Серпінге деген сенім артты

23 мамыр 2019

Серпінге деген сенім артты

«Мәңгілік ел жастары индустрияға»-«Серпін-2050» жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік жобалардың бірі. Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарына өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік туындап отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Жуырда Шу қаласындағы №40 шағын орталықты орта мектеп базасында «Серпін күні» кəсіби бағдар беру бойынша кездесу өтті. «Серпін күні» аясында ауылдық елді мекендерде  мектеп бітіруші түлектермен және ауыл жастарымен кездесулер ұйымдастырылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан, Солтүстік Қазақстан облысы Қарағанды қаласынан және Батыс Қазақстан облысы Атырау қаласынан жұмысшы топ келді. Өзге өңірден келген қонақтар аудандағы мектеп бітіруші түлектерге жоғарыда аталған облыстарда орналасқан Баишев университеті, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті сынды жоғарғы оқу орындары туралы мәлімет беріп, ондағы мүмкіндіктермен таныстырды.

Жұмысшы топ жобаның үш маңызды тұсын атап өтті.

Біріншісі, индустриалды-инновациялық жобаларға мамандарды даярлау, яғни жұмыс күші мол аймақтардағы жастарға сұранысқа ие кәсіби білім беруді ұйымдастырып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға тарту.

Екіншісі, кәсіптік бейімделу, оның маңыздылығы қоғамды «Серпін» жобасын іске асыру барысымен ақпараттандыру, техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттыру, жастардың кәсіп (мамандықтар) алуға деген оң көзқарасын қалыптастыру.

Сондай-ақ үшіншісі, жастардың әлеуеттік және жұмыссыздық мәселелерін шешу, яғни жоба түлектерін жұмыс күші тапшы аймақтарға жұмысқа орналасуға ықпал ету, жастардың еңбекпен және жұмыспен қамту жағдайларын  қамтамасыз ету, жастардың тұрғын-үй мәселесін шешу тетіктерін әзірлеу.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, насихат жұмысы нәтижесінде мектеп бітіруші түлектердің жобаға деген қызығушылығы еселене түсті.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (72638) 3 10 75