Ауылдарда атқарылатын Істер көп

_DSC9245
3 мамыр 2017

Ауылдарда атқарылатын Істер көп

Ауылдарда атқарылатын

Істер көп

Өткен аптаның аяғында аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаевтың жергілікті халықпен жүздесіп, елді мекендердегі әлеуметтік маңызды нысандардың жағдайымен танысу сапары аяқталды. Кездесулер барысында ауылдық жерлерде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, ауыл шаруашылығының дамуы, елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығының жүргізілуіне қатысты мәселелердің жоқ емес екендігі байқалды.

_DSC9305

Жалпы екі күн ішінде Қайрат Досаев төрт ауылдық округте болып қайтты. Олар: Көкқайнар, Тасөткел, Бірлікүстем ауылдық округтері мен Қонаев ауылы. Жоғарыда атап өткеніміздей, аудан басшысы сапарының негізгі мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет сынды әлеуметтік маңызы зор нысандардың жай-күйімен танысу болатын. Мысалы, Көкқайнар ауылына барған аудан әкімі алдымен ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің жұмысымен танысты. Ауыл халқының саны өсіп келе жатқандықтан аталмыш медициналық мекеме жобамен салынбаған ғимаратта орналасуына байланысты барлығына көмек көрсетуге шамасы жетіңкіремейді. Соған қарамастан ауылда туу көрсеткіші орта деңгейде екендігіне және қант диабеті, туберкулез, гипертония сынды басқа да ауру түрлерін тіркеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқандығына көз жеткізген Қайрат Әскербекұлы ауылдағы С.Естемесов атындағы орта мектепті, ауылдық пошта бөлімі мен учаскелік полиция инспекторы орналасқан жергілікті әкімшілікті көріп шықты. Бұдан бөлек, аудан әкімі жақында ғана күрделі жөндеуден өткен жергілікті клубтың жағдайы жақсы екендігін атап өтіп, ауылдық кітапханаға келетін тұрақты оқырмандар санын сұрады.

Басқа ауылдардағыдай бұл округте де шешімі табылмай жатқан өзіндік мәселелер жоқ емес. Соның бірі – ауызсу құбырларына су жөнелтетін насостар қуатының жеткіліксіздігі.

Округ әкімі Талғат Итекеев бұл жөнінде былай деді:

-Бүгінгі күнде бұл мәселені шешу үшін 11 млн. теңге жұмсалды, бірақ жұмысты толық аяқтауға тағы 3 млн. теңге керек.

Қ.Досаев аталған мәселені түбегейлі шешу үшін құрылыс жұмысы барысын жүйелі зерделеу қажеттігін атап көрсетті. Сауал қоюшылар қатарында облыстық мәслихат депутаты Бақтыбай Саудабаев та болды. Оның айтуынша, ұзындығы 365 метрді құрайтын Естемесов көшесі жөнделмей келеді, сондай-ақ, ауылда әлі күнге дейін балабақша жоқ. Қайрат Әскербекұлы жоғарыда аталған көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізсе, балабақша салу үшін «Балапан» бағдарламасымен мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында демеушілерді тарту қажеттігін айтты. Көтерілген мәселелер қатарында мектепке табиғи газ жүйесін тарту да сөз болды. Бұл сұраққа жауап берген аудан басшысы ағымдағы жылы мектепке модульді қазандық салынатындығын, ал келесі жылы осы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Сондықтан округ тұрғындары жуық уақыттарда мектептің көгілдір отынмен қамтылатындығына сенімді болды.

Тасөткел ауылдық округі ауданнан шалғай жатқан елді мекендердің бірі саналады. Аудан әкімі Қайрат Досаев бірінші кезекте ауылдық кітапхана, учаскелік полиция инспекторы мен пошталық бөлім орналасқан жергілікті әкімшілік және Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп ғимаратының жағдайына мән берді.

Осы тұста атап өтерлігі, Тасөткел ауылындағы маңызды мәселелердің бірі – бірнеше жылдан бері  фельдшерлік-акушерлік пункті ғимаратының жоқтығы, электрмен жабдықтау жүйесінің жетіспеушілігі және байланыс жүйесінің болмауы. Бұдан бөлек, жергілікті орта мектеп күрделі жөндеуді қажет етсе, ауылдағы бірқатар көшелер жөндеу жұмыстарын талап етіп тұр. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары газдандыру жұмысының басталатын уақытын тағатсыздана күтуде.

