Кезек күттірмес мәселе көп

1
12 ақпан 2018

Кезек күттірмес мәселе көп

Кезек күттірмес мәселе көп

Аудан басшысы Қ.Ә.Досаевтың жергілікті жұртшылық алдындағы есептік кездесуі сейсенбі күні Тасөткел және Алға ауылдық округтерінде өтті. Аталған қос ауылда да жиынға қатысушылардың келісуімен округ әкімдерінің есептік баяндамалары тыңдалмай, бірден күн тәртібіндегі мұнан кейінгі екі мәселеге кезек берілді.

Кездесу алдымен шалғай жатқан Тасөткел ауылдық округінен басталды. Бұл ауылда бірнеше жылдан бері шешімі табылмай жатқан мәселелер көп көрінеді. Аудан әкімі Қ.Досаевтың және аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиевтің есептік баяндамалары тыңдалғаннан кейін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Санабеков ауылдағы проблемалы тұстарды жіпке тізгендей айтып берді. Тасөткелдіктер көптен бері жарықпен тиісінше қамтылмай келеді. Кеш батқанда шам жарығына зәру болып қалатын тұрғындар алпысыншы жылдары орнатылған бағандардың әбден тозығы жеткендігін айтып қынжылды. Ауыл азаматтары үзілген сымдарды жалғап жатып жарықты іске қосатын көрінеді. Сондықтан жарық мәселесін ретке келтіру тұрғындардың басты тілектерінің бірі болып тұр. Өкінішке орай, аудан басшысы бұл мәселенің шешімі жуық арада шешіле қоймайтындығын жеткізді. Себебі, тұрғындарды жарықпен қамтуды облыс әкімдігіне дейін көтергенімен, жобалық құжаттама жасауға қаржы бөлінбейтіндігі айтылған. Одан бөлек заманның дамыған уағында аталған ауылдың мобильді байланыстан жұрдай болып отырғандығы тағы жанға батады. Байланыс операторларына  сан мәрте ұсыным білдірілгенімен халық санының аздығы оларға да қолбайлау болып отыр. Ендігі бар үміт округке жақын маңда салынып жатқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында. Ондағы құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылса жарық та, байланыс та Тасөткел ауылына дейін тартылмақшы. Ал оған дейін электр жұмысына қабілеті бар ауылдың бір азаматы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы электрші болып жұмысқа орналасып, жарық мәселесін реттеп отыратындығы жөнінде шешім қабылданды.

Ауыл медициналық пунктті де қажет етеді. Ал, оның жауабы «кейін» екені белгілі. Сонымен қатар, тұрғындардың айтуынша, ауылда ұрлық, өзге де қылмыстық оқиғалар жиі орын алатын көрінеді. Учаскелік полиция қызметкерінің жоқтығы да қылмыстың жиілеуіне әкеп соқтырады. Тұрғындар: «Учаскелік полиция қызметкері бөлінсе болды, оған үй де, жұмыс орны да дайын. Тек қылмысқа тосқауыл қойылса»-дейді. Аудан басшысы бұл мәселе қаралып, бір қызметкерге штат бөлуге тырысатындығын айтты. Ауылдың мектеп мәселесі де көтерілді. Бұл сұраққа жауап ретінде мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамасы дайын деген қуанышты хабар берілді. Жалпы кездесу барысында өзге де мәнді мәселелер көтерілді. Көпшілігінің шешімі белгілі себептермен кейінге қалдырылды. Ауылдың қадірлі қариялары салмақтылықпен сұрақ қойып, оған қандай жауап берілсе де сабырмен қабылдады.

