Қалың қар әлекке салмасын…

_JNV9543
17 қаңтар 2018

Қалың қар әлекке салмасын…

Жергілікті тұрғындар Жаңа жыл мерекесін қарсыз қарсы алғанымен, қыз мезгілі өзінің есесін жібермей, соңғы күндері толассыз жауған қалың қар айналаны  ақ мамыққа орады. Бұл бір жағынан диқандар үшін тиімді, ал балалар үшін шаттық болғанымен, кейбір тұрғындар үшін айтарлықтай қиындық туғызатыны жасырын емес. Шын мәнінде соңғы уақытта қар аз түскен жоқ. Оның өзіндік проблемалы тұстары да көрініс беруде. Әсіресе, дүйсенбі күні көлікті былай қойғанда жаяу жүргіншілердің еркін жүруіне үлкен кедергі келтіргені көше бойларында айқын байқалды. Осы тұста «Біздің жол қызметі қайда?» деген сұрақ ойыңа еріксіз оралады. 

Мен осы сұрақпен төмендегідей мәлімет ұсынған аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (ТКШ, ЖК және АЖ) бөліміне жолықтым. Бөлім мәліметі бойынша, біздегі көлік жолының жалпы ұзындығы 373 шақырымнан астам. Оның 118 шақырымы республикалық, 108 шақырымы облыстық, 147,8 шақырымы аудандық мәнге ие. Сонымен қатар, елді мекендер жолының жалпы ұзындығы 378 шақырымды құрайды. Аудандағы барлық жолдардың жалпы ұзындығы 750 шақырым болып отыр.

Республикалық мәндегі жолдардың жағдайын ретке келтірумен «ДЭУ-37» мекемесі айналысады. Аталмыш кәсіпорында қазіргі уақытта екі автогрейдер, үш КамАз көлігі, бір ГАЗ-53, екі жүк тиегіш тракторы, бір «Газель» көлігі, бір құм сепкіш, төрт бірлік қар тиегіш техника бар. Қыс маусымына 2200 тонна құм, 200 тонна тұз, 4000 литр дизел отыны және 2000 литр бензин дайындалған.

Облыстық мәндегі көлік жолдарына қысқы маусымға 10000,0 мың теңге бөлу қарастырылған.  Жұмысты жүйелі жүзеге асыру үшін «Шу-автодор» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Бұл кәсіпорында үш бірлік қар тиегіш техника, үш жүк тиегіш тракторы, бір-бірден автогрейдер, ЗИЛ және ГАЗ-53 автокөліктері бар. Жолдағы қар құрсауы және тайғақтықтың алдын алу үшін серіктестік 600 тонна құм, 70 тонна тұз, 4000 литр дизел отыны және 2000 литр бензин дайындаған.

Сонымен қатар, аудандық мәндегі көлік жолдары, сондай-ақ, Шу қаласы мен Төле би ауылындағы көлік неғұрлым жиі қатынайтын негізгі 19 көше, яғни, осы көшелердің жұмысымен айналысатын «Төле би МКК» КМК меншігінде 12 бірлік түрлі жол техникалары, қысқа дайындалған 200 тонна құм, 40 тонна тұз, 2500 литр дизел отыны және 1500 литр бензин бар екен. Өткен жылы аудандық мәндегі жолдарды қар мен мұздан тазарту үшін жергілікті бюджеттен 10000,0 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар, Шу қаласындағы Сәтпаев пен Сейфуллин көшелерін, аудан орталығының Төле би мен Асатов көшелерін ретке келтіруге үш бірлік жол техникасын сатып алу үшін облыстық бюджеттен 98000,0 мың теңге қарастырылған. Алайда, аталған арнайы техника әлі де  сатып алынбаған. Бұл өз кезегінде аудан көшелерін тазалау жұмыстарының деңгейіне жағымсыз пікірлердің айтылуына себеп болары сөзсіз.

Аудан әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі мәлімдегендей, жоғарыда аталған барлық мекемелерге қалың қар жауып,табиғи апатты жағдай орын алған кезде кезекшілік ұйымдастырылып, техника таңғы сағат алтыда жұмысқа дайын тұрады.

Мүмкін, солай шығар… Алайда, іс жүзіндегі көріністер көңіл қуантарлық емес. Барлық жерде жолшылардың жолды тазалап үлгермей жатқандығы байқалды. Нәтижесінде өткен дүйсенбіде көлік қозғалысы мүлдем төмендеп, қоғамдық көліктердің қалыпты жұмысы бұзылып, көптеген адамдар сол күні жұмысқа, оқушылар мектепке, балғындар балабақшаға кешігіп баруға мәжбүр болды. Қар құрсауында қалудан қауіптенген бірқатар таксистер де үйден шыға қоймады.

Қыстың аяқталуына әлі бірнеше уақыт бар, бұл қыс маусымының соңғы қары емес екені де анық.    Сондықтан, алдағы уақытта ауданның жол қызметі табиғаттың тосын сыйына кез келген уақытта дайын болып, ширақтық танытады деген сенімдеміз. Өйткені, адамдардың, әсіресе жолға шыққан жолаушылардың қауіпсіздігі осы қызметпен тікелей байланысты. Жолымыз таза әрі жеңіл болсын!

Руслан Искаков.

Сурет  п.норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75