Қоғамнан қолдау тапқан акция

Чистый берег
26 қыркүйек 2018

Қоғамнан қолдау тапқан акция

Өткен сенбіде аудан әкімі Қайрат Досаевтың бастамасымен, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен  ауданымызда «Таза жағалау» атты акция өтті. Қоршаған ортаны қорғау және таза ұстау, ауданның көркеюіне, гүлденуіне үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған аталмыш акцияға 200-ден астам мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, студенттер  және оқушылар атсалысты. Олардың басым бөлігі  жастардан құралды.

Алдымен аудан басшысы Қайрат Досаев тазалық іс шарасына атсалысуға жиналған жастарға өз ризашылығын білдіріп, ауданның аумағы әрдайым таза болу үшін осылай жұмыла жұмыс атқаруға шақырды.

Осыдан кейін, қолдарына қап ұстаған жастар Шу өзенінің Төле би ауылына қарасты жағалауын жинауға кірісіп кетті. Расында, жаз бойы жергілікті тұрғындардың демалыс орнына айналған өзен жағалауы қоқыстан көз ашпай тұр екен. 3 сағат бойы тынымсыз қоқыс терген жастар әп-сәтте өзен жағалауын мұнтаздай таза қылды. Олар қоқыстарды қаптарға жинап, жеке кәсіпкер Е.Өмірзақов арнайы бөлген жүк көліктеріне тиеді.

Сонымен аудан жастарының белсене атсалысуының арқасында өзен жағалауы қоқыстан біршама тазарып, ауданның тағы бір аумағы көркейе түсті. Туған өлкенің тазалығына бей-жай қарамайтын белсенді жастардың бұл ісі көпке үлгі боларлықтай екені сөзсіз. Алдағы уақытта да аудан жастары қоғамдық жұмыстан қалыс қалмай, өңіріміздің өркендеуі мен гүлденуіне сүбелі үлестерін қоса береді деген сенімдеміз.

Мият КӘШІБАЙ.

Сурет П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75