Жұмысты ширату шаруаларға байланысты

SAM_7648
3 мамыр 2017

Жұмысты ширату шаруаларға байланысты

Жұмысты ширату шаруаларға байланысты

Үстіміздегі аптаның сәрсенбісінде облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев облыс әкімдігі ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов және оның орынбасары Ерлан Құлкеевпен бірге жұмыс сапарымен ауданымызда болды. Олар өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының жай-күйін, соның ішінде көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысын бақылау мақсатында ауданға қарасты бірнеше ауылдық округтердегі егістік алқаптарын аралады.

Облыстан келген қонақтарды күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков оларды алдымен Ескі-Шу ауылдық округіндегі қант қызылшасы алқаптарына алып барды (суретте). Бұл ауыл биыл 240 гектарға қант қызылшасын өсіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда шаруа қожалық иелері 54 гектар жерге франциялық «авантаж» тұқымын сеуіп үлгерді. Тамшылатып суғару тәсілі арқылы 95,5 гектар жерге қант қызылшасын егуді межелеген «Смарт Агро Қарқара» компаниясы тұқым себу жұмысын бастайды. Сол секілді Бірлікүстем ауылдық округі бал тамыр тұқымын 160 гектар жердің әзірге 65 гектарына егіпті. Аталмыш ауылдық округте су үнемдеу технологиясы арқылы қант қызылшасын өсіруді қолға алған «Шу агро продукт» шаруа қожалығы тұқым егу жұмысына толық дайын. Ал, Қонаев ауылындағы 10 гектар жерге тәтті түбір өсіруді көздеген «Алижан» шаруа қожалығы тұқым себу жұмысын аяқтап қойған. Аталған алқаптарда тұқым себу жұмыстары әлі де жалғаса бермек. Абдалы Тоқбергенұлы шаруақожалық иелеріне қант қызылшасы күтімді аса қажет ететін өсімдік екендігін ескертіп, күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыру қажеттігін баса айтты.

Қант қызылшасынан бөлек өзге де дақылдардың себілу жұмыстарын мұқият бақылаған билік өкілдері көкөніс кластерлерін, арпа алқаптарын да көзбен көріп қайтты.

А.Т.Нұралиевтің ауданымызға жұмыс сапары түстен кейін аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен қорытынды жиынға ұласты. Аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылық саласының мамандары, бірқатар шаруақожалық жетекшілері қатысқан бұл жиынға аудан әкімі Қайрат Досаев төрағалық жасады. Алғашқы сөз кезегін алған Абдалы Тоқбергенұлы қатысушыларды жұмыс сапарының мақсатымен таныстырды. Ал, Нұржан Молдиярұлы өз баяндамасын 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша қабылданған бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы саласына енгізілген өзгерістер мен ережелерден бастады. Енгізілген өзгерістердің бірінде шаруалар мал басын сатып алу үшін өздері электронды түрде өтініш беретіндігін және ол өтініш ауыл шаруашылығы басқармасынан толықтай тексерістен өткеннен кейін ғана келісімді жауап жолданатындығын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан төленетін субсидия түрлері де біршама өзгерген екен.

–        Бүгінгі күні сұранысқа ие тамшылатып суғару технологиясын қолданып жатқан шаруалардың 30 пайыз шығыны субсидия арқылы жабылады. Ал, қант қызылшасын жинайтын комбайн 40 млн теңгеге  алынса, оған да 9 млн теңге көлемінде субсидия төленеді. Шаруалар үшін жеңілдіктің тағы бір түрі «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы арқылы құдықтарды, күн және жел электрстанциясын пайдалануға 80 пайызға дейін инвестсубсидия төленетіндігі. Биылғы жылдан бастап субсидия алу үшін жиналған құжаттарды ауыл шаруашылығы басқармасы емес, жергілікті жерлердегі Халыққа қызмет көрсету орталығы қабылдап жатыр, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Шаруалар үшін бүгінгі күннің басты талабы қант қызылшасын өсіру көлемін арттыру болып отыр. Нұржан Молдиярұлы бұл жөнінде де біраз жайттарды атап өтті. Оның айтуынша, қант қызылшасын өсіремін деген ынтасы бар шаруа иелері техника сатып алу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы 300 млн теңге көлемінде 5 жылға дейін несие ала алады. Тек шаруа қожалық иесі сатып алатын техникасын өзі таңдап, серіктестікпен өзі келісім жүргізеді. Егер бір шаруаға бір техника алу қиынға түссе, қант қызылшасын өсірумен айналысатын бірнеше шаруамен бірігіп, бір комбайн алса тиімдірек болады.

Келесі сөз кезегін алған Ерлан Еділбайұлы шаруаларды ғылыми негізде жұмыс жасауға үйрету қажеттігін алға тартты. Себебі, егіс жұмысын бастап алып, соңына дейін шыдамай жұмысты жарты жолда тастап кететін шарулар көп кезігеді екен. Сондай-ақ, мамыр айынының басында қант қызылшасын егу науқаны аяқталатын уақыт деген қате түсінік. Тәтті түбірдің тұқымы мамыр айының ортасына дейін себілсе де кеш емес көрінеді.

Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының жұмыстары туралы мәлімдеген Әлихан Балқыбеков баяндама барысында сала бойынша орын алып жатқан мәселелерге көбірек тоқталды.

– Осы жылға негізінен 2200 гектар жерге қант қызылшасын егу тапсырылған болатын. Біз ол жоспарды толық орындай алмайтын болғандықтан гектар көлемі 1600-ге төмендетілді. Биыл жалпы 98187 гектар жерге дақылдарды орналастыру жоспарланса, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 6748 гектарға ұлғайған. Жалпы жер пайдалануды 87,3 пайызға көтеру жоспарлануда. Бүгінгі күні мақсары, жүгері дақылдары және 190 гектар жерге қант қызылшасы себілген, – деді Ә.Балқыбеков.

Баяндама соңында Әлихан Әбіләшұлы биылғы жоспар толық орындалатындығына сендірді.

Жиын соңында қоры-тынды сөз сөйлеген Абдалы Тоқбергенұлы жыл қорытындысы бойынша біздің аудан өндірілген өнім көлемі бойынша екінші орында болса, индекс көлемі бойынша жетінші орында тұрғандығын айтып, жұмысты әлі де жандандыру қажеттігін атап өтті.

– Кемшіліктер аз емес. Ауыл әкімдері жұмыстарды жүйелі ұйымдастырулары қажет. Шаруалардың егін егу мәдениетін, заңдылықты сақтауын басты назарда ұстаңыздар. Жер көлемі аз болса да себілетін тұқым сапалы болуы қажет. Сонда ғана нәтиже шығады. Жауапсыздық, немқұрайдылық дегендер шаруаларға жат қылықтар. Қызылшаға деген ынта-ықыласты арттырайық. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс жасап, аграрлық сектор жұмысын жандандыру қажет, – деді А.Нұралиев.

Қайрат Әскербекұлы облыстан келген қонақтардың келелі кеңестеріне алғыс айтып, жиынға қатысушыларды бірлесе нәтижелі жұмыс жасауға шақырды.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75