Экономикалық аймақта атқарылған іс ауқымды

5++
23 мамыр 2019

Экономикалық аймақта атқарылған іс ауқымды

 

Сенбі күні ауданымыздағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы  Ахметжан Есімовтің, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың қатысуымен жиын болып өтті. Экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық жобасын жан-жақты талқылау мақсатында өткен аталмыш басқосуға бірқатар іргелі кәсіпорындардың басшылары да қатысты.

Жасыратыны жоқ, соңғы бір жылдың көлемінде мұндағы жұмыс тым саябырсып, құрылыс қарқыны бәсеңдеп қалған еді. Мұны аймақ басшылары да бірнеше мәрте сын тезіне алған-ды. Алайда, осы сапарымызда байқағанымыздай, экономикалық аймақтағы құрылысшылардың қарқыны үдей түскен. Осында атқарылған қыруар жұмысты көзбен көрген Ахметжан Смағұлұлы «Тараз химиялық паркіндегі» «ХИМ-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әкімшілік блоктары мен өндіріс ошағының цехтарын  аралап көрді. Сонымен бірге, серіктестіктің заманауи технологияларымен де танысты. Бұдан кейін экономикалық аймақтың мәжіліс залында жиын болып өтті. Аталған басқосу барысында алғашқы болып сөз алған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы  Ахметжан Есімов Шу ауданындағы мегажобаға бүгінгі күнге дейін қыруар қаржы жұмсалғанын атап өтті.

–Біз мұнда алып жобаның алдағы аяқ алысын талқылау мақсатында бас қосып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы экономикалық аймақтағы бірқатар мәселелер мен кедергілерді жан-жақты зерттеп-зерделеп, тиісінше мұндағы жұмыс қарқынын үдете түсу үшін нақты шешімдер қабылдаған едік. Аталмыш жобаның инфрақұрылымына өте үлкен көлемде қаржы жұмсалды. Сол себепті, көп кешіктірмей мұндағы жұмыстарды барынша оңтайландырып, жуық арада пайдалануға беруіміз қажет. Қазіргі кезде мұнда өте үлкен жұмыс атқарылды. Бұдан былай, ондағы жұмыстың басым бөлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілетін болады,-деді Ахметжан Смағұлұлы.

Сонымен қатар, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Болатхан Сандықбаевтың айтуынша, аталмыш аймақта сырттан келетін инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Инфрақұрылымдық жұмыстар да көп ұзамай аяқталмақ. Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтағы газ құбырын орнату мен автожол дәлізі толығымен аяқталған болса, 6,4 шақырымға темір жол салынып, жұмыс 95 пайызға орындалған. Одан бөлек, су құбыры 87, су құбырын электрмен қамтамасыз ету 80, ішкі алаңды электр жүйесімен қамту 91, жарықтандыру 87 пайызға орындалған. Аталған жұмыстардың барлығы үстіміздегі жылдың маусым-шілде айларында түгелдей аяқталмақ. Әуелгіде мұнда 16 кәсіпорын бой түзейді деп жоспарланған. Дегенмен, уақыт өте келе олардың саны едәуір қысқарғанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты, жиын барысында облыс әкімі Асқар Исабекұлы «Тараз химиялық паркіне» тек химия бағытындағы емес, бұдан өзге де кәсіпорындарды да орналастыру жөнінде ұсынысын білдірді. Мәселен, үстіміздегі жылы аудан аумағында 300 гектар аумаққа қант қызылшасын егуді қолға алған «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылдан бастап ауданда қант зауытының құрылысын бастамақ ниетте екен. Серіктестік директоры Мейірлан Бейбітбекұлының айтуынша, қант зауыты іске қосылғанда 300 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Ал, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеу үшін оған 1 миллион тонна тәтті түбір қажет көрінеді. Алайда, бұл мәселе қазірдің өзінде рет-ретімен шешіліп келеді. Оған қоса, зауытқа бір ғана маусымдық жұмыста бір миллион тонна текше метр су мен 44 миллион текше метр табиғи газ жұмсалады екен. Ал, арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымы аталмыш талаптарға толығымен жауап бере алады.  Міне, сол себепті, құрылысы келесі айда басталатын қант зауытын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына орналастыру жөніндегі А.Исабекұлының ұсынысына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы  Ахметжан Есімов қолдау білдіретіндігін жеткізді.

Айта кету керек, аудан аумағында салынып жатқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» сияқты алып мегажобаның жүзеге асырылуы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін түбегейлі өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің туындауына өз әсерін тигізері сөзсіз. Өйткені, химиялық парктегі барлық кәсіпорын толық қуатында іске қосылған кезде ауданда көптеген игі істердің де қолға алынатыны белгілі. Мұндай мегажобалар ел экономикасының серпінді өсімге қол жеткізуіне үлкен мүмкіндік беретінін республикамыздың бірқатар өңіріндегі экономикалық аймақтар дәлелдеп келеді. Санаулы жылдардан соң облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу шаһары үлкен өндірісті аймаққа айналып, тек қана ауданның ғана емес, еліміздің де экономикасына  үлкен қолдау білдіретін аймаққа айналады деген сенімдеміз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ.

Суреттерде: іссапар барысынан көріністер.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75