Алаңдатқан әлеуметтік мәселелер аз болмады

_FEV0337
7 ақпан 2018

Алаңдатқан әлеуметтік мәселелер аз болмады

 

Өткен жұмада аудан әкімі Қ.Ә.Досаевтың аудан тұрғындарымен жыл бойы атқарылған жұмыстар жөніндегі есептік кездесуі Ақтөбе, Қорағаты және Өндіріс ауылдық округтерінде жалғасын тапты.

Кездесу алдымен Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп ғимаратында өткен кездесуге ауылдың қадірлі қариялары бастаған жергілікті жұртшылық өкілдері көптеп жиналды.

Округ әкімі Е.Оңалбеков күн тәртібінде қаралатын екі мәселені таныстырған соң, көпшіліктің бірауыздан шешім қабылдауымен округ әкімінің есебін қайталап тыңдамай, бірден күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудан әкімінің есептік баяндамасына кезек берілді.

Аудан басшысы әдеттегідей аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде мазмұнды баяндама жасап, көрнекі слайд арқылы тыңғылықты түсіндірді. Баяндама барысында тыңдаушыларды қуантқан жағымды жаңалық көп болды. Мәселен, 18 елді мекенді көгілдір отынмен қамту ісін қолға алу, білім беру ошақтарын материалдық-техникалық базамен жабдықтау,  өндіріс көлемін арттыру үшін төрт ірі жобаны жүзеге асыру, учаскелік полиция қызметкерлеріне жағдай жасауды қарастыру сынды қолға алынғалы жатқан істер кезекпен орындалатындығы жеткізілді.

Бір қуанарлығы, аталмыш ауылдық округтегі жиын өзге округтерден ерекше өтті. Себебі, мұнда ауылдағы проблемадан гөрі ауыл әкіміне мақтау көп айтылды. Демек, бұл Е.Оңалбековтың  жергілікті тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, көпшіліктің көңілінен шыққандығының белгісі. Жас та болса бас бола білген округ әкімінің бұл ісі аудан басшысына да ұнады.

Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Қалымбетов сөйлеушілерден бұрын сөз алып, тек жақсы сөздер жаудырды. Жергілікті билік басшылығына алғыстан басқа айтары жоқ екендігін жеткізіп, аудан басшысына «Ауылым менің Ақтөбе» атты төл туындысын тарту етті. Осылай шынайы көңілмен басталған жиын соңына дейін алғыс айтумен жалғасты. Десе де проблемасыз ауыл жоқ. Ақсақал Ә.Қыпшақбаев ауыл балаларының спортқа деген құлшынысы зор екендігін, тіпті жарысқа өз қаражаттары есебінен барып-келіп жүргендігін тілге тиек етті. Яғни, көлікпен жеткізу жағы қарастырылмаған. Сондықтан, алдағы уақытта осы мәселеге мән берілсе деген жас спортшылардың тілегін білдірді. Ал, Қ.Кәрімовтың айтуынша, жайылымдағы малдарға түз тағыларының шабуыл жасауы жиілеп кеткен. Сол секілді ауызсу мәселесі де алға тартылды. Көтерілген сұрақтарға тұщымды жауаптар қайырған аудан басшысы жауапты қызметкерлерге мән-жайды ретке келтіруді тапсырды.

Қорағаты ауылдық округінде де кездесуге жиналған жергілікті тұрғындардың қарасы қалың болды. Мұнда күн тәртібіндегі үш мәселенің алғашқысы бойынша округ әкімі А.Сәулебаевтың есептік баяндамасы тыңдалды. Екінші мәселе бойынша аудан әкімінің және үшінші мәселеге сай аудандық мәслихат хатшысының жыл бойы атқарған жұмыстары баяндалды.

Сұрақ-жауап кезегі келгенде Мойынқұм ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Жексенбиев бірден бірнеше сұрақ көтерді. Оның бірінде ауыл клубқа зәру екендігін, енді бірінде көшелер асфальттауды, әкімшілік ғимараты күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғандығын айтты. Ауылдық әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын жасау үшін 8 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген екен. Ендігі кезек жөндеу жұмыстарына қаражат бөлу болып тұр. Қайрат Әскербекұлы көтерілген мәнді сұрақтардың шешімі алдағы уақыттың еншісінде екендігін жеткізді. Балалардың болашағына алаңдаған зейнеткер ұстаз Сәуле Абрашқызы Мойынқұм орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарда бар-жоғын сұрағанда аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы М.Базарова жоспарда жоқ екендігін, бірақ жапсарлас орнатылған қазандық сыртқа шығарылатындығын айтты. Сонымен қатар, көкейіндегі сауалын қойған Ә.Сарыбаев ақсақал мемлекеттік қызметшілерге көңілі толмайтындығын ашып айтты. Аудан әкімі нақты қай қызметкерлер талапқа сай қызмет атқармай жатқандығы сарапқа салынатындығын тілге тиек етті.

