Қос мереке иелері құрметке бөленді

23+
26 маусым 2017

Қос мереке иелері құрметке бөленді

Қос мереке иелері құрметке бөленді

Кеше аудандық Мәдениет үйінде Мемлекеттік қызметші және Полиция қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Оған ауданымыздағы көптеген мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.

Әуелі сахна төріне ҚР мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы салтанатты түрде шығарылып, мемлекеттік Гимн орындалды. Мұнан соң кеш жүргізушілері аталмыш екі кәсіби мерекенің мәні мен маңызына қысқаша тоқталып өтті.

Салтанатты сәтте аудан әкімі Қ.Ә.Досаев мереке иелеріне деген өзінің ақжарма тілегін жеткізді.

-Мемлекеттік қызмет – мәртебелі, жауапкершілікті міндет. Ауданда еңбек етіп жүрген 232 мемлекеттік қызметкердің барлығы Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмасын лайықты орындап, қоғам игілігіне қызмет етуге бар күш-жігерлерін салуда. Мемлекеттік қызметкерлер қатарын білімді, білікті мамандармен толықтыру  Елбасының ұстанымы. Сондықтан сіздердің еңбектеріңізге мол табыс тілеймін,-деді Қайрат Әскербекұлы.

Сондай-ақ, аудан басшысы полиция қызметкерлері мен ардагерлерін де кәсіби мерекелерімен құттықтап, бүгінгі тыныш өміріміз құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерен еңбегінің жарқын көрінісі екенін атап айтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз, полиция қызметкері Ғ.Байтасовтың ерлігін жастарға үлгі етті.

Мұнан кейін бірқатар мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік қызметтегі көп жылдық еңбегі, қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Алғыс хатымен марапаттады (суретте).

Сонымен қатар, ауданның құқық қорғау саласын жетілдіруге, оның ішінде қылмыстың алдын алу шараларын жүргізуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға сіңірген қомақты еңбектері үшін полиция қызметкерлері күні кәсіби мерекесі және ҚР Полициясына 25 жыл толуына орай бірнеше құқық қорғау саласының қызметкерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына 25 жыл толуына байланысты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Алғыс хатттарын табыс етті.

Мерейлі марапаттан соң аудан басшысы Қайрат Әскербекұлы ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай, аудандық ішкі істер бөлімі мен жергілікті полиция қызметіне аудан әкімінің сыйлығы ретінде екі компьютерді сыйға тартты.

Мұнан соң мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған қызметкерлер көпшілік алдында ант қабылдады.

Өз кезегінде аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев те өз атынан және аудандық мәслихат депутаттары атынан мереке иелерін құттықтап, аудандық мәслихат аппаратының басшысы С.Сасықбаевқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Грамотасын тапсырды.

Ішкі істер бөлімі басшысының кадр жөніндегі орынбасары  М.Есенов те өз әріптестеріне мерекелік жылы лебізін білдірді.

Салтанатты жиынның соңы өңіріміздегі «Айлун» бишілер тобының әсем биімен басталған аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының сазды бағдарламасына ұласты.

Динара Батырхаирова.

Суретті түсірген Петр Норкин. 

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75