы бар лайықты бастама. Тарихи шешім қабылданғалы бері бұл мәселе халық арасында қызу талқыға түсіп, қолдаулар білдіріліп, қазақ әліпбиінің жазу графикасын латын қаріпіне көшіру жайлы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын жүргізу және тілге қамқорлық жасап, оның аясын кеңейту мақсатында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы шеңберінде «Қазақстан ұйымдастырушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Қазақ тілі – ғажап тіл» атты семинар ұйымдастырды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен семинарға мемлекеттік қызметшілер, білім беру, мәдениет және медицина саласының қызметкерлері шақырылды.

Аудан әкімінің орынбасары Ә.Ә.Балқыбеков жиынды жүргізіп, облыстан келген қонақтарды таныстырды. Тақырып төңірегінде сөз сөйлеген облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы С.С.Құрманбекова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Дулатитану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор С.О.Құлбарақ, облыстық «77 ТВ» телеарнасының тілшісі М.Тоқмолдаева  қатысушыларды латын графикасына көшу бағытында жүргізілетін жұмыстармен таныстырды. Яғни, биылғы жылдың 13 наурызында ҚР Үкіметінің басшысы 2025 жылға дейін латын графикасына өтуге байланысты 3 кезеңнен тұратын ұлттық жоспар қабылдады. Ол 53 пунктен тұрады. Еліміз оның бірінші кезеңіне кірісіп те кетті. Яғни, халықтың көзін латын әліпбиіне үйрету үшін газет беттерінде мақалалар жарияланып, телеарналарда насихатталып, тіл жанашырлары арқылы насихат жұмыстары жүргізілуде. Ал, маусым айының аяғына дейін республика көлемінде осы бағытта маманданған журналистер тобы құрылады. Ал, ағымдағы жылдың қыркүйек айында орфоэпиялық және орфографиялық сөздіктер, желтоқсан айында емле ережелері дайын болады. 2019 жылдан бастап 2025 жылға дейін барлық білім беру мекемелерінің педагогтары біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Мемлекеттік қызметшілер 2019-2021 жылдар аралығында мемлекеттік басқару академиясы арқылы курстан өтетін болады. 2021 жылдан бастап жергілікті жерлердегі әкімдердің қаулылары, басқарма бұйрықтары латын графикасымен жасалады. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап іс-қағаздардың барлығы жаңа әліпби негізінде жүргізіледі.

С.Құрманбекованың айтуынша, жоғарыда аталған жұмыстарды жүзеге асыру аясында биылғы жылдың өзінде облыс көлемінде 1019 іс-шара өткізіліп, тілдерді дамыту басқармасы 3 әлеуметтік жоба жариялап, жоба арқылы латын графикасын насихаттауға бағытталған тағы 51 шара ұйымдастырған. Жиын соңында тіл жанашырлары жиынға қатысушы сала қызметкерлеріне, ауыл әкімдеріне жергілікті тұрғындарға насихат жұмыстарын жиі жүргізіп отырудың маңызды екендігін айтты.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75