Сенбілікке салғырттық танытпайық

19 қыркүйек 2018

Сенбілікке салғырттық танытпайық

Қыркүйек айының 1-нен бастап ауданымызда қала мен елді мекендердің аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау науқаны жүріп жатыр. Екі айға созылатын бұл науқан барысында өңіріміздің өңін ашатын қоғамдық жерлер мен көше бойын күл-қоқыстан тазартып, қыс мезгіліне дайындау көзделіп отыр. Осыған орай, өткен сенбіде ауданымыздағы көптеген мекемелер жаппай сенбілікке шығып, ауданның біраз аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Дәл қазір көше бойлары мен қоғамдық жерлер жаз бойы жиналмаған темекі тұқылдары мен сусындардың шыныларынан көз ашпай тұр. Оған қоса уақыты жетіп сарғайған шөптер де ауданның әрін кетіріп тұрғаны бар. Сондықтан қоршаған ортамызды қоқыстан тазарту аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің мойнындағы шаруа. Осы міндетті кім қалай атқарып жатыр?

Біз өткен аптада өткен сенбілік барысында байқағанымыздай, көптеген мекемелер қоқыс жинауды қорлық көре ме кім білсін, әйтеуір, сенбілікке келгенде салғырттық танытады екен. Жүктелген жұмысқа атүсті қарап, «сенбілікке шықты» деген сөз үшін ғана белгіленіп кете беретін мекемелерді де байқадық. Тіпті, кейбір мекемелерді өздеріне тазалау үшін бөлінген аймақтың аумағынан көзіміз шалмады да. Бұл сөзімізді осы сенбілікке жауапты аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де растап отыр.

Мекемелерді айтпағанда ауданның кейбір тұрғындары да аулаларында шашылып жатқан қоқыстарды  тазалауға аса қатты ыждахаттылық таныта бермейді.   Сондықтан, мемлекеттік мекемелер жаппай сенбілікке шығып, тұрғындардың өз ауласын таза  ұстауына үлгі бола білсе дегіміз келеді. Әйтпесе, күнделікті тазалық сақталмаған жер мемлекеттік мекемелер бір-екі рет сенбілікке шыққаннан тазарып кетпейтіні анық.

Мият КӘШІБАЙ.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75