Ұтымды ұсыныстар айтылды

_FEV0974
21 ақпан 2018

Ұтымды ұсыныстар айтылды

 

Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР 2015 жылғы 2-қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының талаптарына және аудандық қоғамдық кеңестің 2018 жылғы І-тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық кеңес отырысы өтті.  Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде аудан әкімі Қ.Ә.Досаевтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2017 жылғы қорытындылары туралы есебін тыңдап, оны талқылау жөнінде бір ғана мәселе қаралды.

Жиынға төрағалық еткен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Е.Досымбаев жиылған жұртшылық өкілдеріне басқосудың мақсатын, күн тәртібін, жұмыс регламентін таныстырып, сөз кезегін күн тәртібіндегі мәселе бойынша есеп беру үшін өңір басшысы Қайрат Әскербекұлына берді.

Қ.Досаев ауданның өткен жылғы даму қорытындылары туралы мазмұнды баяндама жасап, аудан өмірінің әр саласындағы даму көрсеткіштерін, арнайы дайындалған слайдпен жан-жақты түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, әлеуметтік, құрылыс, тұрғын-үй, салаларына қатысты жаңа жобаларға тереңірек тоқталып, көпшілікті Н.Назарбаевтың Жолдауында көрсетілген жаңа міндеттерді бірлесіп орындауға үлес қосуға шақырды.

Осы уақытқа дейін елді мекендерде өткен есепті кездесулердегідей, мұнда да жиынға қатысушылар өңір басшысына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Алайда, байқағанымыздай, бұл жиында сұрақтан гөрі ұсыныс көбірек айтылды.

Мысалы, аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Қ.Байжұманұлы аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық баға бере отырып, өңірде халықтар достығы үйін салу, атшабар орнын кәдеге жарату, ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың техникаға қол жеткізуі үшін субсидия алуға қолдау көрсету жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Ал, облыстық мәслихат хатшысы Б.Саудабаев иесіз жерді мемлекет меншігіне қайтарып, пайдаланушыларға беру, Е.Досымбаев алда келе жатқан ауданның 90 жылдығына дайындыққа осы бастан қам-қарекет жасау, стадион салу және егістікті суғаруға ыңғайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартты.

Күн тәртібіндегі мәселе толық қаралып, талқыланған соң тиісті ұсынымдар қабылданып, оның орындалуын бақылау қоғамдық кеңес мүшелеріне жүктелді.

Динара Батырхаирова.

Сурет Петр Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75