Жәрмеңке жүйелі өткізіледі

ярмарка2
26 қыркүйек 2018

Жәрмеңке жүйелі өткізіледі

Шу қаласында ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесін жүйелі түрде өткізіп тұру жөніндегі пайдалы бастама игі дәстүрге айналып келе жатқандай. Бұған дейін мәлімдегендей, аудан әкімі Қ.Ә.Досаевтың тапсырмасына сәйкес осы айдың екі жексенбісінде қалалық әкімдік алдындағы орталық алаңда жергілікті ауылшаруашылық өнімдері саудаға шығарылып келді. Ауданға қарасты ауылдық округтердегі ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер өз әкімдерінің жетекшілігімен аталған орынға таң атысымен келе бастайды.

Өткен сенбі күнгі жәрмеңкеге  ауылдық округтердің көпшілігі атсалысып, ет, сүт, картоп, сәбіз, пияз, тағы басқа қажетті азық-түліктерді саудаға шығарды. Алғашында келушілер қатары сирек болғанымен, біртіндеп көбейе түсті. Өйткені, жәрмеңкенің өтетіндігінен тұрғындардың барлығы бірдей хабардар емес екені белгілі. Базар бағасынан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынылған азық-түлік өнімін көріп, қызығушылық танытып жатқандар баршылық. Мысалы, 1100 теңгеден сатылған қой еті бірден өтіп кетті, базарда оның бағасы 1500 теңге. Картоп, пияз, қызанақ және басқа тауарларға да сауда қарқынды жүрді.

-«Батыс» мөлтек ауданындағы көпқабатты үй тұрғындары үшін әр сенбіде ауылшаруашылығы жәрмеңкесінің жүйелі өткізіліп тұруы көңіл қуантарлық іс болды. Ең бастысы, мұнда сақтау мерзімі өтпеген, балғын тауарлар сатылады әрі бағасы да базар бағасынан төмен,-дейді жәрмеңкеге келген қала тұрғыны Светлана Мельник.

Азық-түлік өнімдерінің бағасына келер болсақ, мысалы, сүттің литрі 130, пияздың келісі  35, сәбіздің келісі 90 теңгеден сатылды.

Бір қуантарлығы, осы аптаның сенбісінде және алдағы уақытта да аудан басшылығы қалалық әкімдік алдындағы орталық алаңда осындай шараны тағы да өткізуді көздеп отыр. Сондықтан, жәрмеңкеге келіп, қажетті азық-түлік өнімін сатып алуға асығыңыздар.

Нұржан Амангелдіұлы.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75