Жоғарыда аталған мәселелерге жауап берген Қайрат Әскербекұлы осы жылы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалатындығын хабарлады. Электрмен жабдықтау мәселесі тыңғылықты зерделенгеннен кейін оны шешу жолдары, бөлінетін қаржы көлемі анықталатын болады. Ұялы байланыс желісі бойынша округ әкімі Батырбай Жақсымбетов «Kcell» мобильді байланыс компания-операторымен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын, бірақ әлі нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Осыған байланысты Қайрат Досаев осындай үлкен ауылда байланыс желісінің болуы міндетті екендігін айтып, келіссөзді тез арада аяқтауды тапсырды.

Мектепке жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары жөнінде жауап берген аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Клара Қожағаппанова жобалық-сметалық құжаттама үстіміздегі жылы дайындалғаннан кейін мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, қажетті қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталатындығын алға тартты.

Бірлікүстем ауылында өткен кездесуде Қайрат Досаевпен бірге аудандық мәслихат депутаты Ержан Өмірәлиев те бірге болып, олар ауылдағы негізгі мекемелерді аралады. Билік өкілдері алдымен ауылдық әкімшілікке барды. Және малдәрігерлерінен эпизоотиялық жағдай жайында, учаскелік полиция инспекторынан қоғамдық тыныштық жайлы сұрап, жергілікті мешітте ауыл имамымен кездесті.

Қайрат Әскербекұлы мен оның басы- қасында жүрген билік өкілдері заманауи дәрігерлік амбулаторияны, балабақшаны және Домалақ ене атындағы орта мектепті көрді.

Ауыл тұрғындары аудан басшылығынан көп уақыттан бері спорт комплексі ғимаратын салып берулерін сұрап келеді. Аудан әкімі алдағы уақытта бұл сұрақ қарастырылатындығын айтты.

Қонаев ауылы түрлі ұлт өкілдері шоғырланған елді мекендердің бірі. Бұл ауыл ауыл шаруашылығы саласына аса мән беріп келеді. Сондықтан да осы ауылда әзірге жалғыз ет бағытындағы «Берекелі-2016» кооперативі құрылған болатын. Қайрат Әскербекұлы мал бордақылаушылардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, аудан басшысы Төле би атындағы орта мектептің, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның, «Бәйтерек» балабақшасының жай-күйін көріп, жеке кәсіпкер Вальтера Мираудың қолынан шыққан жиһаздарына жоғары баға берді.

Қонаев ауылындағы мәнді мәселелердің қатарынан ауылға кіреберістегі көпірдің апатты жағдайы, теміржол өткеліндегі жылжымалы құрамнан келетін қауіп-қатерлер, ағын судың жеткіліксіздігі, көшелердің жай-күйінің нашарлығы атап өтілді. Аталған мәселелер бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қаражат табу тәсілдері қарастырылатын болды.

Қ.Досаев әлеуметтік маңызды нысандарды аралағаннан кейін жоғарыда аталған елді мекендердің жергілікті жұртшылығымен кездесіп, алда тұрған міндетті тапсырмаларды атап өтті. Оның ішінде «Алтын асық», «Ырыс», «Құлан», «Жайылымдарды суландыру» сынды мемлекеттік бағдарламалар бар.

Күн тәртібінде тұрған талаптардың бірі – қант қызылшасын өсіру. Бұл жөнінде Қайрат Әскербекұлы өз тәжірибесінен өткен бірнеше мысалдарды келтіріп, ауыл еңбеккерлерін жігерлендіре түсті. Сонымен бірге, аудан басшысы тұрғындарды елді мекенді абаттандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отыруға шақырды.

Аудан әкімінің кездесулері жергілікті жұршылық өкілдеріне тұрмыс-тіршіліктерін жақсартуды арттыруға ой салғаны анық. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар молынан. Тек сол мүмкіндікті тиімді пайдалана білген абзал.

 

Нұржан ҚАДЫРБЕКОВ,

Руслан ИСКАКОВ.

 

Суреттерде: аудан әкімі Қ.Ә.Досаевтың кездесу сәттерінен көріністер.

 

Суреттер Р.Искаковтікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75