Көктөбеде тұшпара цехы ашылды

2
2 қазан 2018

Көктөбеде тұшпара цехы ашылды

Еліміз нарықтық экономиканың табалдырығын аттасымен өзінің бағытын дұрыс таңдап, бойындағы іскерлік қабілетін іс басынан табылуға арнаған азаматтардың қатары арта бастады. Олар кәсібінің көкжиегі кеңейе беруі үшін бәсекеге қабілетті болуға талпынды. Оның үстіне, жылдан жылға мемлекеттің кәсіпкерлерге деген қолдауы да артып келеді. «Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанның индустриалды және әлеуметтік жаңғыруының негізгі құралы» – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қай уақытта да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып қала бермек.

Міне, біздің ауданда да шағын және орта бизнесті белсенді қолдау бағытындағы жұмыстар бүгін де жалғасын тауып, аудан тарихында алғаш рет Көктөбе ауылынан тұшпара шығаратын жаңа цех ашылды. «Дастан» деп аталатын тұшпара цехының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков арнайы келіп, лентасын қиып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.

Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 50 келіге дейін тұшпара дайындайды. Көктөбе ауылының тұрғыны Берік Орманбековтың «Орманбеков» жеке кәсіпкерлігі мұндағы өнімді тек сиыр етінен әзірлейді екен. Қазіргі таңда аудандағы дүкен сөрелерінен «Дастан» атауындағы тұшпара өнімін жиі кездестіруге болады. Тұрғындардың айтуынша, өтімді тауар тәрізді, сөрелерде көп тұрақтамайтын көрінеді. Өйткені, аталмыш цехтың өнімін тек көктөбеліктер ғана емес, ауданнан шалғай орналасқан Шоқпар, Далақайнар секілді ауылдық округтің тұрғындары да көптеп тұтынады екен.

– Көбіне басқа жақтан келген тағамдардың құрамына күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Оған қоса, Шу ауданы облысымыздағы ең үлкен аудандардың қатарына кіреді. Сондықтан, өнімнің өтімділігі де жоғары болмақ. Осындай жайттардың бәрін ойластыра келе, тұшпара цехын ашуды жоспарлап, енді міне, өз күшімізбен межелі мақсатымызға да қол жеткізіп отырмыз. Біздің өнімдеріміз бүгінгі таңда «Дастан» атауымен аудандағы Шу қаласы мен барлық ауылдық округтердегі дүкендерде сатылуда. Ойлағанымыздай-ақ, өнімге деген сұраныс өте жоғары. Тіпті, үлгермей жататын кездер де болады.

Әзірге цехта алты адам жұмыс істейді. Олардың барлығы да жергілікті жердің тұрғындары. Сәтін салып, мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, өндіріске қажетті қосымша құрылғылар алып, цехтың өндірістік қуатын ұлғайтуды көздеп отырмыз, –  дейді Берік Рысқұлбекұлы.

Шаруасын шырқ үйірген іскер азамат қазір тек тұшпара цехын ғана емес, сонымен қатар ауылдағы «Ақ жол» асханасын да басқарады. Әлбетте, жұмыстың жеңілі болмайды. Ал, өз тұтынушыларымен қоян-қолтық жұмыс істей білетін көктөбелік кәсіпкер бұндай жетістікке өзінің табандылығының және өнімдерінің сапасы арқылы ғана қол жеткізіп келеді. Сондай-ақ, өз отбасының әлеуметтік жағдайын түзеумен қатар, ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр. Рас, бизнестің басты талабы – бір орында тоқтап қалмау. Ал, бүгінгі тірлігіне бесаспап шулық кәсіпкердің алдағы уақытта өндіріс көкжиегін кеңейтуді, қосымша жұмыс орындарын құруды межелеп отырғанын ескерер болсақ, «Дастан» цехы тек өз ауданымызды ғана емес, өңіріміздің өзге де аймақтарын сапалы өнімімен қамтамасыз ететіндігіне сенім мол.

Ерғали АСХАТҰЛЫ.

Суреттер автордікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75