«Nurly jol» қызмет көрсетуге дайын

23,,
10 мамыр 2018

«Nurly jol» қызмет көрсетуге дайын

 

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ауданда алғашқылардың бірі болып кәсіп ашқан Кошали Гусейнов болатын. Кәсіп ашпастан бұрын ол балмұздақ сатумен айналысып, тірнектеп тапқан әр тиынын жинастырып, өз жеке кәсібіне қол жеткізгенше тыным таппайды. Төккен тер текке кетпеді. К.Гусейнов бүгінгі күні аудандағы ірі кәсіпкерлердің қатарында. Ауданның гүлденуіне айтарлықтай үлес қосқан елеулі еңбегі үшін оған Шу ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Одан бөлек, көптеген Құрмет грамоталарға, Алғыс хаттарға ие болған. Ең басты марапаты – Н.Ә.Назарбаевтың қолы қойылған “Бірлік» алтын медалін иеленгені.

Ол Нияз, Фатали, Рамазан есімді бірге туған бауырларымен «Рамазан» наубайханасын, «Нұрсұлтан» сауда үйін, «Арзу» мейрамханасын, «Балуан Шолақ» спорт кешенін, техникалық қызмет көрсету орталығын, жанар-жағармай бекетін, азық-түлік, құрылыс заттары дүкендерін, сауда ғимараттарын ашып, тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.

Кошали Алласұлы өткен жылы көктемде тағы бір кәсіпкерлік нысанның құрылысын бастаған болатын. Тура бір жылдың ішінде құрылысты толығымен аяқтап, үстіміздегі аптаның алғашқы күнінде көпшіліктің қошеметімен ашылу салтанатын өткізді.

«Нұрлы жол» деп аталатын универсалды қызмет көрсету орны заманауи үлгіде салынған. Бұл жерге келген адамға дүкен, дәмхана, ломбард және ақша айырбастау мен көлік жуу, жөндеу жұмысының сан түрі сапалы қызмет көрсететін болады. Ауданда 6 мыңнан аса кәсіпкер бар және олар қырық мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған. Ал, К.Гусейнов осы күнге дейін 50-ден аса адамды жұмыспен қамтып, енді тағы 60 адамға арналған жұмыс орнын ашты. Нысанның тағы бір ерекше тұсы – оның атауы мен жарнамалық жазулары төл әліпбиіміз – латын графикасымен таңбаланған. Атап өтерлігі, аталмыш кәсіпкерлік нысан республикалық мәндегі жолдың бойында орналасқан. Бұл дегеніміз – көздің жауын аларлық көріністі тек аудан халқы ғана емес, өзге аймаққа қатынайтын қонақтар да көретін болады.

Жағымды жаңалықпен бөлісіп, салтанатты ашылу рәсімге қатысқан аудан әкімі Қ.Ә.Досаев түрік ағайындылар алдында құттықтау сөз сөйлеп, бастамаларының баянды болуын тіледі.

Су жаңа нысанның салтанатты түрде лентасы қиылғаннан кейін, қуанышты сәтке жиналған жұртшылық өкілдері шашу шашып, ішін аралап көрді.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суреттер П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75