Шешімін таппаған шаруа көп

5,,,
13 маусым 2018

Шешімін таппаған шаруа көп

4

Дүйсенбі күні ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.С.Орынбековті аудан әкімі Қ.Ә.Досаев күтіп алып,  бірқатар стратегиялық маңызды нысандардың жұмысымен таныстырды.

Облыстан келген қонақ әуелі Шу қаласындағы орталық қазандықта болды. «Шу-жылу» КМК директоры Р.С.Куккузов жылу ошағының кезекті жылыту маусымына дайындығы бойынша жан-жақты түсінік берді. Орталық қазандықтың өткен жылдан бері көгілдір отын арқылы жылу таратып отырғаны белгілі. Келеңсіз жағдайлар орын алған сәтте екі резервті қазандық қатты отынмен жылу таратуға дайын тұр. Қазіргі уақытта кәсіпорын ұжымы жоспарлы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруда.

Әрі қарай облыс әкімінің орынбасары Шу қаласы, «Батыс» мөлтек ауданындағы шатырына жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген Қонаев көшесі, №18 екі қабатты үйдің жай-күйімен танысты. Мұндағы атқарылған жұмыстар бойынша аудан әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.С.Зәуірбеков пен Шу қаласының әкімі Б.М.Тұрғынбаев жасаған мәлімдемеден кейін, Бекболат Серікбекұлы бұл іске мемлекеттік бюджет есебінен қаражат бөлу мәселесіне орай бірқатар сын-ескертпелер жасады.

-Неге жөндеу жұмыстары «Тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясындағы  бес қабатты үйдің жөндеу жұмыстарына тұрғындар төлеген қайтарым қаражат есебінен жүзеге асырылмайды? Барлық жұмысты тек бюджет қаражатына орындау дұрыс емес. Оны неғұрлым ауқымды жұмыстарға жұмсау қажет,-деді Б.Орынбеков.

Мұнан кейін   тараздық қонақ, 2010 жылы салу жоспарланған Шу қаласындағы кәріз және шайынды су жүйелері мен «Жайсан» мөлтек ауданындағы 35/10 кв подстанса секілді жұмысы аяқсыз қалған бірнеше нысанда болды. Мәселенің мәні әртүрлі жылдарда аталған стратегиялық маңызды нысандардың құрылыс жұмысын өз міндетіне алып,  қомақты қаражатты иеленген соң тиісті жұмысты аяғына дейін атқармастан, көзден ғайып болған мердігер ұйымның жауапсыздығында болып отыр. Бүгінгі таңда ол құқық қорғау органдарының да іздеуінде. Кәріз және шайынды су жүйелерін қалпына келтіру қомақты қаражатты талап етеді. Ал, подстансаны іске қосуға болады. Сондықтан, бұл мәселемен айналысу аудан басшысына тапсырылды.

Бұл күні Бекболат Серікбекұлы «Жетісу» мөлтек ауданында орналасқан, 75 пәтерлі тұрғын үйге де атбасын бұрды. Сондай-ақ, Қонаев ауылындағы апатты көпір жағдайы, жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған Төле би ауылындағы жұмыспен қамту орталығы,  аудан орталығындағы кәріз жүйесі мен жабдықтарын қайта жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады.

Іссапар соңында Бекболат Орынбеков аудан әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті активпен қорытынды жиын өткізді. Облыс басшысының бірінші орынбасары іссапар барысында санаға түйген ойымен бөлісті. Ол аудан әкімі мен өзге де жауапты тұлғаларға орын алған кемшіліктердің орнын оңды істермен толтыру жөнінде тапсырмалар берді. Әсіресе, аудандағы міндетті медициналық сақтандыру бойынша және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды анықтау жұмыстарының әлсіз екендігін айтты.

-Атқаратын жұмыс шаш етектен. Екі жарым аптадан кейін алғашқы жартыжылдық аяқталып, облыс бойынша қорытынды шығарылады. Сондықтан, тығырықтан шығудың жолдарын қарастыру қажет,-деп сөзін аяқтады Бекболат Серікбекұлы.

Нұржан ҚАДЫРБЕКОВ.

Суреттерде: Б.Орынбековтың іссапар барысынан көріністер.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75