Мерекеге тарту

_IJL0763
13 шілде 2017

Мерекеге тарту

Мерекеге тарту

Астана күніне орай 6 шілдеде Шу қаласында «Інжу» балабақшасының ашылу салтанаты өтті. 75 орындық мектепке дейінгі мекеме Қуат Үмбеталиев есімді жеке кәсіпкердің еңбегімен бой көтерді.

-Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы ауданымызда өткен жылы ашылған үш балабақшада бүгінде 335 бала тәрбиеленуде. Сол секілді бүгін тағы бір қуанышты сәттің куәгері болып отырмыз. Оның ерекшелігі Елордамыз – Астана қаласының туған күнімен тұспа тұс келуі,-деп атап өтті құттықтау сөзінде аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қайрат Досаев.

Сонымен қатар, көпшілік алдында ақжарма тілектерін арнағандардың қатарында білім саласының ардагерлері Әлия Қақпанбаева мен Хабира Төлендиева да болды.

Атап өтерлігі, шамамен осыдан сегіз жыл бұрын ауданда небәрі он бес мектепке дейінгі мекеме болған, ал қазіргі таңда 3725 баланың тәрбиесімен 72 мекеме айналысуда (балабақшалар мен шағын орталықтар). Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта әлі де жалғасын таба бермек.

-Қуантарлығы, біздің кәсіпкерлер Мемлекет басшысының тапсырмасына сай игілікті істер атқарып, мемлекет пен жеке сектордың арасын нығайтуға үлес қосуда. Олар өз қаржыларын коммерциялық нысандарға емес, келешек ұрпақтың тәлімді тәрбиесіне жұмсап отыр,-деп қуанышты сезімімен бөлісті аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Клара Қожағаппанова.

Салтанатты жиыннан кейін лента қию рәсімі өтіп, қызығушылық танытқандар ғимараттың ішін аралап көрді. Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары келушілерге шағын сазды бағдарламаларын ұсынып, көңіл-күйлерін арттырса, Қуат Үмбеталиев көпшілікке арналған мерекелік дастархан жайып, үлкен-кішінің алғысына бөленді.

Нұржан ҚАДЫРБЕКОВ.

Суретте: «Інжу» балабақшасының ашылу салтанатынан көрініс.

Сурет П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75