Аудан басшысы далақайнарлықтармен  кездесу өткізді

1
22 сәуір 2019

Аудан басшысы далақайнарлықтармен  кездесу өткізді

Қайрат Әскербекұлы ғимараты екі қабаттан тұратын, 50 орындық «Кәусар» балалар бақшасының тыныс-тіршілігіне көңіл аударып, балабақша әдіскері Рабиза Үстеміровадан балалардың мезгілдік тамақпен қамтылуы, оларға жасалатын жайлылық, көрсетілетін қызмет сапасы туралы сұрап, кейбір кемшіліктерге сын-ескертпелер айтты (суретте).

Келесі бағыт ауылдық дәрігерлік амбулатория болды. Мұнда үш учаскелік дәрігер және бір аға дәрігер келушілерге медициналық қызмет көрсетеді. Аудан басшысы адам денсаулығы ең басты байлық екендігін медицина мамандарының есіне салып, өз істеріне білікті болуларын талап етті.

Далақайнарда Болат Таутанов есімді азамат  жеке кәсіппен айналысып, өз ісін дөңгелетіп отыр. 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1 млн. теңге несие алып, анасы екеуі наубайхана ашқан. Күніне 50 нан пісіріп, оны жергілікті тұрғындарға сатуда. Жеке кәсібін ұлғайту мақсатында өткен жылы жаңа нысанның құрылысын бастап кеткен. Құрылыс аяқталғаннан кейін көршілес ауылдық округтерге де нан өткізіп, ауылдықтарды жұмыспен қамтымақшы. Кәсіпкер ісінің алға жылжи беруіне әркез қолдау білдіретінін жеткізген аудан әкімі жұмыстарына сәттілік тіледі.

Осыдан кейін Т.Әшімбаев атындағы орта мектепте ауыл тұрғындарымен  кездесу өтті. Кездесуге аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім басшылары да келіп, өз салалары бойынша ауылда орындалмай тұрған межелерді атап өтті және қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан жаңашылдықтарды түсіндірді. Мәселен, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айнұр Рахымбаева өткен жылы  «Жас прожект» жобасына ауыл жастарының белсенділігі төмен болып, тек бір жас қана қатысып, қазіргі таңда өз кәсібімен айналысып жатқандығын айтты. Ал, «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасына аталмыш ауылдан үш жас теріскей өңірге оқуға аттанған. Қайрат Әскербекұлы бұл көрсеткішті де төмен санап, жоғарғы оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігін әр ауыл баласы пайдаланып қалуы керектігін атап өтті.

Жалпы, өңір жастарының спортпен шұғылдануы үшін аудан аумағындағы 16 ауылдық округте спорт алаңдары салынғалы жатыр. Жоспарда Далақайнар ауылы да бар. Бірақ алаң салуға жер дайындау, кәсіпкерлерді тарту сынды жұмыстар ауылдық әкімшілік тарапынан әлі күнге жүргізілмеген. Бұл мәселені де сынға алған аудан басшысы ауыл әкімі Ж.Бекбосыновқа мәселені тезірек шешу жөнінде талап қойды.

Ауылдағы ауылшаруашылығы саласы да сын көтермей тұр. Ол туралы мәлімдеген аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бейімбет Махамбетәбиев  ауылда техниканың, дән сепкіштің жеткіліктілігіне қарамастан, қант қызылшасын егуге берілген 40 гектар жердің 10 гектарын ғана игере аламыз деген ауыл әкімі әлі күнге дейін егу жұмысын бастамағандығын айтты.

Кездесу барысында тұрғындар аудан басшысына көп сауал қойды. Ауыл ақсақалы Қартайған Усаев ауылда жүргізілген тазалық жұмыстарынан кейін қоқыс үйінділері сол күйі қалғандығын, оны шығару үшін трактордың жоқтығы қолбайлау болып тұрғандығын жеткізді. Одан бөлек, көше жолдарын ретке келтіруге грейдер қажеттігі де айтылды. Ал, Дүйсен Тұрғынбаев екі жылдан бері платиналардың тазаланбай тұрғандығын, Доғдырхан Алшынбай жайылымдық жерлердің жеткіліксіздігін жеткізді. Қозғалған барлық мәселелерді назарға алатындығын жеткізген Қайрат Әскербекұлы кез келген мәселенің шешімі ең алдымен ауылдағы ауызбіршілікке байланысты екендігін айтып, кездесуді қорытындылады.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суреттер П.Норкиндікі.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75