Алғашқы цифрландырылған ақпараттық орталық

1
2 қазан 2018

Алғашқы цифрландырылған ақпараттық орталық

 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың 3 қарашасында партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия алдында цифрландыруға қатысты тапсырмалар берген болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес 22 жаңа жоба қолға алынып, оларды тиімді жүзеге асыру үшін бірнеше меморандумға қол қойылды. Жаңа реформаның басты мақсаты – Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруға жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру болып табылады.

Газетіміздің өткен сандарының бірінде бастамашыл жоба аясында IT сыныптардың ашылғандығын жазған болатынбыз. Сол секілді жоба аясынан кітапханалар да тыс қалған жоқ. Еліміздің кітапханаларын заманауи оқу орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы кітапхана қорын цифрландыруды қолға алған. Ауданда кітапханаларды цифрландыру жүйесінің алғашқы шымылдығы Бірлікүстем ауылдық округіндегі кітапханада ашылды.

«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында аталмыш ауыл кітапханасының «Цифрландырылған ақпараттық орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев, аудандық мәслихат аппаратының басшысы С.Сасықбаев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Жазықбаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Б.Алжанбаева қатысты. Салтанатты рәсімде Н.Жақсыбаев пен С.Сасықбаев және  кітапхананың тұрақты оқырманы Б.Көпбаев ақсақал сөз сөйлеп, жобаның маңызы туралы айтты. Осыдан кейін Н.Жақсыбаев пен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қ.Шолпанқұлов салтанатты түрде орталықтың лентасын қиып, қонақтармен бірге ішін аралап көрді.

Орталық іші заманауи дизаинмен жабдықталған. Оқырмандардың белсенді жұмыс жасауына бес компьютер, интерактивті тақта және кітап көшірмесін алу үшін сканер құрылғысы орнатылған. Одан бөлек 9000-ға жуық кітап қоры бар. Ал компьютерлер WI-FI желісіне қосылған. Атап өтерлігі, келушілердің осы орталық арқылы әлеуметтік желілілерді пайдаланып, қажетті мәлімет алып, тіпті «e.gov» порталына тіркеліп, құжат мәселесін де реттеуіне мүмкіндік бар.  Сондай-ақ, ұялы телефон арқылы әлеуметтік желі қолданушыларына ыңғайлы орындар да қарастырылған.

Осындай орталық тағы бес кітапханада ашылады деп жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, «Нұр Отан» партиясының бастамашыл жобалары ауданда қарқынды түрде жүзеге асуда.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суреттер П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75