Түстен кейін жиын Өндіріс ауылдық округінде жалғасты. Күн тәртібінде үш мәселе қаралатындығы ұсынылып, көпшілік оған қолдау білдірді. Округ әкімі М.Әшімбаев өз баяндамасында негізгі проблемалы тұстарға басымдық беріп және алдағы жоспарды атап өтті. Мәлімдеуінше, ауылдағы 145 зейнеткер зейнетақы алу үшін пошта ғимаратының бір бөлмесіне әрең сиятын көрінеді. Медициналық пункт ғимаратының жағдайы да мәз емес, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал алдағы жоспарда ауылға мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, тұрғындарды газбен қамту үшін мердігермен келісімшарт жасалынып, әр отбасы 330 мың теңгеге көгілдір отынның игілігін көргелі отыр. Ауылдың жеке кәсіпкері 30 орындық монша салу үшін жер телімін сұрап отыр екен. Жалпы ауылда атқарылатын жұмыс көңілге қонымды, ілгерілеушілік байқалады. Осыдан кейін Қайрат Әскербекұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Ержан Көрікбайұлының есептік баяндамалары тыңдалды. Ауыл әкімі өз баяндамасында біраз жайтты жеткізгендіктен тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар да көп болмады. Соңында ақсақалдар жалпы жергілікті тұрғындардың атынан аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, қанағаттанарлық бағаларын берді.

ххх

Жергілікті әкімдердің халық алдындағы есепті кездесулері аптаның алғашқы күнінде Дулат, Балуан Шолақ, Жаңақоғам ауылдық округтерінде өтті.

Дулат және Балуан Шолақ ауылдық округтерінде өткен жиында күн тәртібіне сай бірінші кезекте аталған екі елді мекеннің әкімдері М.Әлімқұлов пен Н.Сұлтанбаевтың округте, мұнан кейін аудан әкімі Қ.Досаевтың аудан аумағында жыл бойы атқарған жұмыстары жайындағы баяндамалары тыңдалса, Н.Қондыбаеваның басшылығындағы Жаңақоғам ауылдық округінде көпшіліктің ұсынысымен бірден аудан әкімінің есебіне кезек берілді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев аудандық мәслихат аппаратында және депутаттардың ықпалымен олардың сайлау учаске-лерінде атқарылған жұмыстар бойынша  қысқаша хабарлама жасады. Жиылған жұртшылық өкілдерінің келісімі бойынша үш округте де әуелі барлық баяндамашылар есеп беріп, мұнан соң сұрақ-жауап кезеңіне көшті.

Дулат ауылдық округінде округ әкімі М.Әлімқұлов елді мекенде атқарылған жұмыстарды баяндай келіп, сөз соңында аудан басшысына өзінің бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Мысалы, округтегі медициналық пункт жағдайының мүшкілдігін айтып, оның жобасын жеделдетіп жүзеге асыру, мемлекет есебіндегі 76 гектар суармалы жерді пайдаланамын деген ауыл азаматтарына беру, округке қарасты бөлімшеде қызмет етіп отырған бір бас маманды қайтадан округ орталығындағы әкімшілікке қайтару сынды ұсыныстарын алға тартты.

Аудан әкімі Қ.Досаев әдеттегідей өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын арнайы дайындалған слайдтармен жан-жақты түсіндіріп, аудан өміріне қатысты маңызды оқиғаларға тереңірек тоқталды. Атап айтқанда, жерді толық игеру, тұрғын үймен қамту бағытындағы игі бастамалар, өндірістік нысандарға қатысты, учаскелік полиция қызметіне енгізіліп отырған жаңа жобалар, тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамту жөнінде тыңғылықты  түсіндірді. Алдағы уақыт еншісінде тұрған жағымды жаңалықтарды да назардан тыс қалдырмады. Ал, аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев өткізілген сессиялар саны, онда қаралған мәселелер, олардың шешілу жолдары, келіп түскен өтініштер мен аппаратта өткізілген қабылдаулар саны, депутаттық сауалдардың орындалуы, тағы басқа жайттарды баяндады.

