Ізгілікке үндеген жарқын мереке

_FEV1508
5 наурыз 2018

Ізгілікке үндеген жарқын мереке

 

2016 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1-Наурызды Алғыс айту күні деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Елімізде осымен үшінші жыл аталып өтіп отырған бұл мереке жыл өткен сайын өзінің қоғамдағы рөлін тереңірек айқындап, маңыздылығын жоғарылатып келеді. Аталмыш мерекенің мәніне тоқталып өтер болсақ, бұл күн күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен барша азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін, бір шаңырақ астында бейбітшілікте күн кешіп отырған еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің  дархандығы мен қиын кезеңде қол үшын берген кең пейілділігі үшін қазақ халқына алғыс айтатын күні.

Динара БАТЫРХАИРОВА,

«Шу өңірі».

Бейсенбі күні тарихымызға енді ғана енген осы мерекенің мәнін көпшілікке терең ұғындыру, өзара сыйластыққа үндеу мақсатында аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараға аудан тұрғындары көптеп жиналып, зал толы қалың қауым назарына әуелі лэд экран арқылы өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін салдарынан өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне күштеп жер аударылуы сәтіндегі тарихи көріністерден үзінді, сырттан қоныс аударып келген қазақ еліндегі және өз ауданымыздағы өзге ұлт өкілдерінің өздерінің ұлттық рәсімдері мен салт-дәстүрін еркін ұстануына негізделген ұлттық көріністері, жас және аға буыннан құралған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына алғысы, ата мен немере арасындағы кімге алғыс айту керектігі жайындағы әңгіме ұсынылып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы Елбасы Н.Назарбаевтың рөлі айтылды.

Салтанатты сәтте аудан әкімі Қ.Ә.Досаев көпшілікті Алғыс айту күні мерекесімен құттықтады.

-Бұл күн – ел Президентінің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – «Мәңгілік ел» идеясына барша жұртты ұйыстырып, өзара ынтымақты нығайта беретін мереке. Бұл – өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Оның тарихы тереңде. Бұл – адамдардың бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, рақымшылық, тағы басқа жоғары адамгершілік қарым-қатынастарының одан әрі қанат жаюына берілген мол мүмкіндік. Елбасы Н.Назарбаев ұсынған рухани жаңғыру бағытындағы жаңа бағдарлама да ізгі істердің бірі – қайырымдылық көмек көрсетуге зор серпін беріп отыр. Оның аясында «Жан жылуы», «Мектепке тағзым», тағы басқа жобалар жүзеге асырылуда.

Қазақ халқына алғысын білдіріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген барша азаматтарға зор алғысымды білдіремін,-деген Қайрат Әскербекұлы барша қауымға өзінің ізгі тілектерін жеткізді.

Мұнан кейін егемен еліміздің бірлігі мен берекесін арттыруға қосқан үлесі үшін және игілікті істерімен ауданымыздың қоғамдық жұмыстарына белсене араласқан бірнеше аудан тұрғындарын мерекеге орай аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Келесі кезекте «Еңбек даңқы» орденінің иегері, Шу локомотив жөндеу зауытының машинист-нұсқаушысы К.Бирюков, «Навроз» күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Ү.Алиев сөз сөйлеп, елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің тұрмыстық, қызметтік жетістіктері,  осы өңірде туып-өсіп жатқан өскелең ұрпақтың алаңсыз өмірі, бейбіт ғұмыр үшін Елбасына және жалпы халыққа алғыстарын жеткізіп, бұл мереке Отанға деген сүйіспеншілікті нығайта түсетінін айтты.

Ресми сәттен соң, көпшілік назарына мерекелік сазды бағдарлама ұсынылды. Аудан өнерпаздары мен жергілікті орыс, күрді, түрік, неміс, әзірбайжан этномәдени бірлестіктерінің мүшелері ән мен биден шашу шашып, мектеп оқушылары қазыналы қариялар мен ақ жаулықты аналарға, Отанға, халыққа жолданған «Мың алғыс» композициясын орындады. Аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының «Рахмет саған, туған ел!» әнімен аяқталған концерттік бағдарлама тартымды әрі әсерлі өтіп, жиылған жұртшылық ризашылықпен тарқасты.

