Шығыс Қазақстан облысы жұмысқа шақырады

_SEN1935
17 қыркүйек 2018

Шығыс Қазақстан облысы жұмысқа шақырады

Үш бағыттан тұратын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік  бағдарламасының үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға арналған. Осы бағытты жүзеге асыру мақсатында жуырда ауданымызға Шығыс Қазақстан облысынан делегаттар келген болатын (суретте).

Осыған байланысты шығыстан келген қонақтар аудандық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өтіп, жұмыс күшінің құрылымын арттыру үшін жұмыс күші тапшы оңтүстік өңірдің азаматтарын ерікті түрде қоныс аударту туралы түсіндірме жұмыстарын  жүргізіп, өз өңірлеріне шақырды. Осы тұста атап өтерлігі, осыған дейін ауданымызға солтүстік өңірден дәл осындай жұмысшы топ келіп кеткен болатын. Соның нәтижесінде ауданнан бес отбасы, яғни он жеті азамат солтүстікке қоныс аударды.

Жиынды аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры С.Ж.Көпбаев жүргізіп, өзге өңірден келген қонақтармен таныстырып өтті. Жалпы жиында ШҚО-на қарасты Үржар, Шемонайха аудандары мен Өскемен қаласы таныстырылды. Мәселен, Үржар ауданы шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Алматы облысымен шектесетін табиғаты тамаша аудан екені көпшілікке белгілі. Үржар облыстағы ең үлкен аудан болғандықтан, жұмыс орны да көп. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласына мамандар жетіспейді. Оңтүстік өңірден қоныс аударып, осы салада қызмет етемін деген азаматтарға жаңадан тұрғызылған тоғыз қызметтік тұрғын үй қарастырылып қойған. Сонымен қатар, ағылшын, математика, биология, география, музыка пәндерінің мұғалімдері мен кітапхана қызметшілері, тәрбиешілер, психолог және медицина мамандары жетіспейді. Ал ШҚО-на қарасты Шемонайха ауданы Ресеймен шекаралас орналасқан. Бұл өңірде де ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы. Сол секілді денсаулық, білім беру салаларында жүзге жуық бос жұмыс орындары бар. Шемонайха ауданында қазіргі таңда қоныс аударатын азаматтарға арналған көппәтерлі тұрғын үй салынуда.

Қоныс аударатын азаматтарға өкімет тарапынан көптеген қолдаулар жасалады. Нақтырақ айтқанда, көшу шығындарын өтеу үшін жан басына шаққанда 85 мың теңге қаражат беріледі, тұрғын үй жалдап тұрғанға бір жыл бойы ай сайын 45 мың теңге қаржы төленіп отырады. Ал егер отбасы сол үйді сатып алатын болса, онда отбасындағы адам санына байланысты миллионға жуық немесе миллионнан аса қаражат бөлінеді. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, қоныс аударушы отбасы немесе азаматқа сол жерге үйреніп кеткенше алты ай тұрып, жұмыс жасап көруге мүмкіндік берілген. Егер ойынан айнып қалған жағдайда мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты қайтарып, алты айдан кейін қайтадан көшіп кетуіне болады. Ал, бір жылдан кейін көшіп кететін болса, онда алған қаражаттарын қайтармайды.

 

Б.ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Сурет П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75