Сұрақ-жауап кезеңінде Дулат ауылдық округінің тұрғыны Т.Іңкәрбеков Мойынқұм ауданына жақын маңда шаруа қожалығы барын, сол төңіректегі  канал тазаланбағандықтан, су нашар келетіндігі және малдәрігерінің анықтамасын алу үшін Бөлтірік елді мекеніне бармай, маманды белгілі күндерде Бәйдібек ауылына шақырту сынды екі мәселе көтерді. Оның алғашқысына облыс басшысымен тиісті қаражат бөлінгендігі, канал биыл тазаланатындығы айтылды. Ал, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Б.Ниязбеков малдәрігерін ауылға шақыру мәселесі шешімін табатынын жеткізді. М.Мауталиевтің Қосы батыр көшесін жөндеу жөніндегі сұрағына аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев жауап беріп, жоба жасалғандығын, алдағы уақытта қадағаланатынын мәлімдеді. А.Сәрсенбеков электр бағандары ескіргендіктен, жарық  әлсіз және жел тұрса өшіп қалатындығын алға тартқан еді. Оған аудандық  электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің өкілі тиісті жауап бергенімен, аудан басшысы округке аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы бір маман берілетінін айтты. Д.Қарнақбаев көтерген көпірді жөндеу мәселесі бойынша аудан басшысы «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Ә.Омаровқа тендер жазда ойнатылып, ол тиісті жұмысты  атқарғанға дейін көпірге ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуді тапсырды. Аудан басшысы өзге де тұрғындар тарапынан туындаған көгілдір отынмен қамту, жастарға демалыс орнын ашу сұрақтарына қанағаттанарлық жауаптар берсе, көмір сапасына мән беру, қарапайым тұрғындар мен билік өкілдері арасында диалог орнату  сынды ұсыныстарды зерделеп көретінін жеткізді.

Балуан Шолақ ауылдық округінде М.Бектілеуов  ауданда эндокринолог маманының жоқтығына алаңдайтынын білдірді. Бұл сұраққа аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Н.Алтаев осы уақытқа дейін қызмет көрсетіп келген маманның бала күтімі демалысында отырғанын, орнына адам алу штат бойынша қарастырылмағанын айтса, аудан әкімі «айына бір рет болса да аталмыш маманның облыстан келуін ұйымдастырудың жолдарын қарастырамыз»-деді. А.Сағатов Бармақ көшесінде жарық жанбайтынын алға тартқан еді. Оған округ әкімі тиісті жауап берсе,  Қайрат Әскербекұлы қолынан іс келетін, жұмыс жасайтын ауыл азаматы болса, қоғамдық жұмыс арқылы монтер ретінде жұмысқа орналастыруға ықпал ететінін айтты. Ж.Шатанов ағын судың нашарлығы, ауыл маңындағы каналды тазалап, ауылға су тарту мәселесін көтерді. Оған аудан басшысы мәселенің мән-жайын түсіндіріп, округ әкіміне шаруалармен тығыз байланыста жұмыс жасап, тиісті мекемеге ертерек өтініш беруді тапсырды. Мал шаруашылығымен айналысатын Б.Солтиев ағын суға тиісті қаражатын төлеп отырғанымен лайықты берілмейтіні, жайылымдық жердің қажеттігі, ауданнан шұжық цехын, тері қабылдау пунктін ашу сынды сұрақтарына Қайрат Әскербекұлы қанағаттанарлық жауаптар берді. Ал, қойшыға заңдастырылған мылтық беруге рұқсат ету, мал ұрлығына шек қою мәселелері бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің (ІІБ) басшысы түсінік беріп, қару ұстауға осы жердің азаматы болса ғана рұқсат етілетінін айтты. Осы тұста Қ.Досаев  мал ұрлығына қатысы бар үш нөмірлі көлік мәселесін қарауды аудандық ІІБ-нің басшысына міндеттеді.

Жаңақоғам ауылдық округінде Ә.Құралов ауызсу, И.Босқынбаев бау-бақшаға кері әсерін тигізіп отырған жер асты суының көтерілуін шектеудің жолдарын қарастыру,  Ш.Жұмаділов малдәрігері қызметіне тағайындалған жас  маман ауылда тұрмайтындықтан, малдәрігерін жергілікті жерден қою мәселелерін көтеріп, оларға тиісті жауаптар беріліп, аудан әкімі малдәрігері қызметін атқарып жүрген жас маманды халықпен түсіністікте жұмыс жасауға шақырды. Т.Наметовтың көпір жөндеу сұрағына Қ.Досаев тиісті жауап беріп, бірінші кезекте апатты жағдайдағы көпірлер жөнделетінін айтса, аудан әкімінің орынбасары Ә.Балқыбеков комиссия құрып, аудан бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. С.Әденов мәдениет үйіне музыкалық аспаптар алуға қол ұшын беруді сұрады. Бұл бойынша аудан басшысы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына қажетті нәрселерге жоба жасап беруді тапсырып, биыл қолға алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Ж.Асланов ауылдағы алты көше көктемде ми балшыққа айналатындықтан, оған қиыршық тас төсеу, электр бағандарының ескіруіне орай, мектеп, медпункт трансформаторларын аудандық электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің меншігіне беру қажеттігін айтты. Қайрат Әскербекұлы жолға қиыршық тас төсеу мәселесін қарастыратынын, ауылдан электр жұмысына жақын бір адам табылса, жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмыспен осы ауылға жауапты адам ретінде бекітуге ықпал ететінін мәлімдеді.

Жоғарыда аталған үш елді мекенде өткен есепті кездесулер барысында жергілікті тұрғындар билік өкілдерінің жыл бойы атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық баға берді.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Динара БАТЫРХАИРОВА.

Суреттерде: есептік кездесуден көріністер.

Суреттерді түсірген

Петр Норкин.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75