Жарқын болашақтың бағдарламасы

20170516_120605
17 мамыр 2017

Жарқын болашақтың бағдарламасы

Жарқын болашақтың бағдарламасы

Ұйымдастырушылар шулық мектеп бітірушілерді «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша солтүстік, шығыс және батыс өңірлеріне білім алуға шақырады

Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәңгілік Ел»-идеясының шеңберінде 2014 жылдан бері «Серпін-2050» Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты жобасы жұмыс жасап келеді. «Серпін-2050» – жарқын болашақ жобасы оңтүстік өңірдің мыңдаған жас өрендеріне Солтүстік, Батыс, Шығыс Қазақстанның коледждері мен ЖОО-да сапалы білім алуға мүмкіндік береді. «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиялық жобасында атап көрсетілген тапсырмалардың бірі. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан көріну үшін кәсіби шеберлігі шыңдалған, майталман мамандарды даярлау аса қажет.

Кеше ауданымызға аталмыш жобаны түсіндіру мақсатында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие жұмыстары және жастар саясаты жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Алмас Кенжеғалин, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, бейорганикалық және техникалық химия кафедрасының доценттері және химия ғылымдарының кандидаттары Алмагүл Дүйсекеева мен Әсел Кездікбаева, сондай-ақ филология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлыбек Әубәкіров іссапармен келді.

Шу қаласы №40 орта мектебінде өткен жиынға аудан мектептерінің басшылары, мұғалімдері, биылғы жылғы мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары қатысты. Осы жиынды №40 орта мектебінің директоры Гүлбарам Тұрлыбек  салтанатты түрде ашып, солтүстіктен келген қонақтарды таныстырды.

Келесі сөз кезегі Нұрлыбек Әубәкіровке беріліп, ол бірегей бағдарламаның тиімді тұстарын жан-жақты түсіндірді (суретте).

-Жобаның басты мақсаты – еңбек ресурстарының мол артықшылығы орын алып отырған республиканың оңтүстік өңірінің (Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары) жастарын еңбек ресурстарына сұраныс көп батыс, шығыс және солтүстік аймақтарда білім алуға жағдай жасау. Жоба бойынша білім гранттарына ие болған студенттерге жатақхана беріледі және оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыру қарастырылған. Биылғы жылы тағы да 36000 грант бөлінеді деп күтілуде.  «Серпін-2050» жобасы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз педагогикалық институтында шілде айының 22-30 аралығында қажетті құжаттар қабылданады. Сіз толтыру қағазына үш жоғарғы оқу орнын көрсете аласыз.  Қабылдаудың нәтижесі 10 тамызда белгілі болады,-деп мәлімдеді Н.Әубәкіров.

Сондай-ақ, Нұрлыбек Маманұлы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті, О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Атырау мұнай және газ университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті сияқты ЖОО-на да түсе алатындығын жеткізді.

«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Қазіргі уақытта ауданымыздың түлектерінің жобаға қызығушылық танытуы қуантады. Бұл жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз. Қойылған сұрақтарға мамандар тыңғылықты жауаптарын берді. Жиынның соңында солтүстік ЖОО-ның өкілдері жобаға қатысты көмекші құрал ретінде арнайы жарнамалық газеттері мен плакаттарын таратты.

Іңкәр ТӨЛБАЕВА.

Сурет автордікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75