Алға ауылдық округінде жалғасқан жиында аудан әкімі Алға және Амангелді орта мектептеріне күрделі жөндеу жүргізілетіндігін жеткізсе, осы ауылдық округтен сайланған жергілікті депутат Ержан Көрікбайұлы да өз тарапынан жүргізілген бірқатар жұмыстарды баяндап берді. Бірақ, халық көп нәрсеге риза емес секілді. Әсіресе, ауылдық округтің әкімі Ербол Қосаховтың жұмысына. Ал, оның әкім болып сайланғанына бар-жоғы екі жыл ғана болған. Кемшін тұстар расымен бар. Бірақ бірлескен жұмыс қашан да берекелі болады емес пе?! Халық ауыл әкімін, әкім халықты қолдаса көп мәселенің шешімін ауыл ішінде-ақ шешуге болатын еді. Айтуға оңай, әрине.  Ал, алғалықтар «ашудың – дұшпан, ақылдың – дос» екендігін естен шығарып алған тәрізді. Жиын барысында  «сен тұр, мен атайын» дейтін арызқой азаматтар түймедей нәрсені түйедей етіп, кездесудің шырқын бұзды.

Алға ауылындағы басты мәселенің бірі – көгілдір отынға қосылу. Ауылға газ құбырын тартуға келіскен мердігер ізін суытқан. Сондықтан аудан басшысы «Газ мәселесі не болмақ?» деген сұраққа «Көктемге дейін күтеміз, егер мердігер жұмысын бастамаса, басқа мердігермен келіссөз жүргізіледі» деген жауап қайырды. Сонымен қатар, жайылымдық жердің жетіспеуі, ұрлық жасау, бағандарды ауыстыру сынды түйткілді мәселелер көтеріліп, нақты жауаптар берілді.

Сәрсенбі күні жергілікті билік өкілдерінің халық алдындағы есепті кездесулері Шоқпар ауылдық округі мен Далақайнар ауылында жалғасын тапты. Аталмыш екі елді мекенде де бұған дейін жергілікті әкімдердің есепті баяндамалары тыңдалып, тұрғындар арасында талқыланғандықтан, күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер бойынша аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы баяндама, аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев қысқаша хабарлама жасады.

Аудан басшысы өңірдің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөніндегі баяндамасында аудан өмірінің барлық салаларындағы даму көрсеткіштерін арнайы дайындалған слайдтармен жан-жақты түсіндіріп, тың бастамаларды, жақын арада іске асырылуы тиіс жоспарларды таныстырып өтті. Сонымен қатар, сөзінің соңында тұрғындарды Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауын жүзеге асыруға біркісідей атсалысуға шақырды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Е.Өмірәлиев аудандық мәслихат аппаратында орындалған және мәслихат депутаттарының өз сайлау учаскелерінде атқарған жұмыстары жөнінде мәлімдеді.

Мұнан кейін көпшілік қауым билік өкілдеріне өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Шоқпар ауылдық округінде жергілікті тұрғын Ғ.Изембаев округке қатынайтын көлік жолы бойындағы үш-төрт төбенің тұсына қалқан орнату керектігін жеткізді. Өйткені, қыстың боранды күндері желмен бораған қар көлік жолын жауап тастайтын көрінеді. Сондай-ақ, ол ауылдан жасанды футбол алаңын салу мәселесін көтерді. Оған дайын тұрған жер де бар екен. Аудан басшысы Қ.Досаев бірінші мәселенің шешімін табуға, футбол алаңын «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен жүзеге асыруға болатынын айтты. Қ.Шалбаев боран кезінде су мен жарықтан ажырап қалатынын жеткізген болатын. Аудан басшысы аудандық электр қуатын тарату жүйесі мекемесімен келісіп, бір штат ашып, электрик маманын қоюға ықпал ететінін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, осы сайлау учаскесінен сайланған жергілікті депутат С.Каликов бұл мәселенің шешімін табуды өз бақылауына алды. Құлақшын стансасының тұрғыны А.Иманалиева көтерген мектептің бір бөлмесінен медпункт жабдықтап, штат ашып беру ұсынысын Қайрат Әскербекұлы зерделеп көретінін, тым болмаса көшпелі медициналық қызмет ұйымдастыруға ықпал жасайтынын жеткізді. Қ.Шалбаев Еспе стансасы тұрғындарының атынан Шоқпар ауылында интернатта жатып оқитын Еспе стансасының балаларын аптасына бір рет, тек жұма күні сабақтан кейін үйлеріне жеткізу мәселесін алға тартты. Аудан басшысы бұл мәселені өз бақылауына алды. Өзге ауыл тұрғындары көтерген көше тазалығы, жаяу жүргінші жолын салу округ әкімі Р.Оңбаевқа жүктеліп, спорттық үйірме ашу сұрағына билік өкілдері тарапынан тиісті жауап берілді. Сондай-ақ, Қайрат Әскербекұлы Абай көшесіне жол белгілерін қою, зиратқа жер бөлу, көпшілік тарапынан жиі айтылған жарық, Шоқпар ауылдық округі мен Далақайнар ауылында жиі көтерілген ауызсумен қамту мәселелері зерделеуді қажет ететінін, шешімін табу жолдары қарастырылатынын мәлімдеді.