 

Суреттерде: мерекелік жиын барысынан көріністер.

Суреттер П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

IMG_7018 ҚОҒАМ
12.09.2018

Өзекті мәселелерді бақылауға алды БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША, АРНАЙЫ БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ САЙ АУДАНЫМЫЗҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ ТЕРЛІКБАЕВ ӘЛІБЕК МАМЫТЖАНҰЛЫ КЕЛІП, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ (СУРЕТТЕ). «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЖИЫНҒА АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕН ҚҰРАЛҒАН ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАТЫСТЫ. Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов жиынды ашып, облыстан келген қонақты таныстырып, көпшілікті жиынға белсене атсалысуға шақырды. Мұнан кейін сөз кезегін алған Ә.Терлікбаев: -Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алып, тұрғындардың мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен байланысы, мекемелердің қызмет сапасы жөніндегі ойларын, оларға қатысты сын-пікірлерін тыңдап, елді мекендегі өзекті мәселелерді жоғарғы билік өкілдеріне жеткізіп, оңынан шешілуіне ықпал ету,-деп атап өтті. Сұрақ-жауап кезеңінде алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің мүшесі М.Шалғынбаев бірнеше уақыттан бері нақты шешімі табылмай келе жатқан көгілдір отынның құнына байланысты ойын ортаға салды. Сондай-ақ, осы сұрақ төңірегінде М.Уақтегі, Н.Бердиев, Ә.Орманов, И.Алиев сынды аға буын өкілдері де пікірлерімен бөлісті. Мысалы, М.Шалғынбай жоғарыдағы билік органдарына 1200-ден астам адамның қолы қойылған хат жіберілсе де, әлі күнге дейін ешбір оң нәтиже жоқтығын айтса, Н.Бердиев өзге аудандарда халықтың көңілінен шықпаған мердігер ұйым ол жерде жұмыс жасамайтындығын, ал бізде «Париев» ЖШС әлі де өз жұмысын жалғастырып отырғандығына ренішін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл ішіндегі қалтасы қалың азаматтар көгілдір отынға қосылып, игілігін көруде, ал бір зейнетақыға қарап отырған зейнеткелер мен қаржылық мұршасы жетпейтін өзге де тұрғындар тек арман жетегінде келеді. Сондай-ақ, И.Алиев көгілдір отынға қосылу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерге жеңілдік бар-жоғын сұраса, Ә.Орманов осыдан бірнеше жыл бұрын өз көшесіне орнатылған су құбырларының бірнеше жерден жарылып, әлі күнге дейін су атқылап тұратындықтан, су құбырларын түбегейлі жаңарту, «Аша» тұрғын алқабындағы көше жолына асфальт төсеу қажеттігін, өйткені, кешкі уақытта көшенің шаңынан таза ауамен тыныстауға мүмкіндік жоғын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев Төле би ауылындағы жер асты суының көтерілу мәселесін алға тартып, оның алдын алмаса, жерді қамыс басып, шамамен бес жылдан соң тұрғындар 1000 гектар жерден айырылып қалатындығын айтты. Осы және өзге де ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Әлібек Мамытжанұлы жер асты суының көтерілуі шын мәнінде мәнді мәселе екендігін айтып, алдағы уақытта облыс орталығында өтетін үлкен жиынға Е.Досымбаевты шақырып, мәселенің шешімін табуды сол жерде бірге қарастыратындығын жеткізді. Көше жолын асфальттау бойынша округ әкімі Е.Даберов қанағаттанарлық жауап берсе, Әлібек Мамытжанұлы көгілдір отынға қосылу құнын арзандату яғни, көпшіліктің аузынан түспей жүрген 82 756 теңге жөнінде жан-жақты зерделеп, жақын арада жауабын айтатындығын мәлімдеді. Динара БАТЫРХАИРОВА. Суретті түсірген автор.

Бейсенбі күні облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, арнайы бекітілге...

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75