Саябақ күтімді қажет етеді

20170807_125014
10 тамыз 2017

Саябақ күтімді қажет етеді

Саябақ күтімді

қажет етеді

Аудан әкімі Қайрат Досаев  қоғамдық мәселелерге арналған жиындар немесе тұрғындармен кездесулер болсын, қандай оңтайлы басқосулар болса да үнемі елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру мен санитарлық тазалық тақырыбын назардан тыс қалдырған емес және бұл алдағы уақытта да өзекті мәселе болып қала бермек. Сондықтан, ауданда жүргізіліп жатқан жол жөндеу, түнгі жарықпен қамту, көшелерді ретке келтіру сынды өзге де жұмыстармен қатар, апатты қоқыс орындарымен күресу, ағаштарды кесіп, көшелерді қаулаған қалың шөптен тазарту шаралары жалғасуда.

Ағымдағы жылдың көктемінде аудан басшысы Шу қаласындағы «Теміржолшылар» және «Жеңіс» саябақтарының аянышты жағдайын сөз еткен болатын. Оның күтімсіз келбетін көру аз болғандай, өкінішке орай, жерлестеріміздің арасында қандай да бір нәрсені сындырып немесе ұрлап әкететіндер де кезігуде.  Қоқыс жәшігінің жанына келіп тұрып, бөтелке немесе өзге де қалдықтарды оның ішіне емес, міндетті түрде дәл қасына шашып кететіндері алаңдатады. Саны жағынан азғантай ғана қоғамдық жұмысшылардың саябаққа келген әр адамның  соңынан аңдып жүруі физикалық тұрғыдан мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті.

Дүйсенбі күні аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиевті, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаевты және басқа да жоғарыда аталған саябақтарды өз көздерімен көруді ниет еткен азаматтарды шақырды (суретте). Қоғамдық орындардың барлық бөліктеріне қатысты ойлар ортаға салынып, талқыланған соң осы жексенбіде «Теміржолшылар» саябағында кең көлемді сенбілік ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды. Ал, «Жеңіс» саябағына аудан басшысы суару жүйесін орнату жөнінде тиісті тұлғаларға тапсырма берді. Өйткені, сусыз бұл маңдағы ағаштар мен жасыл желектің жайқалмайтыны анық.  Сонымен қатар, саябақтың оңтүстік-шығыс жағындағы қоршаусыз бөлігінен көлікпен кіруге тосқауыл қою жөнінде де тапсырма берілді. Өйткені, кейбір демалушылардың  бетімен кеткені  соншалық, олар саябақтағы аллеялардың ортасымен көлікпен жүретін деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, саябақ лайықты қалпында болып, тұрғындардың игілігіне айналуы қажет. Сондықтан, оған енді қажетті күтім жасалып, сенімді бақылауға алынатын болады. Ал, демалушыларға қойылатын бір ғана талап – зиянкестік жасамау. Сонда ғана айналамызда тәртіп пен тазалыққа қол жеткізілмек.

(Өз тілшіміз).

Суретті түсірген Н.Амангелдіұлы.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75