Жоғары ұйымдастырушылық қуантты

_IJL1442
7 тамыз 2017

Жоғары ұйымдастырушылық қуантты

Жоғары ұйымдастырушылық қуантты

Жамбылдықтардың әлемдік көрмеге тартуы_IJL1488

Өткен аптада елордамыз – Астана қаласында Жамбыл облысының күндері өтті. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкрекбаев бастап барған бір топ делегация ару қала – Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесіне Жамбыл облысының атынан тарту-таралғыларын жеткізді. Жамбылдықтар төрт күн бойы, нақтырақ айтқанда, шілденің 26 мен 30 күндері аралығында жоғары ұйымдастырушылықпен көрме қоржынына өз үлестерін қосты._IJL1582

Делегация өкілдері арасында шулықтардың да болғандығын және оларды аудан әкімі Қайрат Досаевтың бастап барғандығын атап өткеніміз жөн. Облыс күндеріне арналған шара ұлы тұлғалы жерлестеріміз – Жамбыл Жабаев пен Бауыржан Момышұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан бастау алып, одан кейін Хан Шатыр ойын-сауық орталығына қарсы бетте орналасқан «Ғашықтар» саябағында жамбылдықтардың ұйымдастыруымен өткен мәдени шарамен жалғасты. Оңтүстіктік қонақтарды қарсы алуға елорда әкімі Әсет Исекешев арнайы келіп, облыс басшысы Кәрім Көкрекбаевпен және басқа да қонақтармен аймағымыздың терең тарихын таныстыруға арнайы әзірленген көрмені тамашалады. Экспозицияда көнеленген заттар, ескірген тиындар, арғы аталарымыз қолданған ыдыс-аяқтар көрсетіліп, олар жайлы мәліметтер келтірілді. Артынша театрландырылған қойылым көрсетіліп, оны көруге көрермендер көптеп жиналды. Олардың арасында астаналықтардан бөлек шет елдерден келген қонақтар да болып, осыдан екі ай бұрын  тарихи Тараздан жолға шығып, Сарыарқаның төсіне ат терлетіп жеткен көш керуенін ыстық ықыласпен қарсы алды.

Жалпы, төрт күн бойы көрсетілген облысымыздың мәдениеті талайларды тамсандырып, көптің қошеметіне бөленген болса, өткен сенбіде жамбылдықтардың ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұсынылды.

Қаланың түкпір-түкпірінде әр кеште Жамбыл жерінен шыққан қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар беріліп отырды. Ұйымдастырылған шараның барлығы халық көңілінен шығып, жылы лебіздер легі де толассыз айтылды.

-Көрме жоғары дәрежеде ұйымдастырылған екен және маған көнелікті сипаттайтын керуеннің әсері ерекше болды. Барлығының керемет екендігін сөзбен жеткізіп айта алмаймын,-деп шараның бірінші күнінде астаналық Мария Выткина алған әсерімен және өзінің пікірімен бөлісті.

-Мұнда ауылшаруашылық өнімдерінің мол таңдауы бар: ет өнімдері төмен бағада, бақша және көкөніс өнімдері түр-түрімен қойылған. Сол секілді басқа да қажетті тауарларды қолжетімді бағамен алуға болады. Өзім бас қалаға жақын орналасқан Көктал елді мекенінен келіп тұрмын,- дейді жәрмеңке қатысушысы Мақсат Жамбосов.

Жалпы, Жамбыл облысының күндері көпшіліктің таңдайын қақтырды десек артық айтқандық емес. Бір сөзбен айтқанда, есте қаларлық бұл ерекше күндер халықаралық ЭКСПО көрмесі үшін бағалы сыйлықтардың бірі болған секілді.

 

Нұржан АМАНГЕЛДІҰЛЫ.

 

Суреттерде: елордадағы облыс күндері қызықты әрі тағылымды өтті.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75