Ж.Бекбосынов жетекшілік етіп отырған Далақайнар ауылында ауыл тұрғыны Ж.Балтабаев клубтың қажеттілігін, Т. Мұхаметжанұлы жайылым жердің жетіспейтіндігін айтты. Бұл сұрақтарға Қайрат Әскербекұлы қанағаттанарлық жауаптар беріп, мәселенің мән-жайын тыңғылықты түсіндірді.

Аудан әкімі Қ.Ә.Досаевтың жыл бойы атқарған жұмысы туралы есептік кездесуі үстіміздегі аптаның бейсенбісінде Шу қаласы мен аудан орталығы – Төле би ауылының тұрғындарымен өтті.

Шу қаласында өткен кездесу қала әкімі Б.Тұрғынбаевтың  есептік баяндамасынан бастау алды. Өткен жылы негізінен Шу қаласына көп күш жұмсалып, 18 көшеге жөндеу, 21 көшеге газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Ал жалпы алғанда бүгінгі күнге дейін қаладағы 5481 аулаға газ құбыры тартылған. Көппәтерлі тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту мақсатында биыл 5 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.  Құрылыс жұмыстары бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде маңыздыларының бірі – жеке тұрғын үйлерге арналған «Жанкулиев», «Жайсан, «Жетісу», «Горгаз» жаңа тұрғын алқаптарына инфрақұрылымдық жұмыстар басталып, оның аяқталу мерзімі биылғы жылдың тамыз айына межеленіп отыр. Биылғы жылы «Тоғай» мөлтек ауданында 300 оқушыға арналған орта мектеп нысанының құрылысын бастау және орта мектептің қазіргі ғимаратын балабақшаға айналдыру жоспарлануда. Одан бөлек «Қосқұдық» мөлтек ауданындағы 1972 жылы салынған «Қайрат» стадионын қайта қалыпқа келтіру ісі де көзделуде.

Осыдан кейін аудан басшысы жылдық есебі бойынша баяндама жасап, алдағы ауқымды жоспарлармен  бөлісті. Тұрғындарды толғандырған мәселеге кезек берілгенде бірінші болып қол көтерген Ө.Нарымбетов қала тазалығына көңілі толмайтындығын жеткізді. Расында қалада тазалық мәселесі ақсап тұр. Бірақ «тазалық тазаланған жерде емес, таза ұсталған жерде» екендігі белгілі. Демек, тазалықты тұрақты жүргізу тұрғындарға байланысты болмақ. Ал қала әкімшілігі тарапынан бұл жұмыс қашан да жүйелі жүргізіліп отыратындығын жергілікті жұртшылық көзбен көріп келеді. Осыны айтқан Б.Тұрғынбаев барша жиынға қатысушыларды тазалық жүгін жұмыла көтеруге шақырды. «Жетісу» мөлтек ауданының тұрғыны Қ.Жаманқұлов жарықтың жиі өшіп қалуы әбден әуреге салатындығын айтты. Аталмыш мөлтек ауданның тұрғындары кәріз жүйесінен шығатын жағымсыз иістен құтылатын күнді де асыға күтіп жүр. Зейнеткер Қ.Жаманқұлов қалада балалардың көңілін көтеретін ойын-сауық орталықтары болса деген ұсынысын да білдірді.

