Аналар ардақталып, қыздар құрметтелді

_MAR1823
12 наурыз 2018

Аналар ардақталып, қыздар құрметтелді

 

Сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, салтанатты жиын өтті.

Ауылдық округтер мен Шу қаласынан арнайы шақырылған зал толы әйелдер қауымының алдында  аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қ.Ә.Досаев қазақ және орыс тілінде құттықтау сөз сөйлеп, нәзік жандыларға бағытталған өзінің ақ жарма тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде әйел затының қоғамдағы рөлі мен орны, олардың өмірдің түрлі саласындағы жемісті қадамдары мен жетістіктері жайлы айта келіп:

-Әйел қоғам мен отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесін орнатушы. Сонымен қатар, сіздер ұрпақ тәрбиесі, әсіресе қыз баланың өнегелі тәрбиесінде маңызды рөлге ие болып келесіздер. Сіздердің қамқорлықтарыңыз бізге зор сенім мен күш-жігер сыйлайды. Алдағы уақытта да жасампаз істердің жаршысы болып жүре беріңіздер,-деді (суретте).

Мұнан кейін ауданның қоғамдық істеріне зор үлес қосып, белсенділігімен қызметте биіктен көрінген бірнеше қыз-келіншектерді облыс әкімінің Алғыс хаты, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен марапаттады. Келесі кезекте аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев те көпшілікке өзінің мерекелік жылы лебізін жеткізіп, бірнеше нәзік жандыларға ауданның Құрмет грамотасын табыс етті.

Мұнан кейін жергілікті өнерпаздардың сазды бағдарламасы назарға ұсынылып, оның шымылдығын ашқан «Асыл ана» әні аясында залда отырған барша қыз-келіншектерге аудан әкімінің атынан гүл шоқтары мен шағын сыйлықтар ұсынылды.   Сазды бағдарлама барысында ЛЭД экраннан өңіріміздегі белсенді әйелдердің суреттері және бірқатар жерлес ер-азаматтардың мерекелік лебіздері мен арнайы ұйымдастырылған мерекелік сауалнамаға жауап беру сәттері көрсетілді.

Осылайша, бұл күні мәдениет үйінің залынан орын алған азаматшалар шынайы сый-құрметке бөленіп, зор ризашылықпен тарқасты.

Д.Батырхаирова

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75