Қоныс аударудың ұтымды тұсы көп

++
26 ақпан 2018

Қоныс аударудың ұтымды тұсы көп

 

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағыты – «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы» аясында жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударушыларды қабылдау квотасын орындау мақсатында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығы Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген жұмыс тобымен аудан тұрғындарын кездестірді. Жұмыс тобы тоғыз ауылдық округтің және Шу қаласы мен Төле би ауылының тұрғындарымен жүздесті.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өткен жиынға Солтүстік Қазақстан облыс әкімдігінің жұмыспен қамту басқармасының бас маманы Е.Тұрғынов, СҚО-ның Тайыншы ауданы әкімінің орынбасары Ж.Алданазарова, Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары Ү.Нұртазина және аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры С.Көпбаев қатысты. Жиын аудан әкімінің орынбасары Е.Аймамбетовтың төрағалық етуімен өтті.

Солтүстік өңірден келген қонақтар залға жиналған тұрмысы төмен, жұмыссыз жүрген азаматтарға қоныс аударудағы тиімділік пен ұтымдылықты түсіндіруге тырысты. Ерлан Құрмашұлы егер адам тәуекел етіп қоныс аударуға ниет білдірсе, мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар білдірілетіндігін айтты. Яғни, мемлекет тарапынан екі түрлі субсидия беру қарастырылған. Оның бірінде көшу шығынын өтеу үшін отбасының әр мүшесіне 84 мың теңге көлемінде бір реттік көмек берілетін болса, екіншісінде бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтелетін болады.  Тіпті, көшіп барған өңірдің жергілікті әкімшілігі кәсіппен айналысамын деген азаматтарға уақытша мал беріп, тегін түрде 25 сотық жер бөліп, керек десеңіз оны жыртып, тұқымын да сеуіп беретін көрінеді. Ал,  Жанар Ермекқызының айтуынша, Тайыншы ауданы шаруашылықпен айналысатын шаруаларға өте қолайлы аудан. Жері құнарлы болғандықтан еккен егін бітік шығып, қаузаған шөпке тойған мал семіріп, біздегі бес сиыр беретін сүтті ол жақтың екі сиырынан сауып алуға болатын ұтымды тұстары көп.

Жас мамандар үшін бос жұмыс орындары да жеткілікті. Көбіне мұғалім, дәрігер мамандары тапшы. Қысқа курсты мамандықтар оқытылып, біліктілікті арттыру үшін қайта оқыту курстарынан өтуге де болады. Ал жұмыстан бас ала алмайтын ата-аналардың балалары үшін интернаттар  қарастырылған. Оқушылар интернатта тегін түрде жатып оқып, бес мезгіл ыстық тамақпен қамтылып отырады. Кәсіптік негіздегі мамандықпен оқытатын колледждер де тегін түрде дәріс беріп, шәкіртақымен қамтамасыз етеді. Ал мамандығы жоқ азаматтар да екі қолға бір күрек таба алады. Себебі, жоғарыда аталып өткендей шаруашылықпен айналысу тиімді іс болмақ. Бір қызығы, мұндағы тұрғын үйлердің бағасы 150-200 мыңнан басталады екен. Ал сапасы жақсы, үлкен үйлерді тіпті 800 мыңға да алуға мүмкіндік молынан.

Өткен жылы күнгейден теріскейге 180 оңтүстіктік отбасы қоныс тепкен болса, оның 40-ы Жамбыл облысын құраған, соның ішіндегі 15 отбасы біздің ауданнан шыққан. Солардың бірі – жерлесіміз Аралбай ақсақал осыдан 12 жыл бұрын ауданымызға көршілес Қытай елінен көшіп келіп, былтырдан бері солтүстік өңірдің жергілікті тұрғыны есебінде. Қажетті құжаттарын жинап, бағдарлама арқылы көшіп барған алпысты алқым-даған ақсақал осыған дейін неге бірден сол өңірге баруды ойламағанын айтып, ертерек қамданбағанына өкінетінін білдірді. Қазіргі таңда жекеменшік үйі бар, 5 гектар жеріне түрлі дақылды сеуіп, нәпақасын көріп отыр. Оның айтуынша, ол жақта қаз асырау жақсы дамыған. Оның етін өткізіп, жүнінен көрпе-жастық тігіп сататындар бақуатты адамдардың қатарында. Жалпы кәсіп ашып, өз істерін дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік. Тек халық санының аздығы ғана алаңдатады. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан тұрғындарын еліміздің жұмыс көзі көп аймақтарына қоныс аудартудағы мақсат Солтүстік өңір-дегі халық санын көбейту болып отыр.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, соңында жеке әңгімелер де жүргізілді. Осының өзі аудан азаматтарының қоныс аударуға ниетті екендіктерін білдіреді.

