Бір сәби – бір ағаш

21,042018г.
10 мамыр 2018

Бір сәби – бір ағаш

 

Қазақта «Бір жылдығын ойлаған халық дән егеді, жүз жылдығын ойлаған халық тал егеді» деген жақсы мақал бар. Ал ағашты келер ұрпақ үшін отырғызу үлкен сауапты істердің бірі. Себебі, ол ағаш келер ұрпақпен бірге көктеп, бірге өсіп, бірге жайқалатын болады.

Сенбі күні аудан көлемінде тал егу жұмысы мен жаппай сенбілік ауқымды түрде ұйымдастырылды. «Бір сәби – бір ағаш» деп аталған акция өңірде өмірге келген әр сәби үшін тал отырғызуға арналды.  Бұл игілікті іске аудан әкімі Қ.Ә.Досаевтан бастап аудан әкімдігінің барлық бөлімдері мен мекемелерінің өкілдері, білім ошақтары және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен жастар қауымы да атсалысты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында бастау алған жоба барысында аудан бойынша 1000-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.

Ауданды көгалдандыру ісіне барын салған азаматтар бұл істі алдымен Төле би ауылындағы М.Жүнісәлиев атындағы саябақтан бастап, Шу қаласындағы «ЭЧ» теміржол мекемесі маңында жалғастырды. Білектерін сыбана жұмысқа жұмылғандардың бірі күрек алып жер қазса, енді бірі түрлі сәндік ағаштардың көшеттерін қазылған орынға отырғызды. Шелектеп су тасыған жастар мен ақылын айтып, бағыт-бағдар көрсетіп жүрген ақсақалдардың өзара үйлесім табуы да әдемі көрініс беріп тұрды.

Бүгін егілген талдар ертең мәуелеп өскен үлкен ағашқа айналады. Сәбилердің, жастардың болашағы да баянды, жарқын болсын деген мақсатта қолға алынған іс-шара әлі де жалғасын таба бермек.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суретте: сенбіліктен көрініс.

Сурет Петр Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75