Заң талаптары түсіндірілді

_IJL1182
19 шілде 2017

Заң талаптары түсіндірілді

Заң талаптары түсіндірілді

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру» және «Еңбек дауларының профилактикасы және жұмыссыз жастармен жұмыс туралы» мәселелердің негізгі бағыттарын түсіндіру мен талқылау бойынша жиын өтті (суретте).

Аудандағы түрлі мекемелерде еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер шақырылған бұл жиынға «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жалпыұлттық қозғалысы қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Естемесұлы Төлендиев, облыстық коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Орынтайқызы Зәуірбекова арнайы келді.

Аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев жиынды ашып, кездесудің мақсатын түсіндірген соң сөз кезегін Айнұр Орынтайқызына берді. Ол өз сөзінде сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығын айта келіп, оның негізгі бес белгісіне тоқталды. Сонымен қатар, жемқорлықпен күресті күшейту бағытында өткізіліп жатқан байқаулардың да қоғамда өзіндік рөлі барын айта келіп:

-Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік сатып алу бағыты бойынша жемқорлық әрекеті өршіп тұр. Көбіне қарапайым адамдар жемқорлық әрекеттің құрбанына айналып жатады. Оған басты себеп – құқықтық сауаттылықтың төмендігі немесе мүлдем жоқтығы. Сондықтан, бүгінгідей дамыған заманда мемлекеттік қызметті алар алдында әр азамат тым болмаса ғаламтор арқылы өзінің құқығын біліп алғаны маңызды,-деген Айнұр Орынтайқызы көпшілікті осы мәселе төңірегінде ой бөлісуге шақырды.

Ал, кездесудің негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған көпшілікті қолдау көрсетуге шақыру. Осы жөнінде айтқан Қасымхан Естемесұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу дамыған 30 елдің қатарына қосылудың алғышарты екенін жеткізді:

-Дамыған отыздықтың қатарынан көріну үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының аясында ең негізгі заңдар қайта қаралды. 2015 жылы қарашада қабылданған «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңы, ҚР Конституциясы, ҚР қылмыстық кодексі сынды маңызды құжаттар аясында бірқатар жұмыстар атқарылып, бұл өз кезегінде жемқорлықтың жолын кесуге өзіндік зор ықпалын тигізіп отыр. Осы бағытта құрылған қоғамдық кеңестердің де рөлі ерекше. Сондай-ақ, халықтың хабарлағанының және құқық қорғау органдарының қуатты жұмысының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық бағытындағы көптеген қылмыстық істердің басы ашылды.

Сонымен қатар, ол 2014 жылы 4 шілдеде қабылданған қылмыстық кодекс бойынша сыбайлас жемқорлық  әрекетке жол берген адамның дүние-мүлкі тәркіленетінін және оған кешірім жасалмайтынын ескертті. Мемлекет сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында әлеуметтік жоба жасап, оған қомақты қаражат бөліп отырғандығын, ал ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы «Нұр Отан» партиясы мен оның филиалдары өкілдеріне осы мәселеге қатысты жаңа міндеттер жүктегендігін де назардан тыс қалдырмады.  Атап айтқанда, жоғарыда аталған стратегияның мақсаты мен міндеттері «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасының ережелерін, сондай-ақ басқа да қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары мен пікірлерін ескереді.

Осы және өзге де маңызды мәліметтерден хабардар еткен Қасымхан Естемесұлы Қазақстанның жемқорлық әрекет бойынша әлем елдері арасында 131-орында тұрғанын жеткізіп, сондықтан оны жоюға әр адам атсалысу керектігін айтып, көпшілікті бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырды.

Жиын барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарға мардымды жауаптар алды.

Динара Батырхаирова.

Сурет Петр Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75