«Тоғай» мөлтек ауданының тұрғыны А.Қалдыбаева автобустың жұмыс уақытын бір сағатқа ұзартса деген тұрғындар тілегін жеткізді. Бұл жұмыс «Ақжол-2000» ЖШС басшысы Т.Қақпанбаев пен аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы З.Тұрсынұлына жүктелді. Қала тұрғыны Т.Несіпбаев автобекеттің диспетчерлігінде жолаушыларға түбіртек берілмейтіндігін айтса, Ж.Рахимова теміржол бекеті аумағында тазалық сақталмайтындығын тілге тиек етті. Қатысушылар тарапынан қойылған осы сынды өзге де сұрақтарға жергілікті билік өкілдері тиісінше жауаптар қайырды.

Түс ауа жалғасқан жиын Төле би ауылындағы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залына лық толы жиналған төлебиліктермен өтті. Мұнда да алдымен Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберовтың есептік баяндамасы тыңдалды. Өткен жылы аудан орталығында атқарылған игі істер баршылық. Мәселен, орталық көше жолы тақтайдай тегістелді, бірнеше ғимараттардың сырт келбеттері әрленді. Ауыл ішіндегі көше жолдарына да көңіл бөлініп, өзін-өзі басқарудан түскен қаражат есебінен Райымқұлов, Жамбыл, Сүйімбек және басқа көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Балуан Шолақ көшесі мен С.Хасенов атындағы стадион жаңа үлгідегі жарықтандырумен қамтылды. Е.Даберовтың баяндамасынан кейін аудан басшысы Қ.Ә.Досаевтың есебі назарға ұсынылып, Төле би ауылына қатысты бірқатар мәселенің шешілу жолдары айтылды.

Төлебиліктерді де алаңдатқан мәселе аз емес. Соның ең маңыздысы – тұрғын үйлердің көгілдір отынға қосылуы болып тұр. Көгілдір отын игілігін көру аудан орталығы тұрғындары үшін бітпес жырға айналғандай. Округте барлығы 4185 түтін бар болса, соның 480-і  көгілдір отынға қосылып, 502 үй келісімшарт жасасқан. Бұл мәселе бойынша халықпен талай жиын да өткен, қалта көтермейтін баға жайлы газет бетіне сан мәрте мақала да жарияланған. Бірнеше жыл бұрын жұмысын бастап кеткен «Париев» ЖШС жарты жолдан жұмысын тастап кетпейтіні бесенеден белгілі жай болғандықтан, аудан басшысы «бұл мәселенің тиімді жолдарын қарастырамыз» деп сендірді.

Ауыл ақсақалы Ш.Малдыбаев қант қызылшасын өсіруде ұқыптылықты ұмытпау қажеттігін алға тартты. Себебі, оның да өзіндік дерті бар көрінеді. Ал оның дерті жиырма жылға дейін өскен жерінде сақталып қалады екен. Осыны айтқан қария қант қызылшасы бұрынырақта егілген жерлерді қайта пайдалану қажеттігін де алға тартты. Өзін заңгер ретінде таныстырған М.Нусупов округтегі төрт мәселені көтерді. Оның біріне Төле би ауылы ішіндегі жолдарды жатқызса, екіншісі электр энергиясы, үшінші су және төртіншісі көгілдір отын. Сұрақтың дұрыс көтерілгенін атап өткен аудан басшысы төрт мәселенің әрқайсысына жеке тоқталып, тыңғылықты түрде түсіндірді. Б.Әділбеков инженер-құрылысшы ретінде газ құбырын тарту ісімен айналысатын мердігер «Париев» ЖШС атқарып жатқан жұмысына қанағаттанбайтындығын жеткізді. Оның өзіндік себептерін нақты дәлелдермен атап көрсетті. Мердігерге наразы болған тұрғынның айтарын мұқият тыңдаған аудан басшысы оны бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Жиын соңында ардагер С.Зәуірбеков қос әкімнің жұмысына қанағаттанарлық бағасын берді.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ,

Динара БАТЫРХАИРОВА.

Суреттерде: есептік

кездесулерден көріністер.

Суреттер Петр Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75