Балнұр Жексенбекқызы.

Соңғы жаңалықтар

IMG_7018 ҚОҒАМ
12.09.2018

Өзекті мәселелерді бақылауға алды БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША, АРНАЙЫ БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ САЙ АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ ТЕРЛІКБАЕВ ӘЛІБЕК МАМЫТЖАНҰЛЫ КЕЛІП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (СУРЕТТЕ). «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИЫНҒА АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛҒАН ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов жиынды ашып, облыстан келген қонақты таныстырып, көпшілікті жиынға белсене атсалысуға шақырды. Мұнан кейін сөз кезегін алған Ә.Терлікбаев: -Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алып, тұрғындардың мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен байланысы, мекемелердің қызмет сапасы жөніндегі ойларын, оларға қатысты сын-пікірлерін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді жоғарғы билік өкілдеріне жеткізіп, оңынан шешілуіне ықпал ету,-деп атап өтті. Сұрақ-жауап кезеңінде алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі М.Шалғынбаев бірнеше уақыттан бері нақты шешімі табылмай келе жатқан көгілдір отынның құнына байланысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ, осы сұрақ төңірегінде М.Уақтегі, Н.Бердиев, Ә.Орманов, И.Алиев сынды аға буын өкілдері де пікірлерімен бөлісті. Мысалы, М.Шалғынбай жоғарыдағы билік органдарына 1200-ден астам адамның қолы қойылған хат жіберілсе де, әлі күнге дейін ешбір оң нәтиже жоқтығын айтса, Н.Бердиев өзге аудандарда халықтың көңілінен шықпаған мердігер ұйым ол жерде жұмыс жасамайтындығын, ал бізде «Париев» ЖШС әлі де өз жұмысын жалғастырып отырғандығына ренішін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі қалтасы қалың азаматтар көгілдір отынға қосылып, игілігін көруде, ал бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткелер мен қаржылық мұршасы жетпейтін өзге де тұрғындар тек арман жетегінде келеді. Сондай-ақ, И.Алиев көгілдір отынға қосылу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерге жеңілдік бар-жоғын сұраса, Ә.Орманов осыдан бірнеше жыл бұрын өз көшесіне орнатылған су құбырларының бірнеше жерден жарылып, әлі күнге дейін су атқылап тұратындықтан, су құбырларын түбегейлі жаңарту, «Аша» тұрғын алқабындағы көше жолына асфальт төсеу қажеттігін, өйткені, кешкі уақытта көшенің шаңынан таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жоғын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Төле би ауылындағы жер асты суының көтерілу мәселесін алға тартып, оның алдын алмаса, жерді қамыс басып, шамамен бес жылдан соң тұрғындар 1000 гектар жерден айырылып қалатындығын айтты. Осы және өзге де ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Әлібек Мамытжанұлы жер асты суының көтерілуі шын мәнінде мәнді мәселе екендігін айтып, алдағы уақытта облыс орталығында өтетін үлкен жиынға Е.Досымбаевты шақырып, мәселенің шешімін табуды сол жерде бірге қарастыратындығын жеткізді. Көше жолын асфальттау бойынша округ әкімі Е.Даберов қанағаттанарлық жауап берсе, Әлібек Мамытжанұлы көгілдір отынға қосылу құнын арзандату яғни, көпшіліктің аузынан түспей жүрген 82 756 теңге жөнінде жан-жақты зерделеп, жақын арада жауабын айтатындығын мәлімдеді. Динара БАТЫРХАИРОВА. Суретті түсірген автор.

Бейсенбі күні облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, арнайы бекітілге...

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75