Берлинге жеткен жауынгер

Ибрагим Мусаев
11 мамыр 2017

Берлинге жеткен жауынгер

Берлинге жеткен жауынгер

Ибрагим Таирұлы Мусаев 1925 жылы 27 желтоқсанда шаруалар отбасында дүниеге келген. Сегізжылдық мектепті бітіріп, 16 жасында соғысқа аттанады. Майлан қаласындағы Украина, Белорусь, Польша, Германия жерлерін басып өтіп, Берлин қабырғасына дейін қайыспай күрескен. Ерен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және II-дәрежелі «Даңқ» және III-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталған.

Қазақта «Қарты бар елдің қазынасы бар», «Есік алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда қария болса жазып қойған хатпен тең»-деген қанатты сөздер бар. Көргені мен түйгені мол қарияны әңгімеге тартып, жойқын соғыстың басталған тұсындағы сәтін айтып беруін сұрадық.

Ел басына күн туып, неміс басқыншылары тұтқиылдан еліміздің тыныштығын бұзған шақта Ибрагим Таирұлы небәрі 16  жаста еді. Буыны бекімегеніне қарамастан үлкендерден қалыспай, таңның атысынан күннің батысына дейін «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еткен ардагер әңгімені былай бастады:

– Таңғы сағат 4.00-де диктор Левитанның жер бетін жаңғыртқан дауысы естілді. Оның суық хабарынан «тұтқиылдан неміс фашистері Отанымызға шабуыл жасады, шекарамызды бұзып өтті» дегенді естідік. Содан бір айдың ішінде ауылдағы әскер жасындағы адамдардың барлығы соғысқа шақырыла бастады. 1941-1942 жылдардағы жан берісіп, жан алысқан шайқасты өмірімдегі ұмытылмас уақыт деп айтар едім. Бәрі дәл кешегідей көз алдымда.  Елімізге опасыздықпен шабуыл жасаған неміс басқыншыларына деген халықтың ашу-ызасы теңіздей толқыды. Бүгінде бәрі айтуға оңай, ауыр күндер де өтті ғой. Амал не, ауылды да зардабына ораған соғыстың кесірінен қаншама адам қиналды,-деп ойлана күрсінді ардақты ата. Мүмкін алыста қалған қызуы мол жастық шағын ойлады ма, әлде балалық шағын ұрлаған отты жылдардың елесі көз алдына келді ме, ол үнсіз отырып қалды.

Әрине, соғыстың шарпыған жалынын тоқтату жолында көптеген азаматтар қаза болды. Бірақ олардың аспаны ашық болуы үшін барлық күштерін сарп еткен азаматтарға мың алғыс. Ұлы Жеңіс кейінгі ұрпаққа аманат!

Осы орайды пайдалана отырып, мен де:

-Кеудеңізге тағылған бірнеше орден-медальдарды көріп отырмын. Майдандағы қайсарлығыңыз үшін берілген әрбір марапат жүрегіңізге ыстық  болар. Дегенмен сіз үшін бағалысы қайсысы?-деп сұрадым.

-Мен Берлин түбіндегі шайқасқа қатыстым. Жау әскерінің екі мәрте жойқын шабуылын тоқтаттық. Сол үшін маған  ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденін берді. Содан кейін екі-үш айдан соң мені Ұлы Отан соғысының ІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттады. Біраз уақыттан соң көзден жараланып, елге оралдым,-деді майдангер.

Қазіргі сәтте Ибрагим ата төрт баладан немере-шөбере сүйіп, тәуелсіз елдің жетістігіне риза болып отыр. Жеңіске жеткеннен бері 72 жыл өтсе де, Ибрагим ата ешқашан еленбей қалған емес. Билік тарапынан әрбір мереке қарсаңында құттықтаулар келіп тұрады екен. Бейбіт елде осындай қамқорлыққа ие болып отырғанына дән риза. Сұм соғысты көзбен көрген ол әлемде тек бейбітшілік болсын деп тілейді.

Алтынай АБДРАИМОВА.

Суретте: ардақты ардагер немересімен бірге.

Сурет П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75