Талайды таңқалдырған таэквондошы

_DSC2730
24 сәуір 2019

Талайды таңқалдырған таэквондошы

Нұрасыл өзінің алғашқы кездесуінде украиндық қарсыласынан басым түссе, жартылай финалда түркиялық спортшыны сан соқтырған. Ал, ақтық сында татами иесінен айласын асырып, кезекті мәрте жеңімпаз болып отыр. Осылайша, байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкте желбіретіп, Гимнімізді асқақтатып қайтты. Нұрасыл Қуандықты алғашқы ұстазы Марат Тілеуқұлов бастаған шулық спортшылар үлкен құрметпен күтіп алды. Алғашқы ұстазы деп екпін түсіруіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені, Шу аудандық таэквондо федерациясының президенті, белгілі жаттықтырушы Марат Тілеуқұлов Нұрасылды 8 жасынан бастап спортқа баулып, 5 жыл бойы шәкіртіне таэквондоның қыр-сырын үйреткен. Ол былтырғы оқу жылынан бастап облыс орталығындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында тәрбиеленуде.

Сонымен қатар, Нұрасыл Қуандық үстіміздегі жылдың наурыз айында таэквондодан Өскемен қаласында өткен кадеттер арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын. 65 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрасыл аталған жарыста бес бірдей қарсыласын жеңіп, ел чемпионы атанған. Сол жетістігінің арқасында ағымдағы жылдың шілде айында Иордания елінде өтетін Азия чемпионатының және тамыз айында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін әлем біріншілігінің жолдамасына қол жеткізді. Сондай-ақ, шулық спортшы бұған дейін де бірқатар жетістіктерді бағындырды. Мәселен, қаңтар айында ғана Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық «Fujairah open» жарысында алтыннан алқа тағып, абыроймен оралған еді. Оған қоса, 10-11 жастағы спортшылардың арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Осындай жеңістерінің арқасында биыл ұлттық құрама сапына алынып, облыс намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүр. Бүгінгі таңда талантты таэквондошы еліміздің ұлттық құрамасымен бірге Алматы қаласына оқу-жаттығу жиындарын өткізуге аттанбақ. Айта кетуіміз керек, аудан орталығы Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп дарынды таэквондошылардың шеберханасы іспетті. Неге десеңіз, дәл осы мектепте оқыған Меруерт Әшірбекова таэквондодан үш мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Кеше ғана жеңімпаз атанып келген Нұрасыл Қуандық та осы мектептің түлегі. Еліміздің біртуар азаматы Қайрат Рысқұлбеков те аталмыш мектептен білім алған. Тіпті, ауданда ұзақ жылдар бойы үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан таэквондодан Қ.Рысқұлбеков атындағы дәстүрлі турнир бар. Белгілі жаттықтырушы Марат Тілеуқұловтың бастамасымен бұл турнир биыл 20-шы мәрте ұйымдастырылмақ.

Ерғали АСХАТҰЛЫ.

Суретте: қарсы алу сәті.

Сурет автордікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75